Қазақстан "қазақ-қытай шекарасын заңсыз өткен" Қытайдың алты қазағының үстінен тергеу жүргізіп, кейбіріне қылмыстық іс қозғады. Олар "Қытайдағы қысымнан бері өте алмай қалғандықтан шекара бұзуға мәжбүр болғандарын" айтып, айыптарын толық мойындады.
"Қытайдың қысымынан қашқан" алғашқы қазақ Сайрагүл Сауытбайдың ісі 2018 жылы тамызда қаралып, сот оны шартты жазаға кесіп, Шыңжаңға қайтармады. Бірақ Нұр-Сұлтан Сауытбайға босқын мәртебесін бермеген соң ол Швецияға кеткен.
"Шыңжаңдағы қысымнан қаштым" деген Қытай қазақтары Қайша Ақан (6 ай шартты жаза алды), Тілек Тәбәрікұлы (6 айға сотталды), Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы (екеуі 1 жылға сотталды), Бағашар Мәлікұлы (тергеу тоқтатылды) Қытайға депортацияланбады.
"Қытайдан қашқан" қазақтардың төртеуі Нұр-Сұлтаннан босқын мәртебесін я азаматтық сұраған. Қазақстан Қайша Ақан, Бағашар Мәлікұлы, Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының босқын мәртебесін сұраған өтінішіне әзірге нақты жауап берген жоқ. Тәбәрікұлы азаматтыққа құжат тапсырған.
Сарапшылар Қазақстан "Қытайдан қашып келген" қазақтарды елде қалдырғанымен, босқын мәртебесін беруге келгенде әлі біраз ойланады деп санайды.
"ӨГІЗДІ ДЕ ӨЛТІРМЕЙ, АРБАНЫ ДА СЫНДЫРМАЙ..."
Қазақстандық адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының заңгері Денис Живагоның пайымдауынша, Қазақстанның Қытайдан қашқандарға босқын мәртебесін беруге саяси мәселелер және Пекинмен ренжісіп қалу қаупі кедергі болып тұр.
- Егер Қазақстан оларға босқын мәртебесін берсе, Қытайда этникалық қазақтар қысымға ұшырап жатқанын мойындағаны. Ал ол біздің билікке тиімсіз, сондықтан шартты жаза сияқты түрлі амалдар қарастырып, мәселенің шешілуін кейінге қалдырып отыр. Оларды елден шығармады. Бұл жақсы. Халықаралық конвенцияға сай оларды "шекара бұзды" деп қылмыстық жауапқа тартпай, бірден босқын мәртебесін беру-бермеу мәселесін қарау керек еді. Себебі өзге елде қысым көрген адамның шекараны заңды кесіп өтуіне мүмкіндік бола бермейді. Сондықтан жалпы қозғалған істің өзі дұрыс емес. Бірақ бұл жерде билік абыройын да ойлап, Қытаймен де ренжісіп қалмаудың амалын жасап жатқанын түсінуіміз керек. Сондықтан бұл істе дәл қазір нақты шешім жоқ, "әзірге бес ай қамауда бола тұрсын, ал бес айдан кейін не боларын тағы көрерміз" деп отыр. Біздің билік босқын мәртебесін беру саяси емес гуманитарлық акт екенін түсіне бермейді. Бұған қоса Қытайдың да саяси құрылымын ескерсек, олар да мұны гуманитарлық акт екенін түсінбей, көз алартуы мүмкін, - дейді ол.
Тәуелсіздік күні билікке талап айтылған наразылық шарасында жұрт Мұрагер Әлімұлы мен Қастер Мұсаханұлын Қытайға қайтармауды талап еткен. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
Ал Тәуекелдерді бағалау тобының директоры, саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пайымдауынша, "шекара бұзған" Шыңжаң қазақтарын депортацияламауға Қазақстан ішіндегі Қытайға қарсы наразылықтың күшеюі себеп болған.
- Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда Қытайға қарсы наразылық өршіп, билікке қысым өте күшті болғанын үмытпауымыз керек. Әсіресе, Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу лагерлері пайда болған тұста Қазақстанда митингілер күшейді. Бұған қоса, Шыңжаңнан қашқан қазақтардың үстінен қозғалған істер, Қытайдың Қазақстаннан оларды кері қайтаруды талап етуінің де әсері бар. Мұның бәрі Қазақстан билігінің имиджіне соққы болды. Қазір билік қай елде тұрмасын қазақтардың мүддесін қорғауды ойлай бастады. Бір жағынан, Тоқаев дипломат ретінде "өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмаудың" амалын жасап жатқан сияқты. Себебі ол былтыр Deutsche Welle сайтына берген даулы сұқбатында, халықаралық қауымдастықтың айғақтарына қарамастан қайта тәрбилеу лагерлері жайлы ақпараттарды асыра сілтеу деп, Қытайды қолдауға тырысқан еді. Бұл мәлімдеме Қазақстанның Қытайды қолдайтынын көрсету үшін жасалды. Іле-шала ел ішінде бұл мәлімдемеге наразылық тағы күшейді. Сондықтан мына шешімдер ("Қытайдан қашқандарға" үкім – ред.) арқылы билік қазір өз беделін жақсартуға тырысып жатыр, - дейді ол.
Сәтпаев Қазақстан бір елде қандай да бір заң бұзушылық болса, ашық айтып, нақты бір саясат ұстануы тиіс деп санайды.
Видео: 2019 - Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстанда Қытайға қарсы акциялар күшейген жыл
Қытайдан көшіп келген қазақ, белсенді Ауыт Мұқибек Қазақстан заңға "егер қашып келген азаматтардың туыстарының бірі Қазақстан азаматы болса, оған босқын мәртебесі берілуі керек" деген өзгеріс енгізуі тиіс деп есептейді.
- Қазақстан отбасының бүтіндігін сақтау туралы халықаралық конвеницяға қол қойған. Қытайдан қашып келгендерге үкім шығарарда сол нормаларды сақтады деп ойлаймын. Бұл – бір. Екіншіден, қазір халықаралық қауымдастықтың Қытайға деген көзқарасы мүлдем өзгеріп кетті. Қытай өз міндеттемелерін атқармай отыр. Әлемдік қауымдастық, беделді ұйымдар тек Қазақстанды ғана емес жалпы Орталық Азия елдерін Қытайдан қашқандарды қайтармауға шақырды. Мұның да әсері болды деп есептеймін. Үшіншіден, Қазақстан халқының талап-тілегі мен наразылығы да шешуші рөл атқарды деп санаймын, - дейді ол.
ШЫҢЖАҢНАН ҚАШҚАН ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫ КІМДЕР?
"Шыңжаңнан Қазақстанға қашқан" Қытай қазақтарының ісі жайлы барлық ақпарат.
Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да діни азшылықтарға қысым жасалып жатқаны жайлы ақпарат 2017 жылдың сәуірінен бастап белгілі болған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы лагерьлерде миллионға жуық адам қамауда отыруы мүмкін деп мәлімдеген. Пекин басында лагерьлер жайлы хабарды жоққа шығарған. Кейін лагерьлерді экстремизм және терроризммен күресу үшін ашылған "тәрбиелеу орталығы" деп атаған. АҚШ және Батыс елдері Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын сынап келеді. Пекин барлық айыптауды терістейді.