Каспийдегі ауыр оқиға: өткір жазба жариялаған кейбір қолданушылар полиция хабарласқанын жазды

Каспий теңізіндегі іздеу-құтқару операциясы. Маңғыстау облысы 24 қыркүйек 2026 жыл. Қорғаныс министрлігі таратқан сурет.

Каспийдегі ауыр оқиғаға қатысты пікір білдірген кейбір қолданушылар өздеріне полиция хабарласып, жазбаны өшіруді сұрағанын жазды.

Сондай тұрғындардың бірі Темірлан есімді қолданушы Instagram желісінде өзіне қысым жасалғанын хабарлап, “өзін Алматы қалалық полиция департаментінің қызметкері” деп таныстырған адаммен болған диалогты жариялады.

Бір күн бұрын қолданушы Threads-те қорғаныс министрі мен әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысын сынап, жазба жариялаған еді.

Оған хабарласқан “полиция департаментінің қызметкері” жазбада “трибунал”, “ату” сияқты қатты сөздер қолданылғанын айтып, “жазбаны өшіруді” сұрайды. Ол сонымен бірге қолданушыны "халыққа қарсы әрекет етті" деп айыптайды. Ал қолданушы өзінің жеке пікірін айтқанын, "халыққа шын мәнінде қарсы әрекет еткендерді" табуға кеңес береді.

"Мәселе неде? Түсіндіріп жібересіз бе?" деген қолданушының сұрағына полиция өкілі "митинг қайталанбас үшін. Жазбаға көп жаман комментарийлер жазылып жатыр" дейді. Ал қолданушы азаматтық ұстанымын жеткізгенін, басқа адамдар үшін жауап бере алмайтынын, балағат сөздері бар комментарийлерді өшіріп тастағанын айтады. Халықтың ашуланса, оған негіз барын жеткізеді. Жазбаны өшіруден бас тартады.

Желіде өзге азаматтар да осыған ұқсас оқиға болғанын жазды.

Мысалы, Facebook қолданушысы Серік Жұмаділов Threads-тегі жазбасы үшін өзіне полиция хабарласқанын жазды.

Алматы полициясы әзірге түсініктеме бермеді.

24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде қатты жел кезінде 17 әскери қызметкер (бастапқыда билік 19 деген, кейін ақпаратті түзеді – ред.) суға батып кетті. 14-і қаза болды, үшеуі құтқарылды.

Оқиғаға байланысты "Қызметке салғырт қарау" және "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған. Әскери жаттығу кезіндегі сарбаздардың қазасынан соң әскери-теңіз күштері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскері ротасының және "Қайсар" қатерінің командирлері – барлығы бес адам ұсталды.