Исламабадта мешітте болған жарылыстан 30-дан астам адам қаза тапты

Жарылыс болған мешіттің алдында тұрған жұрт пен полиция. Исламабад, Пәкістан, 6 ақпан, 2026 жыл.

6 ақпанда Пәкістан астанасы Исламабадта жұма намазы кезінде шиит мешітінде жанкешті жасаған жарылыс салдарынан 30-дан астам адам қаза тауып, 160-қа жуық адам жараланды. Полиция дерегіне сүйенген жергілікті билік өкілдері осылай деп хабарлады.

Жарылыс болған жерде түсірілген суреттерде мешіттің терезелері сынып, кілемдер қанға боялғаны, айналада қирандылар шашылып жатқаны көрінеді.

Полицияның екі өкілінің айтуынша, жанкешті мешіттің кіреберісінде өзін жарып жіберген.

Елдегі ең қатаң күзетілетін қалалардың бірі саналатын Исламабад әдетте мұндай шабуылдар сирек болады. Соған қарамастан, кейінгі жылдары Пәкістанда радикал топтар белсенділігі артқаны байқалып отыр дейді бақылаушылар.

Бұған дейін, былтыр 11 қарашада, Исламабадта тағы бір жанкешті жасаған теракт салдарынан 12 адам мерт болып, 27 адам жараланған. Ол кезде билік шабуылды Ауғанстан азаматы жасаған деп мәлімдеген еді, алайда жарылысқа жауапкершілікті ешкім мойнына алған жоқ.

Пәкістан халқының басым бөлігі исламның сүнниттік бағытын ұстанады, ал шииттер елде діни азшылықты құрайды. Бұған дейін шииттерді "кәпір" санайтын "Техрик-и-Талибан Пәкістан" радикал ұйымы шиит нысандарына жасалған бірнеше шабуылға жауапкершілікті мойнына алған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пәкістанда сепаратистердің шабуылы кезінде 80-нен астам адам қаза болды