Италиядағы KNDS қорғаныс зауытында жарылыс болды

13 тамыз күні Италияның астанасынан оңтүстік-шығысқа қарай орналасқан Коллеферро қаласы маңындағы оқ-дәрі шығаратын зауытта күшті жарылыс болды. Оның дауысы бірнеше шақырым жерге естілген деп жазды Reuters.

Жарылыс зауыт аумағындағы өртті сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанда, өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері жүрген кезде болған. Француз-италиялық KNDS қорғаныс концерні жарылыстан зардап шеккендер жоқ деп мәлімдеді. Зауытты осы концерннің еншілес кәсіпорны – KNDS Ammo Italy басқарады.

Әлеуметтік желіде оқиға куәгерлерінің жарылыс болған сәтте түсірген видеосы тарады:

Италияның ANSA агенттігі жарылыс оқ-дәрі цехында болған деп хабарлады. Коллеферро қаласының мэрі Джулио Каламита журналистерге егер оқиға жазғы демалыс уақытынан басқа кезде болғанда, "қасіретке айналар еді" деген.

"Оқиғаның жай-жапсары мен нақты себептері анықталып жатыр" деп мәлімдеді KNDS компаниясы.

Кәсіпорын сайтындағы ақпаратта зауыт құрлықтағы және теңіз қорғаныс жүйелеріне арнап орта және ірі калибрлі оқ-дәрі шығаратыны, оған қоса аэроғарыштық зымыран-тасығыштарға арналған қатты зымыран отынын өндіретіні айтылған. KNDS Ammo Italy – 2023 жылы Еуропалық қорғаныс агенттігімен 155 миллиметрлік оқ-дәрілер жеткізу туралы келісімшартқа отырған мердігерлердің бірі.

KNDS холдингі Украинаға да қару-жарақ жеткізеді деп жазды The Moscow Times. Басылым зауыттағы жарылыс – Еуропа одағының Украинаға қару жеткізумен байланысы бар кәсіпорындарында кейінгі үш күнде болған екінші төтенше оқиға екеніне назар аударған.

10 тамызда Болгариядағы Белица ауылы маңындағы EMCO кәсіпорнында өрт шыққан еді. Кәсіпорын иесі бизнесмен Эмилиан Гебревтің компаниялары 2014 жылдан бері Украинаға қару-жарақ жеткізумен айналысады. Жүк көлігінен басталған жалын кейін оқ-дәрі қоймасын қоса шарпып, оның аяғы жарылысқа ұласқан. 300-ге жуық қызметкер эвакуацияланған, ешкім зардап шекпеген. Бұл оқиғаның себептері де тексеріліп жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Италия билігі әлдекімдер темір жолда диверсия жасамақ болғанын айттыПольшада диверсия күдігіне ілінген тоғыз адам қамалдыЧехия билігі әскери қоймадағы жарылыс туралы құпия құжатты жойып жібергенВильнюс әуежайы маңында DHL компаниясының жүк таситын ұшағы құладыFT: Ресей Еуропада диверсия ұйымдастыруы мүмкін