Қолмен жазылған Құран және Фаберже жұмыртқалары: Алматыдағы тәркіленген антиквариаттар көрмесі

Тәркіленген антиквариаттар көрмесі. Алматы, 7 қыркүйек 2023 жыл.

Қазақстанның орталық мемлекеттік музейінде антиквариаттар – сирек кездесетін көркем туындылар, қару-жарақтар, зергерлік бұйымдар көрмесі өтіп жатыр. Жәдігерлер жеке топтама емес. Оларды Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті тергеу барысында тәркілеп, мемлекетке өткізген. Азаттық тілшісі көрмеге барып, құны жүздеген миллион теңге болатын бағалы заттарды өз көзімен көріп қайтты.

Көрме «Ұлт мұрасы — руханият өзегі» деп аталған. Музейге қойылған жәдігерлер осы пафосқа лайық. Келушілерге ұсынылған бұйымдар арасында алтынмен апталып, күміспен қапталған шахматтар, Фаберже жұмыртқалары, XVI ғасырда қолмен жазылған Құран кітабы және әйгілі суретшілердің картиналары бар.

Пасхалық Фаберже жұмыртқалары. Алматы, 7 қыркүйек 2023 жыл.

Көрмеге қойылған Фаберже жұмыртқалары күмістен жасалып, гауһар, нефрит, ақық тастарымен көмкерілген. XIX-XX ғасырлар арасында Ресейде Карл Фаберже есімді зергер-кәріпкердің фирмасы бағалы пасха жұмыртқаларын шығарған. Оның көпшілігін Романовтар әулеті сатып алған.

Пасхалық Фаберже жұмыртқалары.

Фаберже пасха жұмыртқаларының құны аукционда жүздеген мың доллардан бастап бірнеше миллион долларға дейін жетеді. Ал Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментінің мәліметінше тәркіленген антиквариаттардың жалпы құны 360 миллион теңге немесе қазіргі курспен 774 мың доллар шамасында деп бағаланған.

Суретші Герард Даудың «Скрипкашы» картинасы

Көрменің тағы бір аса бағалы жәдігері – суретші Герард Даудың «Скрипкашы» картинасы. XVII ғасырдағы нидерландық суретшісі жанрлық картиналар шебері деп мойындалған.

Суретші Герард Даудың «Скрипкашы» картинасы

Герард Дау – Рембрандтың талантты шәкірттерінің бірі, данышпан ұстазының картиналарындағы тұңғиыққа жетелеп әкететін жолақтардың қанықтығы, реңктердің әралуандығы сияқты ерекшеліктерге еліктеген суретші. Дау тұрмыстық сюжеттерді кенепке түсіріп, көбіне көлемі шағын картиналарды дүниеге әкелген. Сөйте тұра Ренессанс дәуіріндегі суретшілердің көркем сурет дәстүрін жалғастырған.

Тәркіленген антиквариаттар көрмесі

Көрмеге Қазақстан суретшілерінің де, соның ішінде Айша Ғалымбаеваның, Жаңатай Шәрденовтің, Салихитдин Айтбаевтың көптеген картинасы қойылған. Жоғарыдағы «Ер адамның портреті» картинасы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Алматыда тұрған және жұмыс істеген Николай Хлудовтың қаламынан туған. Хлудов көп еңбегіне дала қазағының тұрмыс-салтын арқау еткен.

Келуші тәркіленген антиквариат көрмесіндегі картинаны тамашалап тұр.

Мен көрмеге барған күні адам көп болған жоқ. Музей қызметкерлері келушілердің, негізінен, пасхалық Фаберже жұмыртқаларына және суық қарулар топтамасына аңсары ауады деді.

Мына қанжарды ХІХ ғасырда түріктің қару шеберлері соққан.

Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаменті бағалы бұйымдардың дені Қазақстанға АҚШ пен Ұлыбританиядағы аукциондар арқылы келгенін айтты. Тәркіленген антиквариат ісі бойынша үш адам жеті жылға бас бостандығынан айырылып, тағы бірнешеуіне халықаралық іздеу жарияланған. Тергеушілер олардың аты-жөнін атамады.

Келушілер алтын мен күмістен жасалған шахматтарды тамашалап тұр

Тергеушілердің айтуынша, бағалы заттар Қазақстандағы белгілі бір адамдарға арнап сатып алынған. Оларды таңғалдыру қиын болғанға ұқсайды.

Бағалы металлдардан жасалған шахмат фигуралары

Көрмеге қойылған заттардың бәрі халықаралық және қазақстандық өнертанушылардың сараптамасынан өткен.

Тәркіленген антиквариаттар көрмесі. Алматы. 7 қыркүйек 2023 жыл

Суреттегі (жоғарыда) шахмат жиынтығы, музей қызметкерлерінің айтуынша, 2016 жылы Алматыда дайындалған. Терракотадан жасалған фигуралардың нақышталғаны сонша, нағыз шебердің қолынан шыққаны көрініп тұр. Терракота – ерекше тәсілмен өңделген балшық, қыштың ежелгі бір түрі.

Музейге келушілер.

Көне қыштан жасалған ең әйгілі туындылардың бірі – Қытай императоры Цинь Шихуандидің «терракота әскері». Шынай көлемдегі сегіз мың жауынгердің мүсінін аспанасты елінің императоры өлгенде өзімен бірге жерлеген.

Мына дулыға XVII немесе XVIII ғасырда Орталық Азияда жасалған.

Кейінірек (XVIII-XIX ғасырларда) мұндай дулығалар көрнекілікке айналып, қоян-қолтық ұрыста қорғану үшін емес, лауазымы жоғары адамдарға сыйға тарту үшін қолданыла бастайды.

Дуэльге арналған мына тапанша XVIII ғасырда өмір сүрген ағылшын қару шебері Мэтью Баркер тапаншаларының дәлме-дәл көшірмесі.

Тапаншалардың сабы жаңғақ ағашынан жасалып, күміспен безендірілген.

Сарапшылар XVI ғасырға жатқызған Құран.

Жәдігерлер арасында материалдық қана емес, рухани да құндылық саналатын заттар көп.

Кішкентай Құран.

Ал мынау қолмен көшірілген Құран ағаш қаптамаға салынған. Орталық Азия. XIX ғасыр.

Иуда артефактарының шиыршық қағаздары.

Екі жәдігер де Есфирь патшайымның шиыршық қағазы. Оларды Пурим мерекесі кезінде оқитын дәстүр болған. Австрия-Мажарстан империясы, XIX ғасырдың ортасы.

Тиквин Құдай-Анасының православ иконы, XVIII ғасыр

Музейге қойылған заттар пара болуы әбден мүмкін.

Көрмеде салыстырмалы түрде бертінде құрастырылған, ең салмақты жәдігер – ХХ ғасырдың соңында Францияда жасалған ағаш комод.

Комодта ХІХ ғасырда қола мен оникстен жасалған камин сағаты тұр. Қапталдарындағы фарфор құмыралардың, музей қызметкерлерінің айтуынша, шамамен екіжүз жылдық тарихы бар.

Жапондық нэцке пішіндері ХХ ғасырдың ортасында пілдің сүйегінен жасалған

Нэцкэ дегеніміз – шағын ғана оюлы салпыншақ. Мұндай мүсіндерді жапонның сәндік-қолданбалы өнер туындысына жатқызуға болады.

Тағы бір нэцкэ. Жапония, XX ғасыр.

Тәркіленген бұйымдар көрмесі 14 қыркүйекке дейін жалғасады.