Кәсіби қызметке тыйым: "Әділ сөз" Жоғарғы соттан 50-бапты қолдану тәжірибесін қайта қарауды сұрады

Қазақстанда журналистикамен айналысуға тыйым салу жиіледі. Азаттық коллажы.

"Әділ сөз" баспасөз бостандығын қорғау ұйымы Жоғарғы сотқа қайырылып, кейінгі кезде Қазақстанда журналистерге қосымша жаза ретінде кәсіби қызметке тыйым салу тәжірибесі жиілеп кеткенін айтып, Қылмыстық кодекстің 50-бабын қолдану тәжірибесін қайта қарауды сұрады. Қор өкілдерінің айтуынша, бұл бап кәсіпке ғана шектеу қоймай, азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіреді.

"Соңғы айларда сот шешімімен мұндай тыйым ҚазТАГ агенттігінің иесі Әсет Матаевқа, агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновке, журналист Александра Алеховаға және 18 тамызда Orda.kz сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкеноваға салынды" деп еске салады қор.

Қордың заңгері Сергей Уткин Қылмыстық кодекстегі 50-баптың журналистерге, атап айтқанда, Әсет Матаев пен Әмір Қасеновке қатысты қолданылуын талдаған. Сот оларға бес жыл журналистік және қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салған еді.

"Әділ сөздің" айтуынша, мұндай шектеулер журналистік қызметке ғана шектеу қоймайды. Үкім бойынша, ҚазТАГ журналистеріне 5 жыл масс-медиа және онлайн-платформа құруға және оның қызметіне қатысуға, журналист, блогер болып жұмыс істеуге, материал жариялауға, эфирге шығуға және сұхбат беруге тыйым салынған.

Бұған қоса, конференция, пікірталас, телешоуға қатыса алмайды, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тақырыптар бойынша пікір және басқа да контент жариялай да алмайды. Одан бөлек, журналистерге әлеуметтік-саяси немесе қоғамдық қызметке қатысы жоқ тақырыптарды талқылау үшін онлайн-платформаларға шығуға, сот мониторинг жүргізу немесе дөңгелек үстелге, семинарға және басқа да қоғамдық іс-шараларға қатысуға, құқық қорғау қызметімен айналысуға да тыйым салынған.

"Іс жүзінде сот журналистерді өз кәсібімен айналысуға тыйым салып қана қоймай, оларды сөз бостандығына, шығармашылық еркіндікке және жеке пікірге ие болу құқығына қатысты конституциялық құқықтары мен бостандықтарынан да айырды. Қор мұндай жазаны іс жүзінде «азаматтық өлім жазасының» бір түрі деп сипаттайды. Өйткені шектеулер журналистердің кәсіби қызметінен тысқары шығып, олардың өз пікірлерін ашық білдіру және қоғамдық өмірге қатысу мүмкіндіктерін де шектейді" деп жазды қор.

Қор өкілдері кәсіби қызметке тыйым салу цензураға айналып барады дейді.

Олардың айтуынша, журналиске 50-бап қолданылса, іс жүзінде оны болашақта кез келген материал жазу мүмкіндігінен де айырады.

"Журналист балалар ертегісін жазып, жариялауға шешім қабылдаса да цензор-судья бұл ертегіге де алдын ала тыйым салады" дейді қор өкілдері.

"Әділ сөз" Жоғарғы сотқа бірыңғай ереже бекітуді ұсынады. Атап айтқанда, нормативтік қаулы әзірлеп, кәсіби қызметке тыйым салу мен негізгі адам құқықтарына қойылатын шектеулерді нақты ажыратуды ұсынады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құқық қорғау ұйымдары Құрылтай сайлау қарсаңда журналистерді қудалауды доғаруды талап етті

"Қылмыстық кодекстің 50-бабын журналистің болашақтағы кез келген мақаласына, айтқан пікірі мен шығармашылық қызметіне алдын ала тыйым салу құралына айналдыруға болмайды. Қор Жоғарғы соттан осы қосымша жазаны қолданудың бірыңғай әрі нақты шегін белгілейтін құқықтық түсіндірме алуды көздейді" деп тұжырымдайды қор.

  • Қазақстанда кейінгі айларда сотталған бірқатар журналиске негізгі жазадан бөлек, журналистикамен әрі қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салына бастады.
  • Шілдеде Алматы соты ҚазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновті "көрінеу жалған ақпарат таратты" деп танып, 1 жыл 3 айға бас бостандығын шектеді."Бұзақылық" бабы бойынша агенттік директоры Әсет Матаевқа да үкім шықты. Бұған қоса, сот Қасеновке 5 жыл, ал Матаевқа 3 жыл журналистикамен айналысуға тыйым салды.
  • Былтыр желтоқсанда теміртаулық журналист Олег Гусевке де Алматы соты журналистік қызметіне тыйым салды. Былтыр желтоқсанда сот оны мақаласында кейіпкердің жеке дерегін жариялады деп айыптап, 3 жылға шартты түрде соттаған. Дәл сол кейіпкер туралы жазған тағы бір журналист Александра Алехова да биыл 3 тамызда 3 жылға сотталды. Негізгі жазадан бөлек, Алеховаға да 3 жылға кәсібінен шеттетілді.
  • Ал 21 шілдеде саяси сатирасымен танымал журналист, "Ахуал Сегодня" YouTube арнасының авторы Азамат Омаров екі айға қамалды. Оған "алауыздық қоздырды" деген айып тағылған. Омаров қазіргі биліктің саяси шешімдерін әзіл араластырып, көрерменге жеткізіп келген. Оның YouTube-тегі аккаунты өзі қамалғаннан кейін өшіп қалды.
  • Одан бөлек, тамыздың ортасында сот Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенованы 8 жылға бас бостандығынан айырып, кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазаны орындауды екі жылға шегерген. Оған да кәсіби қызметпен айналысуына тыйым салды.
  • Құқық қорғаушылар мұны сөз бостандығын шектеу және медиакеңістіктегі ішкі цензураны күшейту деп бағалады.