Италия билігі әлдекімдер темір жолда диверсия жасамақ болғанын айтты

7 ақпанда Италияның солтүстігінде үш рет темір жол инфрақұрылымы бүлініп, жол қауіпсіздігіне әсер еткен, пойыздардың жүру кестесі бұзылған. Билік қысқы Олимпиада ойындарының өтуіне байланысты диверсия болуы болуы мүмкін деп болжады. Бұл жөнінде билік пен полицияға сүйенген Reuters жазды.

Атап айтқанда, сенбі күні таңертең Пезаро қаласы маңында белгісіз біреулер коммутаторды өртеп жіберген. Кейін Болоньеде жарылғыш зат табылып, электр кабельдері қиылған. Полицияның пікірінше, оқиғалардың бір-біріне қатысы бар. Әзірге, оқиғаларды ешкім мойнына алмады.

Италия көлік министрлігі оқиғаларды "саботаж" деп атады. Болонья станциясы бірнеше сағатқа жабылған. Пойыз қозғалысы сенбі күні кешке қалпына келтірілген.

7 ақпанда басталған қысқы Олимпиада ойындары Милан мен Кортина-д'Ампеццо қалаларында 22 ақпанға дейін жалғасады.

Жуырда Миланда шерушілер полициямен қақтығысты. Олимпиада ойынын өткізуге қарсы шамамен он мың адам көшеге шыққан, олардың басым бөлігі – "жасыл" және солшыл белсенділер. Жүз шақты наразы полициямен қақтығысқан, құқық қорғау органдары оларға су шашып, алты адамды ұстады.

Италияның премьер-министрі Джорджа Мелони наразыларды "Италия мен италиялықтардың жауы" деп атап, "олар осылайша халықаралық БАҚ-тың назарына ілініп, Италияның Олимпиаданы өткізу үшін салған күш-жігеріне селкеу түсіргісі келеді" деді. Билік әзірге күдіктілер туралы ештеңе айтпайды.

Олимпиада ойындарының ашылу рәсімі 6 ақпанда өткен. Оған әлемнің жүзге жуық елінен шамамен 3 мың спортшы қатысып жатыр. Италиядағы жарысқа барлығы 13 ресейлік атлет қатысуға өтініш білдірген. Олардың барлығы Украинадағы соғысқа байланысты бейтарап статуста яғни, жалаусыз, әнұрансыз қатысады. Топтық жарыстарға ресейліктер қатыса алмайды.