"Кеудесіне оқ тиген". Қаңтарда қаза болған Жомарт Қойшмановқа "жаппай тәртіпсіздік" бабымен айып тақты

2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылорда қаласында оқ тиіп қаза тапқан Жомарт Қойшманов. Азаттыққа Раушан Қойшманова берген фото.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада кеудесіне оқ тиіп мерт болған Жомарт Қойшмановтың үстінен тергеушілер "жаппай тәртіпсіздік" бабымен іс қозғаған. Бұл айыппен келіспейтін әйелі билік күйеуіме жала жаппақшы дейді. Құзырлы органдар бұл іс жайлы Азаттыққа ақпарат бермей отыр.

"КЕУДЕСІНЕ ТИГЕН ОҚТАН ҚАЗА ТАПТЫ"

Қызылорда қаласының тұрғыны Жомарт Қойшманов 5 қаңтарда кеудесіне тиген оқтан қаза болған. Туыстары оған кім, қай жерде оқ атқанын білмейді. Таныстарының сөзіне сүйенген үй-іші Қойшманов облыстық жергілікті полиция ғимараты алдында оққа ұшқан деп болжайды.

Марқұмның әйелі Раушан Қойшманова қаңтардың басында ота жасатуға астанаға кеткенін, жеке меншік көлігімен такси қызметін көрсетіп нәпақа тауып жүрген күйеуі үйде жалғыз қалғанын айтады.

Your browser doesn’t support HTML5

"Тағы екі бап қосып, террорист қылып жазамыз". Қаңтарда оққа ұшқан Қойшмановты бүлікші деп жазбақ па?

Раушанның сөзінше, жұбайы Қызылордада 4 қаңтарда жұрттың жаппай наразылық акциясына шыққанынан да бейхабар болған. Ол туралы сол күні астанадан телефон шалған әйелі айтыпты.

Ертесіне Жомарт Қойшмановқа оқ тигені туралы жайсыз хабарды Қызылордада тұратын оның әпкесі Манат Ажмолдаева естиді.

– 5 қаңтар кешкісін бір жеңгеміз телефон шалып, "Жомартқа оқ тиіп, ауруханаға түсті" деді. Күйеуім екеуміз дереу көлікке мініп, облыстық көпбейінді ауруханаға жеттік. Аурухананың қабылдау бөліміне ілінген 50 шақты адамның тізімінде Жомарттың аты-жөні де бар екен. Аурухана қызметкері "бес адамның тізімін алып, біліп келемін, күтіңіздер" деді. Сәлден кейін шығып, төрт адамның хал жағдайын жақындарына жеткізді. "Бесінші Жомарт Қойшманов деген кісі жоқ" деді. "Тізімде тұр ғой, неге жоқ?" деп, қайта сұрау салып іздедік. Түнгі сағат 1:00-ге дейін жүріп, ақыры інімді таба алмадым. Сол күні ештеңе біле алмай қайттық. Ертеңіне ертемен жұбайым қайта іздеп барғанда мәйітханадан тапты ғой, – дейді Манат Ажмолдаева.

Манат Ажмолдаева – Жомарт Қойшмановтың әпкесі. Қызылорда, 3 мамыр 2022 жыл.

6 қаңтарда марқұмды сот-медицина сараптама орталығында сараптамадан өткізген. 7 қаңтарда үй-іші оны арулап, жерлеген. Раушан Қойшманова күйеуінің көптен күткен зейнетке шығуына санаулы ай ғана қалғанда мерт болғанын айтады. Жомарт Қойшманов тірі болғанда биыл 11 мамырда 63 жасқа толар еді.

"ЖАППАЙ ТӘРТІПСІЗДІККЕ ҚАТЫСҚАН"

Раушан Қойшманованың сөзінше, күйеуінің қырқын бергеннен кейін үйіне полиция қызметкерлері келгіштей бастаған. Олар Раушаннан бірнеше рет жауап алған. Шақырту бойынша қалалық полиция басқармасына барған Раушан Қойшмановаға марқұм күйеуінің үстінен Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігі ("Жаппай тәртіпсіздікке қатысу") бойынша іс қозғалғанын хабарлап, қаулымен танысқаны туралы қол қоюын сұраған.

– Тергеуші қаулысында "тас атты, жанармай құйылған бөтелке лақтырып, өртеді" деп жазылыпты. "Оған дәлелдеріңіз бар ма?" деп сұрадым, "бар" деді. Ал мен оған дейін біраз кісілермен сөйлесіп, ақпарат жинаған едім. Жергілікті полиция басқармасы алдында қаңтардың бесі күні болған адамдардан сұрастырғам. Олар күйеуімнің ешқандай агрессиялық іс-әрекетке бармағанын, атыс басталғанда Жомарт жұртқа "қойыңдар, қазақтар бір-біріңе оқ атпаңдар" деп жүрген кезде құлағанын айтты, – дейді Раушан Қойшманова.

Раушан Қойшманова 2022 жылғы 5 қаңтарда Қызылорда қаласында оққа ұшқан күйеуі Жомарт Қойшмановтың суретін көрсетіп отыр. Қызылорда, 3 мамыр 2022 жыл.

Оның сөзінше, тергеушілер күйеуіне тағылған айыптың ешбір айғақ-дәлелін көрсетпеген. Егер қаулымен келіспесем, марқұмның үстінен тағы бірнеше бап бойынша іс қозғайтындарын айтып қорқытты дейді әйел.

– Мен "келіспеймін" деп қол қойып бердім. Сөйтсем "тағы екі бап қосып сотқа жібереміз, террорист болып шығады сол кезде" дегендей айтты. Маған тағы ойлануға уақыт берді. Бірақ көп ұзамай қайта барып, "мені әуре қылмаңдар, ешқандай да келіспеймін" деп айтып кеттім, – дейді Раушан Қойшманова.

Ол жұбайын қақ-соқпен ісі жоқ, қандай да бір ұйым жұмысына қатыспаған я азаматтық белсенділікпен айналыспаған, отбасын асырау қамымен жүрген қарапайым шаруа адамы еді деп сипаттайды. Раушан Қойшманова тергеу жайлы ақпаратты таратпау туралы қолхат бергенін айтып, күйеуінің үстінен іс қозғалғаны жайлы тергеу органының қаулысын Азаттық тілшісіне көрсетпеді.

Қойшмановтар отбасының көп жылдан бергі көршісі Бақытбек Аханов қаңтардың төрті мен бесінде Жомарттың есік алдында жеке меншік көлігін жөндеп, үйінде болғанын растайды.

Жомарт Қойшмановтың көршісі Бақытбек Аханов. Қызылорда, 3 мамыр 2022 жыл.

– Көршім екеуміз 3 қаңтарда таңертең оның көлігін жөндеуді бірге бастадық. Сол күні түске дейін бірер сағат қасында болдым. Түстен кейін де келіп кеттім. Ертесіне де солай келіп-кетіп жүрдім. 5 қаңтарда келгенімде Жомарт аға түскі асын ішіп отыр екен. Жұмысқа кетіп, сағат 17:00 шамасында қайта соқтым. Ол кезде көлігін жөндеп болып қалыпты. Есік алдындағы бау-бақшада жүрді. Екеуміз отырып, шамалы әңгімелестік. Көлікті біраз әурелеп оталдырдық. "Ертең жұмысқа барам" деген еді. Мен үйіме кеттім. Ертесіне таңертең суық хабарды естідім, – дейді Жомарт Қойшмановтың көршісі Бақытбек Аханов.

"КҮЙЕУІМДІ ЖАМАНАТТЫ ҚЫЛҒАНЫН ҚАЛАМАЙМЫН"

Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Раушан Қойшманова жұбайын жерлегеннен кейін марқұмның қазасын әділ тергеуді талап етіп еш жерге шағымданбағанын айтады. Мемлекеттен материалдық көмек те сұрамаған. Тек кейін Жомарт Қойшмановтың үстінен іс қозғалып, оған "жаппай тәртіпсіздікке қатысқан" деген айып тағылғаны жанына батқан.

Отбасында төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, ер жеткізген, жұрт қатарлы қарапайым өмір сүрген, қапияда мерт болған азаматқа тергеушілер жала жаппақшы деп санайды марқұмның әйелі. Балалардың барлығы кәмелетке толған, ең үлкені қазір АҚШ-та тұрады.

Раушан құзырлы органдардан күйеуіне тағылған айыпты алып тастауды талап етіп, арыз да дайындап қойыпты.

Жомарт Қойшманов зайыбы Раушанмен бірге. Чикаго, АҚШ, 2019 жылғы тамыз айы.

– Жұбайым ешқандай террорист те, бұзақы да емес. Жомартты танитын ешбір адам оны басбұзар дегенге сенбейді. Үкіметтен жұрт сияқты көмек те сұрамаймын. Күйеуімнің нақақтан нақақ оқ тиіп, өмірден өткені отбасымызға ауыр соққы болды. Оған күйе жаққанына қарсымын, балаларым мен немерелерімнің әкесі не атасы террорист болды деген жаман атқа қалғанын қаламаймын. Сондықтан күйеуімнің жақсы атын қайтарып беруді сұраймын, – дейді Раушан Қойшманова.

Азаттық тілшісі Жомарт Қойшмановтың қазасына байланысты Қызылорда облыстық ішкі істер департаментіне хабарласқан еді, олар істің прокуратурада екенін айтып, сол жаққа сілтеді. Облыс прокуратурасына жіберген жазбаша сұрағымызға осы мақала жарияланғанға дейін ешқандай жауап келмеді.

Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін ұсталған азаматтардан түскен азаптау туралы шағымдар бойынша 200-ден астам іс қозғалғанын мәлімдеген. Әзірге күш құрылымдарының 11 қызметкері ғана күдікті деп танылған. Ресми дерекке сай, Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда қаза тапқан 238 адамның кемінде сегізі "рұқсат етілмеген тергеу амалдарының" салдарынан көз жұмған.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылордада 26 адам қазаға ұшыраған. Оның біреуі міндетті әскери борышын өтеп жүргенде мерт болған сарбаз. Полиция мен прокуратура қайтыс болған демонстранттардың ешбірінің аты-жөнін әлі күнге дейін жарияламады. Полиция ғимараттары алдында оққа ұшқан азаматтардың өліміне, уақытша ұстау изоляторы мен тергеу абақтысына қамалып, азапталған азаматтардың арыз-шағымы бойынша ешкім жауапқа тартылған жоқ.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы (HRW) 5 мамырда жарияланған мәлімдемесінде "Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған адамдардың қазасын тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр" деп мәлімдеген. HRW Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу жүргізетін тәуелсіз орган құрып, оған халықаралық сарапшыларды тартуға үндеген еді.

Қазақстан үкіметі Қаңтар оқиғасын шетелдік мамандарды қатыстыра отырып тексеру жайлы ұсынысты қабылдамады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Әділетсіз сайлаудан да шаршадық". Азаттықтың Қызылордадағы тілшісінің көргені"Ұлымды өлтіріп, үшеумізді жаралады". Қаңтар оқиғасында көлікте оққа ілінген отбасы"Қаралау әдісі". Билік шеруге шыққандарға ақша төленгенін айтады, көпшілік сенбейдіҚапаста азапталғанын айтқан адвокатты үш айдан соң абақтыдан үйқамаққа ауыстырды"Арандатушы, азғындық". Полиция жаңаөзендіктерді қолдаған депутатты "жөнге салуды" сұрайды