Израиль Ливанның оңтүстігінде құрлықтағы операциясын кеңейтпек

Ливанмен шекарада жүрген Израиль армиясы жауынгерлері.

Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Иранды арқаланған "Хезболла" тобының (АҚШ пен Израиль оны террористік топ деп таныған) тоқтаусыз зымыран және дрон шабуылдарынан кейін Ливанның оңтүстігіндегі әскери операцияларды кеңейтетінін жариялады.

Израиль әскері елдің солтүстігіндегі елді мекендерді қорғау үшін шекарада қосымша қауіпсіздік аймағын құру мақсатында Ливанға дендеп еніп жатыр. Қазір ЦАХАЛ бөлімшелері шекарадан жеті-тоғыз шақырымға дейін тереңге – "қауіпсіздік аймағына" еніп кетті.

"Бұл операция солтүстік аймақ тұрғындарына төнген қауіп-қатерді жою және қосымша қауіпсіздік қабатын жасау мақсатында террористік инфрақұрылымды құрту мен осы ауданда әрекет ететін террористерді жоюды қамтитын майдан қорғанысын құру жөніндегі күш-жігердің бір бөлігі", делінген ЦАХАЛ таратқан мәлімдемеде .

Израильдің қорғаныс министрлігі сонымен қатар үкіметтен резервтегі азаматтарды әскерге шақырудың ең жоғарғы шегін қазіргі 280 000 адамнан 450 000 адамға дейін ұлғайтуды сұрап отыр. Сонымен қатар, қорғаныс министрлігі Ливанда бұрыннан бар бес бекетке қосымша 13 бекет құру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Әскери бағалаулар бойынша, бұл позициялар танкке қарсы қауіпті ауыздықтауға және "Хезболла" тобының "Радван" арнайы күштерінің Израиль елді мекендеріне шабуыл жасау қатерінің алдын алуға көмектесуі керек.

Сарапшылар әскер қатарына бұрын-соңды болмаған көлемде адам шақыру операцияға дайындықтың маңыздылығын көрсетеді дейді.

Солтүстік әскери қолбасшылықтың жоғары лауазымды қызметкері Ливандағы соғыс қимылдары кемінде Шавуот мерекесіне дейін (биыл 21-23 мамырда атап өтіледі) жалғасуы мүмкін деп топшылады.

9 наурызда ЦАХАЛ "алғы шептегі қорғаныс позицияларын одан әрі нығайту" және Израильдің солтүстігіндегі тұрғындарын қорғау үшін Ливанның оңтүстігінде "Хезболлаға" қарсы "шектеулі құрлық операциясын"бастаған еді.