Иранда қаңтардағы наразылыққа қатысқан тағы екі адам дарға тартылды

Ирандағы адам құқығын шектеу мен өлім жазасына наразылық білдіріп тұрған адамдар. АҚШ, Вашингтон, 16 мамыр, 2026 жыл.

Иран билігі қаңтардағы жаппай наразылықтарға қатысқаны үшін айып тағылған тағы екі адамды – Әбілфазыл Сепахи Баджани мен Әмірхоссейн Сафари Хоссейнабадиді Исфахан қаласында дарға тартты. Мұны 28 шілде күні Иранның мемлекеттік басылымдары хабарлаған.

Билік бұл екеуін 8 қаңтардағы наразылықтар кезінде қаза тапқан төрт полиция қызметкерінің өліміне қатысы бар деп өлім жазасына кескен. Сот процесінің егжей-тегжейі белгісіз.

Өлім жазасы туралы үкім орындалғаннан кейін әлеуметтік желілерде жарияланған видеода наразылық білдіріп тұрған бір топ адам көрінеді. Исфахан қаласында наразы адамдар мен қауіпсіздік күштері арасында қақтығыс болған деген ақпарат тарады.

БҰҰ-ның Ирандағы адам құқықтары жөніндегі арнайы баяндамашысы Маи Сато БҰҰ сарапшылары тобы Тегеранды Исфахандағы наразылықтарға байланысты өлім жазасына кесілгендерге сот үкімін орындауды дереу тоқтатуға шақырғанын мәлімдеген соң арада бірнеше сағат өткенде, 28 шілде күні таңертең Исфаханда екі адам дарға тартылған деп хабарлады Фарда радиосы.

Барлығы 12 адам өлім жазасына кесілген, билік олардың төртеуін дарға тартты. Адам құқығын қорғаушылар сот процесі әділ өткен жоқ дейді.

Биыл қаңтарда Иранда билік саясатына қарсы халық жаппай наразылық шеруіне шыққан еді. Өкімет күштері наразылықты күшпен басып-жаншыды, мыңдаған адам қаза тапты, өлгендер арасында құқық органдары қызметкерлері де болды. Наразылыққа қатысқан ондаған адам өлім жазасына кесілді. БҰҰ дерегі бойынша, қазірге дейін 20-ға жуық адамға шығарылған үкім орындалған. Ал адам құқығын қорғаушылардың дерегі бойынша, жыл басынан бері Иранда 300-ден астам адам дарға тартылған.