Израиль мен Ливан көп жылдан бері алғаш рет тікелей келіссөз өткізді

Суретте солдан оңға қарай:АҚШ мемдепартаменті кеңесшісі Майкл Нидхэм, АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі Майк Уолц, АҚШ мемхатшысы Марко Рубио, АҚШ-тың Ливандағы елшісі Мишель Исса, Ливанның АҚШ-тағы елшісі Нада Хамаде Муавад және Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтер. 14 сәуір, 2026 ж.

14 сәуір күні Вашингтонда Израиль мен Ливан дипломаттары тікелей келіссөз өткізді. Екі ел арасында кейінгі отыз жылдан астам уақыт ішіндегі осындай жоғары деңгейдегі алғашқы бетпе-бет кездесу өтуіне АҚШ арағайын болды.

Кездесу АҚШ Мемлекеттік департаментінде өтті. Алдымен АҚШ, Израиль және Ливанның жоғары лауазымды өкілдері қатысқан ашық сессия ұйымдастырылып, одан кейін келіссөз жабық форматта жалғасты. Жиынға Израильдің АҚШ-тағы елшісі Йехиэль Лейтер мен Ливанның АҚШ-тағы елшісі Нада Хамаде-Муавад қатысты.

Келіссөзден кейін елші Лейтер "өте жақсы" пікір алмасу болғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, екі тарап та Иран қолдайтын "Хезболла" тобына қатысты қауіпсіздік мәселелерінде ортақ ұстаным табуға мүдделі. Ливан тарапы бұл мәлімдемеге әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

"Хезболла" – Ливанның оңтүстігінің басы бөлігін бақылауында ұстап отырған, ымырасыз қарулы күрес жүргізетін топ әрі саяси партия. АҚШ оны террорлық ұйым деп санайды, ал Еуроодақ оның тек қарулы қанатын "қара тізімге" енгізген.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің қорытынды мәлімдемесіне сәйкес, Вашингтондағы АҚШ ұйымдастырған үшжақты кездесуден кейін Израиль мен Ливан келісілген уақыт пен орында тікелей екіжақты байланыстарды бастауға уағдаласқан. Мұндай қадам екі тарап арасындағы әрі қарайғы жүйелі диалогқа негіз болады деген пікір айтылып жатыр.

Вашингтондағы кездесу алдында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио оны "тарихи мүмкіндік" деп атап, ондаған жыл бойы қордаланған мәселелер тез арада шешілмейді деп ескертті. Соған қарамастан, оның сөзінше, тараптар алға жылжып, ұзақмерзімді әрі орнықты оң өзгерістерге негіз болатын құрылымды қалыптастыра алады.

АҚШ тарабы келіссөздердің мақсаты тек қысқа мерзімді шиеленісті бәсеңдету емес, сонымен бірге Ливанның оңтүстігіндегі тұрақсыздықтың ұзақмерзімді себептерін талқылау екенін айтты.

Келіссөз қарсаңында ливандық ресми тұлғалар елші Нада Хамаде-Муаввадтың мандаты негізінен атысты тоқтату мәселесімен шектелетінін айтқан. Ал Израиль билігі бұл тақырыпты күн тәртібіне шығаруға ниетті емес екенін білдірген. Израиль сыртқы істер министрі Гидеон Саардың айтуынша, негізгі назар "Хезболланы" қарусыздандыруға аударылады; оның сөзінше, осы мәселе шешілмейінше, қандай да бір бейбіт келісім немесе қарым-қатынасты қалыпқа келтіру мүмкін емес.

Вашингтонда Ливан мен Израиль өкілдерінің кездесуі өтетіні 7 сәуірде жарияланған. Иран бұған дейін Израильдің Ливандағы "Хезболлаға" қарсы әскери операциясын тоқтату – Вашингтон мен Тегеран арасындағы атысты тоқтату жөніндегі келісімнің ажырамас бөлігі болуы тиіс деп мәлімдеген. Израиль оған қарсы уәж білдірген.