Face ID мен камералар. Қаңтар кезінде өртенген Алматы қаласы әкімдігін қайта жаңартты

Жөнделіп, қалпына келтірілген Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты. 3 қазан, 2023 жыл.

2022 жылы Қаңтар оқиғасы кезінде өртеніп, қатты зақымданған Алматы қаласының әкімдігін жөндеу жұмыстары аяқталды. Шенеуніктер ғимараттың тарихи пошымы толығымен қалпына келтірілді дейді.

Қаңтар оқиғасы кезінде әкімдіктің сырты ғана емес, 80 пайызы қатты зақымданған. Былтыр қаңтардағы дүрбелеңде ашулы адамдар тобы ғимаратқа шабуылдап, өртеген еді. Әкімдікті жөндеуге бюджеттен 17 миллиард 147 миллион теңге бөлінген. Ғимаратты қалпына келтіру құқына тендерде бәсекесіз ие болған мердігер – "Атрикс-Строй" компаниясы Алматы қалалық мәслихатының депутаты Әміржан Набиевке тиесілі.

Қалпына келтірілген әкімдік ғимараты. Алматы, 3 қазан, 2023 жыл.

Жалпы көлемі 33 мың шаршы метрден асатын ғимаратта 700 орынға есептелген 360 кабинет бар. Жаңғыртылғаннан кейін кабинеттердің көлемі өзгерген жоқ дейді шенеуніктер. Ғимаратта қала әкімінің аппараты мен 14 басқарма орналасады.

Өртеніп жатқан қала әкімдігі. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл

Ғимаратты жөндеу жұмысы бір жарым жылдан артық уақытқа созылды. Әлі де толық біткен жоқ. Мысалы, мәжіліс залы қарашада пайдалануға беріледі деп уәде етіп отыр. Журналистерді толық жөнделіп біткен кабинеттерді аралатты, бірақ мәжіліс залын көрсетпеді.

Қала әкімдігінің өрттен кейінгі суреті. Алматы, 29 қаңтар, 2022 жыл

Қаңтар оқиғасынан кейін әкімдік осындай кейіпке түскен еді. Өртенген ғимаратты жасыл түсті құрылыс торымен жауып қойды. Әкімдік бірнеше ай бойы осылай тұрды.

Әкімдік ғимаратын қалпына келтіру бойынша тендерді Алматы қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Әміржан Набиевтің (ортада) компаниясы жеңіп алды.

– Жобалау және жөндеу жұмыстары кезінде ғимараттың бұрынғы сыртқы пішінін қалпына келтіруге тырыстық, – деді журналистерге Әміржан Набиев. – Ғимараттың ішінде энергия үнемдейтін технологиялар қолданылды, барлығы өртенбейтін материалдардан жасалды. Барлық қабатта бақылау жүйесі орнатылды. Әлдебір төтенше жағдай бола қалғанда төнетін қауіп-қатердің барлығын ескере отырып жұмыс атқардық. Бұл жүйе төтенше жағдай кезінде ғимаратты сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Алматы қалалық әкімдігінің бұл есігі Қаңтар оқиғасы кезіндегі өрттен аман қалған. 3 қазан, 2023 жыл

Әкімдікке кіреберіске 2022 жылы қаңтарда болған өрттен аман қалған есік қойылыпты. Сірә мұны жаңа есіктер бұрынғылардан айна-қатесіз етіп жасалғанын көрсету үшін қойған тәрізді.

Қала әкімдігінің жаңа сыртқы есігі. Алматы, 3 қазан, 2023 жыл.

– Бұл ғимараттың қала тарихында алар орны бар. Ол 1979 жылы Қазақ ССР үкіметіне арнап салынған, – дейді Алматы қаласы әкімінің аппаратын басқаратын Бейбіт Шаханов. – Үкімет бұл жерге 1980 жылы көшіп келген. Ғимаратты қалпына келтірген кезде оның тарихи пішінін сақтап қалуға барынша тырыстық. Өздеріңіз көргендей, есіктер тура сондай етіп жасалған.

Жөнделген қала әкімдігі ғимаратының ішкі көрінісі. Алматы, 3 қазан, 2023 жыл.

Мердігердің сөзінше, ең алдымен ғимаратта қауіпсіздік күшейтілген. Және де өртке төтеп беретін құрылымдарға қоса, жаңа технологиялар да қолданылған. Мысалы, ғимаратқа келген адамдарды ішке өткізетін жаңа орын пайда болған, ал әкімдік қызметкерлерін бет-әлпетінен танитын жүйе іске қосылмақ.

Алматы қалалық әкімдігіне кіріп-шығатын жердегі Face-ID жүйесі. 3 қазан, 2023 жыл.

– Қазір кіреберістегі бақылау жүйесі басқадай екенін көріп тұрмыз, – деп түсіндірді Әміржан Набиев. – Бұрын бұл аймақ болған жоқ. Face-ID интеллектуал жүйесімен жабдықталған турникеттерді жаңарттық: әкімдікте жұмыс істейтін адамдар енді ғимаратқа тезірек кіретін болады.

Әкімдік ғимаратындағы түтін сейілтетін жүйенің құрылғысы. Алматы, 3 қазан, 2023 жыл.

Бұған қоса әкімдікте өртке төзімді есіктер мен ғимараттың бірінші қабатына терезеден сырттан кіре алмайтындай етіп тосқауыл қоятын арнайы құралдар орнатылған. Әр қабатты және айналаны бақылау үшін қосымша камералар қойылған.

Қала әкімдігінің өрттен кейінгі күйі көрсетілген фото. Алматы, 3 қазан, 2023 жыл.

Дәлізде 2022 жылғы қаңтардағы өрттен кейін қала әкімдігі қандай күйде болғанын көрсететін фотолар қойылған. Журналистер жөнделген ғимараттың қазіргі ішкі жағдайын фотодағымен салыстырды.

Қала әкімдігінің жөнделген ғимаратының ішкі көрінісі. Алматы, 3 қазан, 2023 жыл.

Бұрын осы дәліздің еденіне совет кезіндегі паркет төселген болатын, бірақ өрт кезінде түгел дерлік жанып кеткен.

– Ғимарат өртенгенде іске алғысыз болып қалған паркетті толық ауыстыруға тура келді, – дейді Бейбіт Шаханов. – Өрт кезіндегі температураның аса ыстық болғаны сонша, қасбеттегі мәрмәрға дейін қатты бүлінген – қолыңа алсаң пенопласт тәрізді үгітіліп қалады.

Қанды қаңтардағы өрттен кейін жөнделген қала әкімдігінің ғимараты. Алматы, 3 қазан, 2023 жыл.

Өрт салдарынан бүлінген советтік мәрмәрдің орнына, ғимараттың сырты түркиялық мәрмәрмен ішінара қапталған. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі ол "ғимаратқа ажар береді" деп хабарлады.

Қалалық әкімдіктің ауласында демалып отырған жұмысшы. Алматы, 3 қазан, 2023 жыл.

Әйткенмен ғимараттың қасбетінің көп бөлігі мәрмәр емес, ұлутаспен қапталған еді, қазір одан ештеңе қалмаған десе болады.

– Ұлутастың орнына травертин қолдандық, өйткені қолымызда сонша көлемде және сапасы сай келетін ұлутас болмады, – деп түсіндірді Бейбіт Шаханов. – Ал травертин онымен салыстырғанда көп уақытқа дейін шыдайды әрі сапалы. Оның үстіне ұлутас кеуекті және өте ауыр материал, уақыт өте келе тесіктеріне шаң-тозаң бітіп қалады. Алматыдағы экологиялық ахуал, турасын айтсақ, мәз емес қой, сондықтан тазартуға оңай, пайдалануға қолайлы тас болғаны жөн деген шешім қабылданды.

Жөнделген әкімдіктегі кабинеттердің біріне үстел беті апара жатқан жұмысшы. Алматы, 3 қазан, 2023 жыл.

Ғимараттың сыртын қаптауға пайдаланылған травертинді Қырғызстаннан әкелген. Мәрмәрді – Түркиядан. Ал қала әкімдігің баспасөз қызметі "отандық өнім өндірушілерді қолдау мақсатында көбіне Қазақстанда өндірілген материалдар, оның ішінде жихаздар мен есіктер пайдаланылды" дейді.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың қабылдау бөлмесінің есігін ашып тұрған адам. 3 қазан, 2023 жыл.

Бастапқыда әкімдік ғимаратын жөндеу жұмыстары 2023 жылдың көктемінде аяқталады деп жоспарланған, бірақ жұмыстың көптігінен оны кейінге жылжытуға тура келді дейді мердігер.

– Қаңтар оқиғасынан кейін ғимаратқа толық зерттеу жасалмағаны қиындық туғызды. Ондай зерттеу жүргізуге уақыт кетті, бөлшектеу жұмыстары барысында біршама қиындық кездесіп, қосымша уақыт алды, – деді мердігер Әміржан Набиев. – Ғимаратты жер сілкінісіне төтеп беретіндей етіп бекіту үшін өте көп жұмыс атқарылды. Себебі, бұл нысан 1970-жылдары салынған, ал одан бері сейсмикалық жағдайға қатысты талаптар бәленбай есе өскен.

Набиевтің айтуынша, әкімдік ғимаратын жөндеу жобасына жұмсалады деп әу баста жоспарланған қаржы көлемі өзгермеген.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың жөнделген қабылдау бөлмесіндегі жаңа шкаф. 3 қазан, 2023 жыл.

Әкімдік ғимаратын күшті жер сілкінісіне шыдас беретіндей етіп жөндеуге өте көп металл жұмсалды дейді Әміржан Набиев.

– Ол жұмыстар көзге көрінбейді, бірақ тіреуіш бағандардың көбін металл құрылымдармен мықтап бекітіп шықтық, олар әлдебір төтенше жағдай бола қалғанда ғимараттағы құрылыс элементтердің барлығын сақтап қалуға мүмкіндік беретіндей етіп жасалды, – деп түсіндірді мердігер депутат. – Біздің есебіміз бойынша, ғимарат он баллға дейін [жер сілкінгенде] төтеп береді.

Ал Бейбіт Шаханов жөндеу жұмыстарының сапасын "енді 30 жылға жетеді" деп бағалады.

Жөнделген қала әкімдігінің мәжіліс залы. Алматы, 3 қазан, 2023 жыл.

Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты архитектура ескерткіштерінің тізіміне енгізіліп, мемлекеттің қорғауына алынған. Қаңтардағы өрттен кейін қалпына келтірілген ғимарат қазір пайдалануға дайын дейді шенеуніктер.

Your browser doesn’t support HTML5

Қаңтарда өртенген Алматы әкімдігі жөнделді. Тендерді депутаттың компаниясы алған

Осы әкімдікке таяу жерде былтырға дейін мемлекеттің қорғауында болған тағы бір зәулім ғимарат – Қазақстан президентінің Алматыдағы резиденциясы болған еді. Елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған кезде салынған ол нысан да Қаңтар оқиғасы кезінде өртеніп, қатты бүлінген. Бірақ оны жөндеу туралы ешқандай сөз болған жоқ: 2022 жылы наурызда тарихи ескерткіштері тізімінен алынып, кейін сүріліп тасталды.