"Күні ертең не боларын білмейміз". Саха фотографы Қазақстанға сапар, Кремль бақылауы және Украина азаматтарына көмек туралы

Фотограф Алексей Васильев. Сурет авторы Қанат Бейсекеев.

Саха фотографы Алексей Васильев – халықаралық World Press Photo–2021 фотобайқауының жеңімпазы. Алексей Якутияның күнделікті тыныс-тіршілігін суретке түсіру арқылы танылған. Көктемде ол Орталық Азияны аралап, бірнеше ай бойы Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанда саяхаттаған. Талантты фотограф Азаттыққа берген сұхбатында Орталық Азияға сапары, кәсібі және Ресейдегі өмірі туралы әңгімелеп берді.

Пётр Троценко: Орталық Азияны аралауға не түрткі болды? Бұрын бұл жақта болмағаныңыздан басқа, өңірге қызығушылығыңызды оятқан басқа да себептер бар ма?

Алексей Васильев: Бұрыннан Орталық Азия халқы қалай өмір сүретінін көргім келетін. Өңір халқымен Совет одағы кезіндегі және одан ертедегі тарихымыз ортақ. Якуттар (сахалар) да қазақ, қырғыз, өзбек сияқты түркі халықтарына жатады. Орталық Азия халқы туралы не білдім? Ресейліктердің басым көпшілігі сияқты мен де Орталық Азия халқы отбасын тастап, көрші мемлекетке жұмысқа келгеніне қарағанда өте кедей тұратын шығар деп ойладым. Қазақстанға қатысты мұндай стереотип жоқ, өйткені сіздің еліңізден жұмыс істеуге көбіне әртістер келеді. Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстаннан оқырмандарым болды. Олар үнемі қонаққа шақырып, «күтіп аламыз, елімізді көрсетеміз» деп жүрді. Мен де неге дүниетанымымды кеңейтіп, жаңа мәдениетпен, тұрмыспен, ортамен танысып, Орталық Азияны аралап қайтпасқа деп ойладым. Мүмкін қалыңдық кездесіп қалар деп үміттендім.

Пётр Троценко: Қалыңдық табылды ма?

Алексей Васильев: Жоқ, әдемі қыздар көп екен, арасынан біреуін таңдай алмадым.

Каспий жағалауы. Алексея Васильев түсірген фото.

Пётр Троценко: Қазақстанда қай жерлерде болдыңыз?

Алексей Васильев: Баратын жерлерімнің тізімін жасап, жоспарлаған жоқпын. Фотограф досым Тұрар Қазанғапов айтқандай, үнемі аяқ астынан шешім қабылдап, жолға шығып кететінмін. Астана мен Алматыдан бөлек, Түркістан, Шымкент, Ақтөбе мен Ақтауға бардым. Біраз уақытымды Ақтауда өткіздім. Қарапайым, бірақ талғаммен салынған советтік эстетикаға толы әдемі қала екен. Суретке түсіру жеңіл әрі жағымды болды. Ақтауға тағы ораламын деп уәде бердім. Қазақ даласынан Ақтау сияқты қала тапқаныма таңғалдым.

Ер адамдар және көгершіндер. Ақтау. Сурет авторы Алексей Васильев.

Пётр Троценко: Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстанда қандай дүниелер есте қалды?

Алексей Васильев: Қазақстанда елді пойызбен аралау, терезеден көрінетін кең дала, жолаушылармен әңгіме есте қалды. Жол бойы бәрі маған тамақ беріп, қонақжайлық танытты. Үстелде отырып, қысылыңқырап «Жұмыртқа алсам бола ма?» деп сұрадым. Қазақтар маған «Бізде менікі-сенікі деген жоқ, ұялмай ала бер» деді. Ресейде, оның ішінде Якутияда мұндайды кездестіру қиын. Бізде адамдар қара басының қамын көбірек ойлайтын сияқты. Қазақтар – сондай тамаша халық. Қай қалаға барсам да, мейірімді адамдар кезігіп, қолынан келген көмегін аяған жоқ. Қырғызстан мен Өзбекстан халқы да қазақтардан кем түспейді. Жолымнан үнемі жақсы адамдар шығып, өзімді еркін, қауіпсіз сезіндім. Жол бойы жергілікті халықтың мейірімі мен қамқорлығын сезінумен болдым. Осы сезім мәңгілік жүрегімде қалып қойды.

Ақтөбе – Ақтау бағыты бойынша пойыз жолаушылары. Сурет авторы Алексей Васильев.

Анам Якутияда такси шақырғанда жүргізушінің Орталық Азиядан болғанын қалайды. Өйткені олар сыпайы келеді, бағалары да қымбат емес..

Қырғызстанда жаным рахаттанды. Фотография саласында жақсы көретін қызық адамдар, советтік ғимараттар, тамаша табиғат сияқты дүниемнің бәрін бір елден тауып, мәз болдым.

Өзбекстанға аптап ыстық кезінде бардым, ал мен ыстықты ұнатпайтын адаммын. Сапарымды сәуірде Өзбекстаннан бастауым керек еді деп өкіндім. Үйімді сағындым, сондықтан Өзбекстанды дұрыс аралай алмадым, камерамды да көп шығарған жоқпын. Тағы бір мүмкіндік туғанда, Өзбекстанға, ары қарай Тәжікстанға барып қайтамын.

Кешкі Самарқан. Сурет авторы Алексей Васильев.

Пётр Троценко: Орталық Азиядан жиналған суреттерден фотожоба жасау ойыңызда жоқ па?

Алексей Васильев: Фотожоба жасағым келеді, бірақ халықаралық кикілжіңдер, жаңа аурулар мен апаттар жиі болатын қазіргі заманда алдағы бір айдың өзіне жоспар құру қиын. Күні ертең не болатынын ешкім білмейді. Әлем қатты өзгеріп кетті.

Пётр Троценко: Сіз шалғай өңірлерді аралап, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін боямасыз көрсететін суреттер жариялайсыз. Деректі фотографияны не үшін жақсы көресіз?

Алексей Васильев: Деректі фотографияның бір артықшылығы, мұнда ештеңе ойлап табудың қажеті жоқ, тек бақылап, дер кезінде суретке түсіріп үлгерсең болғаны. Өмірді қалай көрсең, солай түсіресің. Өмірді шынайы қалпында түсіресіз деп тұрған жоқпын, өйткені әр фотограф өмірге әртүрлі қарайды. Біреу шарасыздық көрген жерден мен сүйсінерлік дүние табуым мүмкін.

Ыстықкөл жағалауы. Сурет авторы Алексей Васильев.

Пётр Троценко: Бірақ сүйсінерлік туындылар түсіріп, көп ақша табу қиын. Фотографияны табыс көзі деп қарайсыз ба? Коммерциялық жобалар түсіресіз бе?

Алексей Васильев: ​24 ақпанға дейін әртүрлі журналдар мен сайттардың тапсырысын орындап, қаламақы алатынмын. Қазір ол да жоқ. Суреттерімді сатуды қолға алу керек сияқты.

Деректі фотография (әсіресе, ресейлік фотографтар үшін) – ақшасы аз кәсіп. Фотографтар өзін және отбасын асырау үшін қолынан келгеннің бәрін істейді: коммерциялық жобалар түсіреді, суреттерін сатады, гранттарға өтініш береді, басылымдарға фотожобалар ұсынады, сұранысқа ие фотографтар шеберлік сыныптарын өткізеді, курс ашады. Күнде кофе ішкіңіз келсе, фотографиямен ғана айналыса алмайсыз. Әйтпесе, суда еритін Nescafe ғана ішесіз. Осы себептен ресейлік фотографтардың көбінің өнер саласына қатысты басқа тұрақты жұмысы бар.

Сайран маңы, Алматы. Сурет авторы Алексей Васильев.

Пётр Троценко: Якутия – Кремль мен Ресейдің еуропалық бөлігінен алыс жатқан үлкен аймақ, тіпті, жеке мемлекет деуге болады. Якутия халқының тұрмысы қандай? Оларды Ресейдің қалған бөлігіндегі өмір қызықтыра ма?

Алексей Васильев: ​Кремльдің бізге қаншалық жақын орналасқанын елестете де алмайсыз. Ресейдің барлық аймағындағы өмір толықтай Мәскеудің бақылауында. Ешқандай автономия жоқ, артық қимыл жасасаң, түрмеден бір-ақ шығасың. Елде авторитарлық жүйе орнаған. Якутия халқы бұрын премьер-министрдің өзін танымайтын, қазір теледидарды қосып, әр шенеуніктің, тіпті оның орынбасарлары мен көмекшілерінің атын жатқа айтады. Әсірелеп жатқан шығармын, бірақ қазіргі күнтәртібі бәрімізге қатысты екенін сезіп отырмыз.

Мәдениет сарайының қызметкерлері. Қырғызстан. Сурет авторы Алексей Васильев.

Пётр Троценко: Жақында ресейлік фотографтар бірігіп, олардың ішінде өзіңіз де барсыз, Ресейдегі украиналық босқындарға көмектесті. Осы жоба туралы айтып беріңізші.

Алексей Васильев: Бұл ресейлік ондаған фотограф пен «Лавка радости» қорының бастамасымен Ресейдегі Украина азаматтарына көмектесу үшін қолға алынған жоба. Украин босқындары кейінгі бірнеше айда үйінен, бар мүлкінен, денсаулығы мен жақындарынан айырылды. Қолымыздан келген ең аз көмек осы болды. Өз басымыз бен жақындарымыздың қауіпсіздігін ойлап, ашық наразылық білдіре алмасақ, тым болмаса, көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созуымыз керек.

Тоқтағұл ауылының тұрғындары. Қырғызстан. Сурет авторы Алексей Васильев.

Пётр Троценко: Цензураға ұшыраған, «Алексей, оптимизмге толы суреттер түсіре аласыз ба? Елімізде жетістіктер көп қой» деген пікірлер естіген кездеріңіз болды ма?

Алексей Васильев: Ең үлкен цензор – өзім. Якутиядағы тіршіліктің сан қырын білемін: жаман, ащы, мұңды тұстарымен бұрыннан таныспын, бірақ бұған назар аудармаймын. Табиғи ортам басқа. Суреттерімде Якутияға қатысты тәтті мұң сезімін беруге тырысамын.

Ақтау жағалауы. Сурет авторы Алексей Васильев.

Пётр Троценко: Басқа елге қоныс аудару туралы ойланып көрдіңіз бе?

Алексей Васильев: Өзіне жаны ашитын, болашағын ойлайтын кез-келген адам эмиграция туралы ойланады. Бірақ қайда барамын? Бұл менің үйім, мұны өзгерте алмаймыз. Ертең не болатынын дөп басып айту қиын. 24 ақпаннан кейін елден кеткен адамдар да бір сәтте қиын таңдаудың алдында қаламын, жұмысымды, қалыпты өмірімді тастап, белгісіз елге жол тартамын деп ойлаған жоқ.

Балықшы ауылындағы мешіт. Ыстықкөл облысы, Қырғызстан. Сурет авторы Алексей Васильев.

Пётр Троценко: Көп жарыстардың, оның ішінде World Press Photo байқауының жеңімпазысыз. Бұл байқаудағы жеңіс сізге не берді? Мүмкін танымалдылық пен жаңа жобалар әкелген шығар?

Алексей Васильев: Өзімді бағалауым өсті. «Қандай камераға түсіресіз?» деп сұрайтындар көбейді. Негізі байқауларда жеңіске жету бір сәттік ләззаттан басқа ештеңе бермейді. World Press Photo байқауын үш рет жеңсем де, ұсыныстар мен тапсырыстар көбеймейді. Бәрібір бұрынғыдай жаныңды салып жұмыс істейсің. Сенің атыңды ертең-ақ бәрі ұмытып кетеді, ал суреттерің, фотоның көмегімен жеткізген хикаяларың мәңгілік сақталады. Міне, осы үшін көп еңбек ету керек.

Ащысай ауылының тұрғындары. Түркістан облысы. Сурет авторы Алексей Васильев.

Пётр Троценко: Сіз үшін фотографияда не нәрсе маңызды? Бұл кәсіп несімен ұнайды?

Алексей Васильев: Бір ғана дүниені бөліп атай алмаймын. Фотограф әдемі бір сюжет түсіруі мүмкін, бірақ композиция мен жарық дұрыс болмаса, кадрдың ерекшелігі жоғалады. Сондықтан фотографияда маған эмоция, композиция мен жарық маңызды.