Қазақстан элитасының "үнсіздігі", қауіпсіздік сертификаты және интернетті бақылау талпынысы

Тимур Құлыбаев.

Осы аптада шетелдік басылымдар қазақстандық элитаның Financial Times газетінде жарияланған Құлыбаевқа қарсы айыптауларға қатысты ешқандай пікір білдірмегені туралы жазды. Батыс басылымдары сондай-ақ Қазақстан үкіметінің қолданушылардың интернет-трафигін бақылауда ұстауға мүмкіндік беретін "қауіпсіздік сертификатын" орнату бастамасын үшінші рет көтергеніне назар аударды.

"БИЛІК ҮНСІЗ ОТЫР"

Осы аптада Intellinews.com іскерлік жаңалықтар сайты Financial Times басылымының Тимур Құлыбаевтың құпия жолмен миллиондаған доллар пайда көргені туралы зерттеуін сөз етті. Сайт бұл зерттеуді "бомба" деп атап, Қазақстан билігінің оған реакция білдірмеуіне назар аударды.

3 желтоқсан күні жарық көрген бұл зерттеу туралы Азаттық толығырақ қамтыған. Зерттеуде Қазақстанның бұрынғы президентінің күйеубаласы, елдегі ең бай әрі ықпалды адамдардың бірі, миллиардер Тимур Құлыбаевтың мәскеулік ЕТК компаниясы арқылы газ құбыры жобасынан миллиондаға доллар пайда көргені жазылған. Басылымның сөзінше, Құлыбаев бұл үшін күрделі схема қолданған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Клептопия". Британ журналисінің кітабындағы Назарбаевтар, Әблязов және олигархтар

Мақаланы жазған зерттеуші журналист, "Клептопия: лас ақша әлемді қалай жаулайды?" кітабының (бұл шығармада Қазақстандағы жемқорлық туралы да баяндалады) авторы Том Берджес 2008-2014 жылдар аралығында жазылған электронды хаттарға сүйенген.

Берджестің айтуынша, аталған электронды хаттарда Құлыбаевқа ETK компаниясымен жасалған келісімдерден пайда табуға мүмкіндік беретін схемалар қамтылған.

FT анықтаған схема бойынша, ЕТК компаниясы Украина және Ресей зауыттарынан құбыр сатып алған. Бірақ сол құбырды жасауға қажетті темірді аталмыш зауыттарға өзі сатқан. Темір бағасын нарықтағыдан жоғары қойған. ЕТК бұл саудадан 75 миллион доллар таза пайда көрген. Британиялық басылым бұл соманың 53 миллионын Құлыбаевтың алды деп жазды.

Қытай банктерінен алынған қарыз есебінен қаржыландырылатын құбырлар бойынша келісімшарт жасалған кезде Құлыбаев Қазақстандағы "Самрұқ-Қазына" әл-ауқат қорын басқарған. Ол "Қазақстан бойынша құбыр салу үшін келісімшартқа отырған мемлекеттік компаниялардың жұмысына жетекшілік еткен" деп жазады Берджес.

Asia Gas Pipeline (AGP) компаниясының қытайлық жұмысшысы Алматы қаласының маңындағы Орталық Азия – Қытай газ құбырының бойымен жүріп келеді.

ЕТК компаниясы ресми түрде ресейлік кәсіпкер Александр Кармановқа тиесілі.

Берлиндік bne IntelliNews басылымы қазақстандық олигархтың заңды өкілдері FT зерттеуінде көрсетілген деректерді жоққа шығарғанын хабарлады. Заңгерлер FT хатына "ЕТК ұйымдарында Құлыбаевтың ешқандай мүддесі де, үлесі де болмаған" деп жауап берген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ FT: Құлыбаев қазақ газ құбыры жобасынан құпия жолмен миллиондаған доллар пайда көрген

bne IntelliNews бұл Құлыбаев туралы осындай мазмұнда жарияланған бірінші ақпарат емесін еске салып, "Соның бір мысалы – 2018 жылы швейцариялық Public Eye зерттеуші және құқық қорғаушы тобы жүргізген зерттеу. Зерттеу нәтижесінде ірі энергетикалық Vitol трейдерінің Құлыбаевпен жанама байланысы бары, олигархқа үлкен пайда әкелетін әріптестікке қосылғаны анықталды" деп жазады.

Берлиндік басылым бұл зерттеулер "Орталық Азиядағы мемлекетте қалыптасқан жағдайға әсер етпегенін" айтады.

"Қазақстандағы жоғарғы элиталардың билік деңгейі мен ықпалынан хабары барлар олардың соңғы ақпараттарға қатысты реакция білдірмегеніне таңғалмағанымен, бұл назардан тыс қалмауы керек" деп жазады intellinews.com.

9 желтоқсанда Құлыбаев жалған ақпарат негізінде жазылған материалмен келіспейтінін білдіріп, Қазақстанның бас прокуратурасына "ресми тексеру жүргізу" туралы өтініш қалдырған. Ол FT материалын "нақты фактілермен расталмаған", "өзара байланысы жоқ субъективті қорытындылар" деп атады.

FT жарияланған мақала авторы Том Берджес Құлыбаевтың бас прокуратураға шағым бергені туралы хабарға жауап ретінде ведомствоны басылымның зерттеуге қосымша жариялаған құжаттарымен танысып көруге шақырды.

Әзірге бас прокуратура бұл туралы ешқандай пікір білдірген жоқ.

ҮШІНШІ ТАЛПЫНЫС

Технология саласындағы жаңалықтар туралы жазатын zdnet.com сайты "Қазақстан үкіметі өз астанасында HTTPS трафигін ұрлап отыр" деген мақаласында кейінгі бес жылда Қазақстан билігінің азаматтардың интернетке қолжетімділігін қадағалауға үшінші рет ұмтылып отырғанын жазады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Кибержаттығу". Билік жұртқа "қауіпсіздік сертификатын" тағы тықпалады

Қазақстан үкіметі "киберқауіпсіздік бойынша жаттығулардың" атын жамылып, ел астанасы Нұр-Сұлтанда тұратын азаматтарды шетелдік сайттарға кіру үшін өз құрылғыларына қауіпсіздік сертификатын орнатуға мәжбүрлеп отыр" деп хабарлайды zdnet.com. Сайттың дерегінше, шетелдік сайттар дегенде негізінен Google, Twitter, YouTube, Facebook, Instagram және Netflix сияқты ресурстар туралы айтылып отыр.

Сертификат орнатқаннан кейін үкімет MitM (Man-in-the-Middle, "ортадағы адам") технологиясы бойынша қолданушылардың құрылғыларынан шыққан HTTPS трафигіне қол жеткізуге мүмкіндік алады.

"Қазақстан үкіметі 2015 жылдың желтоқсаны мен 2019 жылдың шілдесінен кейін үшінші рет азаматтарын қауіпсіздік сертификатын орнатуға мәжбүрлеп отыр. Осыған дейін браузер өндірушілері мемлекеттік сертификатты екі рет қара тізімге қосып, жоба сәтсіздікке ұшыраған" дейді zdnet.com.

Қазақстандық шенеуніктер биліктің HTTPS трафигін ұрлауға талпынысын мемлекеттік органдарға, телекоммуникациялық және жекеменшік компанияларға арналған "киберқауіпсіздік бойынша жаттығулар" деп түсіндірді. Бірақ бұл жаттығулардың қанша уақытқа созылатынын айтқан жоқ.

"Қазақстан үкіметі 2019 жылы осыған ұқсас түсініксіз себеп айтып, өз әрекетін "азаматтарды қорғауға арналған қауіпсіздік шаралары" деп атаған" деп жазады ZDNet.

Қазақстан үкіметінің HTTPS трафигін ұрлауға бағытталған екі талпынысына нүкте қойған браузер өндіруші компаниялардың өкілдері ZDNet сайтына соңғы оқиғаны зерттеп, қажет шаралар қабылдайтынын айтқан.

САЙЛАУ ҚАРСАҢЫНДА

Ағылшынтілді eurasianet.org сайтындағы "Қазақстан: сайлау алдында билік интернетке бақылауды күшейтті" деп аталатын мақалада автор биліктің сертификат орнату туралы ұсынысын Қазақстанда өтетін парламент сайлауымен байланыстырады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Apple, Google мен Mozilla қазақстандық "қауіпсіздік сертификатын" бұғаттады

Автор былтыр қоғамның наразылығын туғызған президент сайлауынан кейін болған үкіметке қарсы митингілерден соң билік қауіпсіздік сертификатын күштеп қолданысқа енгізуге тырысқанын еске салады.

"Қазір билік тарапынан бақылауды күшейтетін бұл жоба тағы да цифрлық қауіпсіздік саласындағы бастама ретінде таныстырылып отыр. Шенеуніктер бұл жоба жеке деректерді қорғап, тыйым салынған контентке қолжетімділікті шектеу мақсатында жүзеге асырылып отырғанын айтады. Бірақ бұл идеяны сынаушылар қауіпсіздік сертификатын "мемлекеттік тыңшыларға жеке деректерді беріп, азаматтарды аңдуға көмектесетін құпия құрал" деп бағалайды" деп жазады Eurasianet.

Автор мақалаға "Қазақстандағы интернет еркіндігі" жобасының белсендісі Елжан Қабышевтың Азаттыққа берген пікірін қосқан. Белсенді жаңа сертификат барлық белгісі мен мақсаты бойынша 2019 жылғы нұсқаға ұқсайды, яғни, оны орнатқаннан кейін жеке деректер үшінші тұлғаларға, бірінші кезекте, қауіпсіздік органдарына беріледі деп есептейді.

Eurasianet цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің өкілі Руслан Әбдіқалықовтың сертификат орнатудан бас тартқан қолданушылардың шетелдік сайттарға кіруін қиындатқан "жаттығулардың" 10 қаңтарда өтетін парламент сайлауына қатысы бар деген пікірді жоққа шығарған сөзін берген.

Министрлікте цифрлық қауіпсіздік бөлімінің басшысы болып істейтін Әбдіқалықов сертификатты қорғау кезінде әртүрлі елдердің әскери одағы туралы да айтқан. Ол сертификатқа "НАТО-ға мүше елдер қарсы болып отыр" деп, олардың сынын "Қазақстанның Мәскеу басқаратын ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше болуымен" түсіндірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бұл бастамаға тоқтау салу керек". Qaznet сертификаты жайлы

"БІР ҚАТЕЛІКТІ БІРНЕШЕ РЕТ ҚАЙТАЛАУ"

Қазақстандық қолданушыларға отандық қауіпсіздік сертификатының үшінші рет ұсынылуы блогосфераның ағылшынтілді бөлігін де бей-жай қалдырмады. Қауіпсіздік саласындағы блогерлердің securityboulevard.com сайты "Қазақстан "ортадағы адам" арқылы өз халқын аңдып отыр" деген мақалада қолданушылардың пікірлеріне шолу жасаған.

Robert_foss деген қолданушы "Олар мұны жасау үшін қандай батыстық компанияның өнімін сатып алды екен? Бейнебақылау саласындағы инфрақұрылымның көп бөлігін батыстық компаниялар сатады. Бұл кеңістікте Израиль белді ойыншы саналады" деп жазған.

Ал gurps_npc eyerolls деген қолданушы қазіргі жағдайды былай сипаттайды: "Иә, браузерлер оларды екі рет қара тізімге енгізді, сондықтан мұны үшінші рет тағы да жасап көруге тырысайық. Жеке өмір құқығын жақсы көретін, біздің бұл құқықты жоюға талпынысымызды ұнатпайтын адамдар жеңіліп, бізді бұл жолы қара тізімге қоспайды! Бір қателікті қайта-қайта жасап, әртүрлі нәтиже күту – ессіздіктің белгісі".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қауіпсіздік сертификаты неге күмән туғызады?