"Бұл көлді де, қоқиқазды да ешқашан көрмейміз!" Астанада Талдыкөлді сақтау акциясы жалғасып жатыр

Талдыкөлдегі қоқиқаздар. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

Астана тұрғындары бір жылдан бері Кіші Талдыкөлді сақтауға тырысып келеді. Суқойма маңында «инфрақұрылымы дамыған» кезекті тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Бірнеше күн бұрын көлге қызғылт қоқиқаздар келіп, экологтар мен қала тұрғындарының назарын аударды. Экобелсенділердің болжауынша, билік халық сөзіне құлақ аспаса, қала айрықша табиғи аймақтан айырылып қалады.

Талдыкөлдегі қоқиқаздар. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

Жексенбі, 12 қыркүйек көл маңында кісі қарасы көп болды. Мұнда белсенділер, экологтар, полицейлер мен әкімдік қызметкерлері және бірнеше күн бұрын ұшып келген қызғылт қоқиқазды көруге келген тұрғындар жиналды.

Талдыкөлдегі қоқиқаздар. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

Бұл құстың қаладағы көпқабатты үйге жақын жерде жүруі – сирек құбылыс. Экобелсенділердің бұл жерді табиғи қалпында сақтауға тырысып жүруіне де осындай көріністер себеп.

Талдыкөл орнына құрылыс салуға қарсы белсенділер. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

Белсенділер құрылыс болады деген жерге келіп, плакат жайды. Олардың көбі – қаладағы экология ахуалына, тұрғын үйлердің бейберекет салынуына алаңдайтын жергілікті тұрғын үй кешендердің тұрғындары.

"Біздің басты мақсатымыз – жағдайды ушықтыру емес, Кіші Талдыкөл алқабында құрылысқа мораторий жариялап, оны сақтап қалу" дейді белсенділер.

Талдыкөл орнына құрылыс салуға қарсы белсенділер. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

Біраз уақытта жиналғандардың қасына полиция қызметкерлері мен Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық әкімдігінің қызметкерлері келді. Полицей әкімдік қызметкерінің қолына дыбыс күшейткіш берді.

— Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне мұндай шара өткізу жөнінде сіздерден өтініш түскен жоқ, сондықтан бұл шараларыңыз заңсыз. Қазір мұнда шығып тұрғандарыңыз – заңсыздық! Тараңыздар! Бұған көнбесеңіздер ішкі істер органдары шара қолдануға мәжбүр болады, — деді жас шенеунік.

— Ал сіздердікі заңды ма? — деп қарсы сұрақ қойды жиналғандардың бірі. — Біз акция ұйымдастырып тұрған жоқпыз, қоқиқазды тамашалауға келдік, қыдырып, таза ауамен демалып жүрміз.

Полицейдің қасында тұрған әкімдік қызметкері. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

Көл маңында Қазақстандағы барлық бейбіт наразылық жиындарының атрибутына айналған полиция автобусы тұр.

Бірақ бұл жолы ешкімді ұстаған жоқ. Шенеунік ескертуінен соң жұрт плакаттарын жинады да, құстарды тамашалау үшін жағалауға кетіп қалды.

Полиция көлігі. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

Қала әкімдігінің ақпараты бойынша, Кіші Талдыкөл орнына мектеп, аурухана, балабақшалары бар тұрғын үй кешенін салу жоспарланған. Құрылыс компаниясы көл айдынының 20 гектарын сақтап қалмақ. Көлдің әу бастағы көлемі 600 гектар болған.

Ал көл айналасын парк аймағы ету жоспарда бар. Құрылысқа қарсы жұрт бұл жоспармен келіспейді.

Құстарды тамашалап тұрған тұрғындар. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

— Мұнда тұрғын үйлер болады, бізге 20 гектар қалдырады, ол дегенің көлшік қой! Бізге жай көлшік қалдырады! Біз мына көлді де, қоқиқазды да көрмейміз! — деді белсенділердің бірі. — Мұнда бірде-бір парк, бірде-бір ағаш жоқ, айналаның бәрі құрылыс, шаң-тозаң, болашақта демалатын ауа қалмайды.

Талдыкөл мен оның маңайындағы құрылыс. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

Қазақстанның биоалуандықты сақтау қауымдастығының мәліметі бойынша, Кіші Талдыкөлде аққудың — екі, үйректің — бес, шағаланың — екі, ал балшықшы құстың екі түрі мекендейді. Биологтар бұл көл сонысымен ерекше дейді.

Кіші Талдыкөлдегі аққулар. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

— Мұнда ұшып келіп, ұя салатын құстар мекендейтін жерлердің бірі ретінде Ақмола облысының барлық ландшафты үшін, сулы-батпақты өңір үшін бұл көл маңызды, — дейді қауымдастық қызметкері, орнитолог Алена Кошкина. — Бұл көл құстардың жаһандық ұшу жолында орналасқан, сондықтан олар үшін маңызды аялдама, өйткені одан кейін кең алқапта сусыз шөлдер басталады, ал құстардың мұнда тамақтанып, күш алуға мүмкіндігі бар. Олар бұдан әрі бірнеше мың шақырымға ұшуы керек.

Кіші Талдыкөлдегі шағала. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

Алена Кошкинаның айтуынша, Талдыкөлдің қала үшін маңызын айтып жеткізу мүмкін емес, себебі бұл – қала тұрғындары серуендейтін орын ғана емес, табиғи ландшафт, сондықтан қала билігі оны күтіп-баптамаса да болады.

— Үлкен қалада жасыл алқап болуы қаншалық маңызды екенін дәлелдейтін зерттеулер көп. Біздің қала – су мен балшықты алқапта орналасқан дала астанасы. Бұл көлді алып тастаса, оның қала үшін қаншалық маңызды екенін түсінгенде оны қайта қалпына келтіру тым қиынға соғады.

Кіші Талдыкөлдегі шағала. Нұр-Сұлтан, 12 қыркүйек, 2021 жыл.

Биліктің ұстанымы сарапшы пікіріне кереғар. Кіші Талдыкөл көп жыл ағын су жиналатын жер болғандықтан, әкімдік оны «тым лас» суқойма деп атайды.

Ал белсенділер көлді қазіргі қалпына сақтап, оған су нысаны деген мәрте беріп, мемлекеттік су кадастрына енгізуді талап етеді.

Бұл талабы орындалмаса, белсенділер Біріккен Ұлттар Ұйымына шағымданбақ. Себебі олардың айтуынша, астана әкімдігінің әрекеті Қазақстан қол қойған биологиялық әралуандық конвенциясына қайшы келеді дейді олар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құрылысты қобыз үнімен тоқтатқандарТалдыкөлдегі тартыс тоқтамай тұрТалдыкөлге талас: әкімдік құрылыс салмақ, экологтар табиғатқа алаңдайды