Апта бейнелері: 16 - 21 қыркүйек

16 тамызда Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризм айыбымен Қазақстан азаматының тұтқындалғанын хабарлады. Оның аты-жөні - Сергей Лескевич. Қырғызстанның арнайы қызмет өкілдерінің айтуынша, ол "Ислам жиһады одағы" ұйымына мүше болған және Қырғызстан азаматтарымен бірге тұтқындалған. Ақпараттарға қарағанда, "олар Сириядан Қырғызстанға терактілер жасауға келген".   


16 қыркүйекте БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун осы ұйымның Қауіпсіздік кеңесі отырысында Сирияға барған химиялық қару мамандарының баяндамасын жариялады. Баяндамада Дамаск маңында адам жүйкесін зақымдайтын зарин газының қолданылғанын дәлелдейтін айғақтар табылғаны айтылды. Химиялық шабуылдан жүздеген адам қаза тапқан.  

Суретте: БҰҰ инспекторлары Сирия көтерілісшілерімен сөйлесіп тұр.

16 қыркүйекте Алматыда 9-халықаралық «Евразия» кинофестивалі ашылды. Фестиваль бағдарламасында Азия және Еуропа режиссерлерінің 12 кинокартинасы бәсекеге түсетіні жарияланды. Бұл шараға танымал француз актері Шарль Азнавур келді.  

Суретте: қазақстандық актер Асанәлі Әшімов (сол жақта) пен француз актері Шарль Азнавур.

17 қыркүйекте Алматы қалалық сотының алдында «Әділеттілік үшін» қоғамдық қозғалысының бір топ белсендісі наразылық акциясын өткізді. Олар журналистерді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жазған ашық хаттың мазмұнымен таныстырды. Хат иелері өздерінің жылдар бойы сот органдарынан әділеттілік таба алмай келе жатқанын жазып, міндетін дұрыс атқармайтын соттарды отставкаға жіберуді, коррупцияға қатысы барларын соттауды сұрады.  

17 қыркүйекте Алматыдағы өртенген базарлардың саудагерлері базар маңындағы автокөлік жолын жапты. Полицияның арнайы жасағы келіп, оларды жолдан ығыстырған соң автокөлік қозғалысы қалыпқа келді.  

Базардағы өрттен зиян шеккен саудагерлер өздеріне келген шығынды базар әкімшілігінен өндіріп беруді талап етті.  

18 қыркүйекте Қазақстан парламентінің бұрынғы депутаты Бақыт Сыздықова мен бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов Қазақстандағы билік партиясы "Нұр Отан" қатарынан шығарылды.

Бақыт Сыздықованың партиядан шығарылу себебі ретінде 2007 жылы ол басқарған қоғамдық ұйымға көмек ретінде бөлінген қаражаттың қайтарылмауы айтылған. «Нұр Отан» ақпараты бойынша, үкіметтік емес ұйым 7 миллион теңге алған. Қарыз өсіміне байланысты қазір ұйымның партияға борышы 15 миллион теңгеге жеткен. Экс-депутат бұл мәлімдемені жоққа шығарды.  

18 қыркүйекте "Махаббат" тұрғын үй кешенінің тұрғындары Астанада, Қазақстан бас прокуратурасы алдында наразылық акциясын өткізді. Тұрғын үй кешені тұрғындарының айтуынша, олар 2009 жылы 427 адам 49 пәтерді жалға алу туралы келісім-шартқа отырып, тұрғын үй кешені иесіне ақша төлеп келген. Алайда қожайын үйді басқа компанияға сатып жіберіп, жаңа қожайын олардан пәтерлерді босатуды талап еткен.

Осы шараны түсіруге барған Азаттық тілшісі Өркен Жоямергенді журналистік қызметін атқару барысында полиция тұтқындады. Полиция журналисті тұтқындау себебін "Прокуратура - режимдік нысан, оны видеоға түсіруге болмайды" деп түсіндірген. Тілшіні бір жарым сағаттан кейін босатылды.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі бес елдің елшілері Сирия бойынша мәмілеге келе алмады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде 18 қыркүйекте Сирияға қатысты қарар қабылдануы керек еді. Ол құжатта АҚШ пен Ресейдің Сириядағы химиялық қаруды бір жыл ішінде жою туралы жоспары бекітілуі тиіс болған.  

Ал Сирия президенті Башар Асад химиялық қаруды жоюға бір жыл уақыт және бір миллиард долларға жуық қаражат қажет екенін айтты. Ол 18 қыркүйекте Fox News-ке берген сұхбатында "БҰҰ-ның химиялық қару мамандары баяндамасындағы "Дамаск маңында адам жүйкесін зақымдайтын зарин газының қолданылғанын дәлелдейтін айғақтар табылды" деген қорытындының негізсіз" екенін айтты. 

Суретте: Сирия президенті Башар Асад. Дамаск, 19 қыркүйек 2013 жыл.

19 қыркүйекте қазақстандық саясаткер Болат Әбілев саясаттан кететінін мәлімдеді. Азаттыққа берген сұхбатында ол "уақытша кетіп бара жатқанын, біраз жыл өткесін саясатқа қайта оралатынын" айтты. Әбілев кітап жазу, фильм түсіру сияқты шығармашылық жұмыстармен айналыспақ.  

18 қыркүйекте Украина парламенті Еуропа Одағымен (ЕО) әріптестік келісімі жобасын бекітті. ЕО-ның Украинадағы делегациясы басшысы Ян Томбинский "енді қарашада болатын Вильнюс саммитінде келісімге қол қойылса, оның Украина және ЕО азаматтарының бірлескен жеңісіне айналатынын" айтты. 

Мәскеу Киевтің ЕО-мен әріптес болғанын қаламайды. Сол үшін Украинаға түрлі қысым жасап келеді. Кремль бұл елді Ресей, Қазақстан, Беларусь бірігіп құрған Кеден Одағына кіргізуді көздейді.


19 қыркүйекте Алматыдағы КИМЭП университетінде ресейлік «Регнум» баспа үйінің президенті Модест Колеров лекция оқыды. Осы дәріс үстінде Колеровке қарсы акция өткізген жастар ұсталды. Лекция басталғаннан 5-6 минут өткенде бір топ студент орындарынан тұрып, "Колеров, үйіңе кет!", "Кеден Одағы - құлдық одағы", "Еуразия одағы - далбаса" деген сөздер жазылған плакаттар көтерген. 

Кейбір бұрынғы СССР мемлекеттері "шовинистік пікірлері" үшін Модест Колеровтің елге кіруіне тыйым салған.
 
Суретте: ұсталған жастар полиция автобусында отыр.  

20 қыркүйекте Ресей шекарашылары «Гринпис» халықаралық ұйымының кемесін ұстады. Ұйым белсенділері Арктикадағы мұнай кеніштерін игеруге қарсы.  

Arctic Sunrise кемесі Баренц теңізіндегі «Газпром» компаниясының мұнай палтформасының жанына келген. «Гринпис» мәліметі бойынша Ресей «Приразломная» платформасынан мұнай өндіруді 2014 жылы бастайды. Ұйым белсенділерінің пікірінше, экологиялық қауіпсіздік сақталмай, мұнайдың теңізге төгілу қаупі бар.    

21 қыркүйекте ондаған үлескер екі үлкен автобуспен Алматыдан Талдықорғанға жолға шықты. Олар Алматы облысының әкіміне жолығып, өздеріне тиесілі «Премьера» тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтау туралы талаптарын жеткізбекші.