Ауғандықтар Наурыз тойы орнын өзгерткен үкіметке наразы

Пагман сарайы маңында тұрған Ауғанстан қауіпсіздік күштері қызметкерлері. 13 наурыз 2014 жыл.

Наурыз мерекесін бірнеше миллион доллар жұмсап арнайы салынған сарайда өткізуден бас тартқан ауған үкіметі сынға қалды. Кабул жұртшылығы үкіметті тиянақсыз деп айыптады.
Пагман төбесінде орналасқан сарайдың құрылысына бір жыл және 10 миллион доллардан аса қаражат жұмсалды. Ауғанстандағы жылдың ең елеулі оқиғаларының бірі – халықаралық Наурыз мерекесі осы сарайда өткізіледі деп жоспарланған еді.

Бірақ ауған үкіметі бастапқы жоспарын бір сәтте өзгертіп жіберді. Наурызды тойлау үшін арнайы салынған Пагман сарайында наурыздың 27-сі күні біркүндік шара өткізілмекші еді. (Пагман – Кабул маңында орналасқан курорттық әсем қалашық). Енді ол жоспар өзгеріп, мейрам астанадағы берік қорғалатын президент сарайында өткізілді.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ

Наурыз тойы өтетін орынның ауыстырылғанына үкіметтің берген ресми түсініктемесінде «сарайдағы құрылыс жұмыстары әлі аяқталмағаны» айтылған. Бірақ Кабул халқы себепті үкіметтің өзінен көріп отыр: «олар – немқұрайды әрі шаруаға қырсыз» дейді. Бұған қоса «үкімет шара қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмағандықтан осындай шешім қабылдаған» деген тағы бір пікір бар. Алайда Кабул «шешімге қауіпсіздік мәселесі еш ықпал еткен жоқ» деп отыр.

Халықаралық Наурыз фестивалі 700-ге жуық жергілікті және шетелдік лидерлердің

Наурыз мейрамы кезінде билеп жүрген түркімендер. Кабул, 27 наурыз 2014 жыл.

басын қосады. Оған Орталық Азия мемлекеттерінің, Иран, Ирак, Пәкстан және Әзірбайжанның басшылары қатысады. Жоғары лауазымды делегациялар наурыздың 27-сі күні аймақтық қауіпсіздік пен саудаға қатысты жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіп, одан соң президент бақтарында тойланып жатқан Наурыз думанына қатысады деп жоспарланған.

Мерекелік бағдарламаға 11 елдің дәстүрлі билерін орындап, ұлттық тағамдарын әзірлеу, жергілікті музыканттар концерті, көркемөнер мен шеберлік көрмесі енгізілген.

Кабулда қауіпсіздік мұқият бақылауға алынған. Бірнеше мың сарбаз және полиция қызметкерлері кез келген ықтимал шабуылға жоғары дайындық күйінде отыр. Кабулдың басты жолдарының көбісі жабылған немесе қоршап тасталған. Ал адамдарға үйлерінде қалуға кеңес берілген.

Әуелгі жоспар бойынша мереке арнайы салынған үшқабатты Пагман сарайы мен аумақты бақта өткізілмекші болған. Енді сарайды оның төңірегімен бірге президент резиденциясы ретінде пайдалану көзделіп отыр. Сонымен қатар, бұнда шетелдік қонақтар күтілетін болады.

МИНИСТРЛІК ҚҰРЫЛЫС АЯҚТАЛҒАНЫН МӘЛІМДЕГЕН

Ауған үкіметі Пагманда жоспарланған мерекенің болмай қалуына бұлыңғыр түсініктеме берді.

Фестивальді өткізу үшін үкімет тағайындаған Наурызды тойлау комитетінің басшысы Гүл Аға Ахмади: «Сарай құрылысы аяқталып бітпеген соң, үкімет өткізілетін орынды

Ауғанстан президенті Хамид Карзай (оң жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (ортада) Наурыз мерекелік шарасында. Кабул. 27 наурыз 2014 жыл.

өзгертті» деді. Ахмади бұл оқыс шешімге қауіпсіздік мәселесінің еш қатысы жоқ деп отыр.

Бірақ, үкіметтің орын жайлы шешімі соңғы уақытта болған бірқатар қантөгісті шабуылдардан кейін қабылданған. Елдің жер-жерінде іске асырылған бұл операциялардан ондаған адам қаза тапқан. Қантөгістер сәуірдің 5-іне жоспарланған президенттік сайлаудың алдында жиілеп кетті. Бұдан бұрын содырлар президенттік сайлауды өткіздірмеуге күш салатыны жайлы уәде еткен еді.

Бұған қоса, қала құрылысы мен баспана министрлігі сарай құрылысының аяқталғанын және «қонақтарды күтуге дайын» екенін өткен аптада-ақ мәлімдеп қойған.

«САЛДЫР-САЛАҚ ҮКІМЕТ»

Ауған депутаттары мен азаматтары үкіметтің мереке орнын өзгертуге қатысты шешіміне наразы. Кабул тұрғыны Сайед Мухаммад «Наурыз мерекесі – елдің бай мәдениеті мен дәстүрлерін паш етуге бірден-бір мүмкіндік» екенін айтады. Бірақ үкіметтің мейрам өтетін орынды өзгерту туралы шешімі елдің наразылығын тудырды дейді ол.

«Бұл масқара ғой. Үкімет шараның егжей-тегжейіне дейін ұйымдастыруы тиіс болатын. Пагманға келетін шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін де алдын ала ойластырып қоюлары керек еді» дейді ол.

Парламент мүшесі Ғұлам Хусейн Насери де мерекелік шаралар өтетін орынның соңғы сәтте өзгертілуіне сынмен қарайды. «Наурыз фестивалін Пагманда өткізу былтырдан бері жоспарланып келген» деді ол наурыздың 25-і күні. «Үкімет тууы

Жаңадан салынған Пагман сарайы. Кабул, 13 наурыз 2014 жыл.

мүмкін қауіпсіздік проблемалары жайлы күні бұрын ойлануы тиіс еді. Бұл – олардың салдыр-салақтығының белгісі» дейді Насери.

Кабулдың тағы бір тұрғыны Абдул Азиз «Үкіметтің орынды кенеттен өзгертуіне қатысты ресми түсініктемесі – өтірік» дейді. Ол «үкімет бар болғаны қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қауқарсыз» деген пікірде.

«Үкімет «қауіпсіздікті қамтамасыз етеміз» деумен болды. Олар тағы «армия мен полициямыз бар, 100 пайыз қауіпсіздік қамтамасыз етіледі» деп даурығады. Бірақ бұлай етуге олардың шамасы жетпейді. Күн сайын жер-жерде шабуылдар болып жатыр» дейді Кабул тұрғыны.

(Фруд Бежанның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)