Иранда өзін зорламақ болған ер адамнан қорғанғанын мәлімдеген 23 жастағы Мәрзие Ниери өлім жазасына кесілді. Үкім 8 тамыз күні таңсәріде Казвин қаласының орталық түрмесінде орындалған. Мұны Euronews хабарлады. Ақпаратты Иранның Ұлттық қарсыласу (NCRI Women Committee) кеңесінің Әйелдер комитеті де растады.
Iran Human Rights құқық қорғау ұйымының мәліметінше, Мәрзие Ниери 17 жасында отбасының қысымымен мәжбүрлі түрде тұрмысқа шыққан. 2021 жылдың қазан айында 18 жастағы Мәрзие тап болған оқиға кейін оған өлім жазасына кесуге себеп болды.
Сотта берген жауабында Ниери күйеуінің іскер серіктесі мас күйінде өзіне тап беріп, зорлауға талпынғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, өзін зорламақ болған ер адамнан қорғану үшін асүй пышағымен қарсылық көрсетіп, әлгі кісіні өлімші етіп жаралаған. Алыс-жұлыс кезінде келіншектің күйеуі де қаза тапқан.
Ниери әлгі оқиғадан төрт күн өткенде, ағасының үйінде болғаннан кейін, полицияға өзі барып, болған жағдайды хабарлаған. Сот оның өзін-өзі қорғағаны туралы айтқан уәжін қабылдамаған. Марқұмдардың туыстарының талабымен әйелге Ирандағы исламдық құқық жүйесіндегі "қисас" қағидасы бойынша өлім жазасы кесілген. Бұл қағида "қанға – қан" принципіне негізделген жазалау тәртібін қарастырады.
Iran Human Rights ұйымының дерегінше, 2026 жылдың басынан бері Иранда өлім жазасына кесілген кемінде 14 әйелдің үкімі орындалған.
Иранда кейінгі жылдары әйелдерге өлім жазасын кесіп, үкімді орындау жиілеген. АҚШ мемлекеттік департаментінің мәліметі бойынша, 2025 жылы Иранда кемінде 61 әйелге өлім жазасы орындалған. Бұл кейінгі ширек ғасырдағы ең жоғары көрсеткіш әрі алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 70 пайызға көп.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, 2025 жылы өлім жазасына кесілген кемінде 21 әйел жұбайын немесе болашақ күйеуін өлтіргені үшін дәл осы "қисас" қағидасы бойынша сотталған. Олардың көпшілігі бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Сонымен қатар тым жастай мәжбүрлеп күйеуге беру, экономикалық басыбайлық және ажырасу мүмкіндігінің шектеулі болуы әйелдерді тағдыр азабынан құтылуына мұрша бермей, шарасыз күйге түсіреді дейді құқық қорғаушылар.
Иран әлемде өлім жазасын ең көп қолданатын елдердің бірі болып отыр. Құқық қорғау ұйымдарының есебіне сәйкес, 2025 жылы елде кемінде 1639 адам өлім жазасына кесілген, бұл – 1989 жылдан бергі ең жоғары жылдық көрсеткіш. Amnesty International ұйымының мәліметінше, 2025 жылы әлемнің 17 елінде өлім жазасы орындалған, ал жазалау саны бойынша Иран тек Қытайдан кейін қалып, екінші орында тұр.