KAZ Minerals шахтасында жұмысшы қаза болды

KAZ Minerals шахтасында жұмысшы қаза болды. Компанияның хабарлауынша, оқиға 9 мамырда Шығыс Қазақстан облысы “Шығыстүстіметке” қарасты Артемьев шахтасында болған.

“Алдын ала мәлімет бойынша, жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде шаң және желдету қызметінің механигі шамамен 9 метр биіктіктен құлап, алған жарақаттан мерт болды” деп жазылған компанияның хабарламасында.

Оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылған. Тергеу жүріп жатыр.

Компания марқұмның отбасына барлық қажет көмек беруге уәде берген.

Қазақстанда өндіріс, еңбек қауіпсіздігі мәселесі өткір болып тұр. Бұл әсіресе, жерасты шахталары мен кеніш орындарына қатысты.

Биыл 27 сәуірде KAZ Minerals қарасы Орлов шахтасында тау массасы опырылып түсіп, екі жұмысшы астында қалған. Бірі сол орында мерт болды. Екінші жұмысшыға медициналық көмек берілген. Полиция қылмыстық іс қозғаған. Сол кезде де арнайы комиссия "оқиғаның жай-жапсарын анықтап жатқаны" хабарланған еді.

Тау-кен металлургиясымен айналысатын KAZ Minerals құрамына Павлодар облысындағы Бозшакөл және Абай облысындағы Ақтоғай ашық кен орындары, Шығыс Қазақстан облысындағы жер асты кеніштері (Артемьев, Орлов және Ертіс), сондай-ақ Қырғызстандағы Бозымшақ алтын-мыс кен орны кіреді.

Компанияның акционері – 65 жастағы миллиардер Владимир Ким. Биыл Forbes журналы оның байлығын 5,9 миллиард доллар деп бағалаған, былтырғымен салыстырғанда 200 миллион долларға өскен.