Иранда наразылық күшейді, елде интернет өшірілді

Ирандағы наразылық. 8 қаңтар 2026 жыл.

Иранда үкіметке қарсы жаппай наразылық күшейді. Батыс және араб ақпарат құралдары сөздерін келтірген куәгерлердің айтуынша, наразылардың саны тағы артқан, Тегеранда да қарсылық күшейген. Бірқатар қалада наразылар мен полиция күштері қақтығысып, әкімшілік ғимараттар өртенген.

Наразылық жайылып жатқан тұста билік тұтас елде интернетті өшірді. Соның салдарынан Ираннан үзік-үзік ақпарат түсіп жатыр және оларды тексеру қиын.

Наразылық 2025 жылдың желтоқсан соңында елде экономикалық ахуал қиындаған шақта басталған. Әуелі саудагерлер бастаған наразылыққа кейін студенттер мен өзге де топтар қосылған. Бірте-бірте наразылықта Иран басшыларына қарсы ұрандар айтыла бастады.

Куәгерлердің сөзіне сүйенген Reuters-тің жазуынша, ірі наразылық тек Тегеран емес, Мешхед және Исфахан қалаларында өтіп жатыр. Акцияны жалғастыруға 1979 жылы биліктен құлатылған ирандық шах Реза Пехлевидің шетелде тұратын ұлы да шақырған.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Иран билігі наразыларға күш қолданып, оқ атқанын хабарлады. Норвегиялық Iran Human Rights (IHR) ұйымының мәліметінше, наразылық басталғалы бері Иран күштері кемінде 45 адамды өлтірген: сегізі - кәмелетке толмаған, ал 7 қаңтар наразылар үшін ең қанды күн болды: 13 адамның өлгені расталып, екі мыңнан астам адам ұсталғаны белгілі болды.

Жұма күні мемлекеттік телеарналар арқылы шағын мәлімдеме жасаған Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеи халықты "бірлікке" шақырып, наразылар арасында АҚШ президенті Дональд Трамптың мүддесіне қарай қимылдап отырған "бүлікшілер" барын айтты. Ол сонымен бірге Трампты "Иран емес, Американың мәселелерімен айналысуға" үндеді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп наразыларды қолдаған. 8 қаңтарда Fox News телеарнасына берген сұхбатында ол Ирандағы жағдайды мұқият бақылап отырғанын айтып, Иран режимі құлауын да жоққа шығармаған. Ол Иран билігі наразыларды басып-жаншуын тыймаса, АҚШ Иран билігіне қарсы шара қолданатынын ескерткен. Ал Трамптың мәлімдемесіне орай Иранның өкілдері БҰҰ-на қайырылып, заңсыз қоқан-лоқы мен елдің ішкі мәселесіне араласуды айыптауды сұрады. Олар сонымен бірге аймақтағы Американың әскери базаларына соққы жасайтынын айтып, сес көрсетті.

Бұған дейін The Times басылымы барлау есебіне сүйене отырып, "Иранның 86 жастағы рухани көсемі, аятолла Әли Хаменеидің елде күшейіп келе жатқан наразылықтарды билік баса алмаған жағдайға дайындаған балама жоспары бар, ол – Ресейге қашу" деп жазған еді. Трамп та өзінде осыған ұқсас ақпараты барын айтып, Иран көшбасшысы Ресейге немесе басқа елге кетуі мүмкін екенін жеткізген.