Маңғыстау облысында әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде жел күшейіп, 19 әскери қызметкерді су ағызып әкетті. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 9 әскери қызметкер қаза болды. Үш адам құтқарылды, біреуі ауруханаға жатқызылған. Қалғаны іздестіріліп жатыр.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына әскери-теңіз күштерінің, төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.
Оқиға орнына қорғаныс министрі қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанған деп айтылады. Ведомство қаза болғандар азаматтардың отбасына көңіл айтып, тиісті көмек беруге уәде берген.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонында әскери жаттығу кезінде опат болған сарбаздардың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Жедел тергеу тобы құрылды. Тергеушілер оқиғаның жай-жапсарын анықтап, тиісті сараптама жүргізілетіні айтылды. Бас прокуратура тергеу ерекше бақылауда болатынын хабарлады.
Ақтаудағы Lada.kz басылымы оқиға орнында жүрген тілшісіне сүйене отырып, іздеу-құтқару жұмысы кезінде тағы екі әскери қызметкердің денесі судан шығарылғанын жазды. “Атамекен” басылымы қаза болғандар 12-ге жеткенін хабарлады. Бірақ дереккөзін айтпады.
Қорғаныс министрлігі әзірге, ресми түрде растамады.
2015 жылы да Ақтаудағы "Орталық - 2015" оқу-жаттығу кезінде төрт әскери қызметкер суға кетіп қаза болған еді. Сол кезде алты БТР-80 көлігі мен 52 әскери қызметкер теңізге шығып, қатты желдің салдарынан көліктер суға батып кеткен. Төрт сарбаз да опат болған. 2016 жылы күзде Ақтау гарнизон соты алты офицер мен әскери қызметкерді "жаттығу жүргізу ережесін бұзғаны үшін" 2,5 жылға дейін түрмеге кесті.