Израильдегі парламент сайлауы: бірде-бір партия басым түскен жоқ

Сейсенбі күні Израильде өткен парламент сайлауы, жетекші телеарналар жүргізген экзитполдың нәтижесіне қарағанда, саяси тығырықпен аяқталды. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху жетекшілік ететін «Ликуд» партиясы да, оның басты қарсыласы, Израиль қарулы күштері бас штабының бұрынғы қолбасшысы, «Яшар» партиясының жетекшісі Гади Айзенкот та 120 орындық Кнессетте басымдыққа ие болуға жеткілікті дауыс жинай алмай отыр.

Дегенмен Айзенкот бастаған блок Нетаньяху коалициясынан сәл алда келеді. Оппозиция 52–53 орынға, ал Нетаньяху бастаған блок 50 орынға ие болуы мүмкін.

Соған қарамастан экзитполдың нәтижесіне қарағанда, Нетаньяху жетекшілік ететін «Ликуд» партиясы Израиль парламентіндегі ең ірі жеке партияға айналатынын да көрсетіп отыр. Ол 24–25 мандат алуы ықтимал.

Израиль парламентіне Нетаньяху блогына да, оның қарсыластарына да қосылмаған бірқатар саяси күштер өтуі ықтимал. Ал араб партиялары бұрын-соңды болмаған жоғары нәтижеге қол жеткізіп отыр деп жазады The Times of Israel.

Дауыс берудің алдын ала нәтижесі сәрсенбі күні жариялануы мүмкін. Ал ресми қорытынды қарашаның басында жарияланады деп айтылады.

Бұл жолғы сайлауда дауыс берушілердің белсенділігі 1973 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке жеткені айтылып отыр. Сайлау учаскелерінің алдында ұзын-сонар кезек пайда болған. Бір күн бұрын дауыс беру аяқталған кезде елдегі сайлаушылардың 74,3 пайызы дауыс бергені хабарланды. Мысалы, 2022 жылғы алдыңғы сайлауда бұл көрсеткіш 66,3 пайыз болған. Израильде дауыс беру құқығына ие азаматтардың жалпы саны 7 миллионнан асады.

Бұл — 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС бастаған радикалды діни топтардың Израильдің оңтүстігіне жасаған шабуылынан бергі және одан кейін Газа секторындағы әскери қимылдар, Ливан соғысы мен Иранмен әскери қақтығыстан кейінгі алғашқы сайлау.

Көпшілік бұл сайлауды ел тарихындағы тағдыршешті сайлаулардың бірі деп санайды. Сондай-ақ сайлау Нетаньяху үкіметінің саясаты мен оның әсіре оңшыл коалициясына берілген баға ретінде қабылданып отыр.

Reuters агенттігінің жазуынша, Биньямин Нетаньяху үкіметінің саясаты Израиль қоғамындағы жікшілдікті тереңдетіп, елдің халықаралық оқшаулануын күшейткен. Алайда Нетаньяху өзін мемлекет жауларына қарсы тұруға батылы жеткілікті, табанды жалғыз көшбасшы ретінде көрсетеді.

Нетаньяхудың сыншылары үш жыл бұрын ХАМАС-тың жаппай шабуылына жол берген қателіктер үшін жауапкершілікті премьер-министрге жүктейді. Ал Нетаньяху мұны жоққа шығарады.