Иранға қатысы бар делінген қазақстандық компания АҚШ-тың санкция тізіміне ілінді

Иранның авиация саласына қатысы бар делінген Алматыда шоғырланған "Тур Инвест" компаниясы АҚШ-тың санкциясына ілінді. 8 қыркүйекте АҚШ қаржы министрлігінің шетел активтерін бақылау жөніндегі басқармасы (OFAC) тізімді жаңартты. АҚШ президенті Дональд Трамп тамыздың соңында Иранға қарсы "ең жойқын экономикалық операция" бастайтынын айтып сес көрсеткен еді.

Америка ведомствосының хабарлауынша, қазақстандық компания ирандық Mahan Air әуе компаниясына қызмет көрсеткен.

Дегенмен Bloomberg-тің жазуынша, Вашингтонның санкциясы осы уақытқа дейін Тегеранның негізгі сауда әріптестеріне айтарлықтай әсер етпеген.

"Тур Инвест" компаниясы 2014 жылдан бері бар және бес адамнан аспайтын қызметкері бар шағын кәсіпорын ретінде тіркелген. Компания осыған дейін 18,2 млн теңге салық төлеген. Ресми тіркеу құжаттарында фирма бір ғана іспен айналысатынын – туроператор екенін көрсеткен.

Компанияның екі құрылтайшысы бар, біреуі Аңсар Дүйсенғалиев.

Екінші құрылтайшысы әрі директоры – Зиаи Бабак Әли. Оның Қазақстанда "Ирандық бизнес орталығы" да бар.

АҚШ-тың санкция тізімінде Қазақстаннан бөлек, Малайзия, Түркия, БАӘ, Ұлыбританияда тіркелген компаниялар бар. Олардың барлығының ирандық Mahan Air әуе компаниясымен байланысы бар деп айтылады.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Mahan Air бұған дейін Алматыға ұшатын тіке рейстері болған, қазір ұшу тоқтатылған.

Mahan Air 2011 жылдан бері АҚШ-тың санкциясына ілінген. Вашингтон тасымалдаушыны Иран ислам революциясы сақшылар корпусына көмектесті деп айыптайды. Америка билігінің дерегінше, Тегеран Американың авиация бөлшектері мен технологиясына астыртын қол жеткізу үшін шетелдік делдалдарды тартады.