Қазақстанға алғаш келген қазақтың алған әсері

Салт атты қазақ мал айдап бара жатыр. Алтай аймағы, Қытай. (Көрнекі сурет)

Осы аптада Қытайдағы қазақтардың senkazakh.com және kultegin.com сайттарында Қазақстанға көшу тақырыбы тағы да жазылды.
Синьган қаласында жұмысын жаңадан бастаған kultegin.com сайты Қазақстанға көшіп барған қазақтар туралы әңгіме қозғады.

«Ауыл арасында, кейбір той-жиын, отырыстарда «Ой, Қазақстанды қой. Құдай Қытайымыздан айырмасын. Барғанды да көріп жүрміз. Тіпті, пәлен жерден пәленшекең малын, жерін сатып кетіп еді, күнін көре алмай қайтып кепті» деген өсектерді естіп жүрміз» дейді Қазақстанға тұңғыш рет барып келгенін жазған сайт оқырманы.

Автор сонымен бірге Қазақстанда сырттан келген кейбір қазақтардың «үш қабатты үй салып, мамыражай тірлік кешіп жатқанын» мысалға келтіреді.

«21 күндік сапарымда көргендерім - адамдары сондай кішіпейіл, әдепті. Басымдылығы - «ертеңім қайтеді» деген уайым-қайғысы жоқ. Тек денсаулық пен демалысты ұштастырған, бірлігі жарасқан ел» деп жазыпты автор.

Сонымен бірге сайтта Қытайдың Алтай аймағында тұратын айтыскер ақын Мұрал Темірханұлының осы аптада жол апатынан қаза тапқаны жайлы ақпарат жарияланған. Ақын осыдан жиырма күндей бұрын 39 жасқа толған еді.

Оқырмандарының бірі kultegin.com сайты бас аппаратының Шяңган қаласына көшкелі «Қорғаныш ішіндегі бауырластардың шолу қарқыны баяулап қалды. Алайда алынбас қамал жоқ. Тек жақсы саясаткерлеріміз аман болсын» деп жазыпты.

КӨШКЕ НЕ КЕДЕРГІ?

senkazakh.com сайтында «Көші-қонның тоқырауына не себеп болып отыр?» деген тақырыппен жүргізілген сауалнамаға 178 адам қатысқан. Оның 49,44 пайызы «Қазақ елінің көші-қон саясатынан» деп санайды екен. Сауалнамаға жауап бергендердің 33,71 пайызы «Көшемін, бірақ қазір жағдайым жоқ» депті. Сонымен бірге 6,18 пайызы әзірге Қазақстанға көшуді ойластырмайтынын білдірсе, мүлде көшкісі келмейтіндер 2,25 пайызды құраған. Ал сауалнамаға қатысқандардың 8,43 пайызы «Жергілікті орынның құжатты рәсімдеуі қиын» деген пікірде.

Осы сайтта жариялаған мақалалардың тағы бірінде Бейжиңде «Мао зи дуң» атты телефильм түсірілетіні туралы ақпарат жарияланыпты. «Хабарға қарағанда бұл фильм 100 сериядан тұрады. Басқы болымы 60 серия екен. Және бұл фильмге Жанар Сағатқызы режиссер болады екен» деп жазыпты senkazakh.com сайты.