"Атып тастап, жала жапты". Қаңтар құрбаны Бауыржан Сейдомаровтың туыстары марқұмды ақтауды талап етеді

35 жастағы Бауыржан Сейдомаров Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда оқ тиіп қаза тапқан. Отбасы архивіндегі сурет.

Қаңтар оқиғасында Таразда қаза тапқан бес адамның туыстары биліктен марқұмдарға тағылған "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" айыптарын жойып, оларды ақтауды талап етті. Олар тергеу мен сот әділетсіз өтті дейді. Азаттық Қаңтар құрбандарының бірі Бауыржан Сейдомаровтың отбасымен сөйлесті.

22 желтоқсанда Астанадағы Бас прокуратураға Тараздан бір топ адам келді. Бұлар – Қаңтар оқиғасы кезінде сол қалада қаза тапқан Асхат Бегешов, Бауыржан Сейдомаров, Нұрсұлтан Қуатбаев, Ержан Байжанов пен Ошақбай Тоқтардың туыстары. Қаңтардағы қантөгісте мерт болған ол адамдарға тергеу органдары "терроризм", "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "билік өкілдеріне бағынбау" баптары бойынша айыптар тағып, іс қозғаған. Кейбірінің ісі "қайтыс болуына байланысты" тоқтатылса, енді біреулерінің ісі бойынша қазір Таразда сот жүріп жатыр. Қаңтар оқиғасына байланысты тергеу орындары күдікті деп таныған адамдардың туыстары тергеу мен сот әділетсіз өтті деп наразы. Олар билікке марқұмдарға тағылған айыптар алынсын және олар толық ақталсын деген талап қойды.

Your browser doesn’t support HTML5

"Марқұмдарға тыныштық берсін". Қаңтарда туысынан айырылған тараздықтар талабы

"ҮШ БАЛА ЖЕТІМ, ОТБАСЫ АСЫРАУШЫСЫЗ ҚАЛДЫ"

Астанаға Тараздан арнайы келгендердің арасында Индира Алпысбаева да бар. Оның жары Бауыржан Сейдомаров биыл 6 қаңтарда Тараздағы алаңда оқ тиіп қаза болған.

Индира Алпысбаева биліктен марқұм жұбайының есімін "жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген негізсіз айыптаудан арылтып, оны толық ақтауды" талап етеді.

– Кейінгі бір жылда көрген бейнетімді дұшпаныма да тілемеймін. Күйеуім оққа ұшып, шиеттей үш балам жетім қалды. Ол аздай, Бауыржанға ауыр айып тағып, үстінен қылмыстық іс қозғады. Қайғыдан қан жұтып жүргенімде анам ауыр дертке ұшырап, төсек тартып қалған. Күзде ол кісі де о дүниелік болды. Есімді енді ғана жия бастадым, – дейді Индира.

Индира Алпысбаева Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда оққа ұшқан күйеуі Бауыржан Сейдомаровқа "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабымен тағылған айыпты жоюды және оны толық ақтауды талап етіп Бас прокуратураға келіп тұр. Астана, 22 желтоқсан 2022 жыл

Бауыржан мен Индира 2011 жылы отау көтерген. Үш перзент сүйген. Тұңғышы Мерейдің жасы қазір он бірде, қызы Мөлдір алтыға толды, кенжесі Алдияр бес жаста. Индира Тараздағы қант зауытында технолог болып еңбек етеді. Отбасы асыраушысынан айрылғалы бері мемлекеттен айына 87 мың теңге (қазіргі бағаммен 185 доллар шамасында) жәрдемақы алып отыр.

Бауыржан Сейдомаровтың шешесі Пернегүл Бәшқұлова ұлының қазасынан кейін қайғыдан қатты есеңгіреп қалған. Дүниеге бір ұл, бір қыз әкеліп, жеткізген әйел көзіне жиі жас алады. "Жан-дүнием ойсырап, көңілім құлазып, түнекте жүрген бағытсыз жандаймын" деп суреттейді баласыз өткен бір жылын қайғыдан күйзелген ана. Баласының көлденең қазасына көпке дейін көндіге алмай, кейін намазға жығылған соң жаны жай таба бастағанын айтады.

– Балам алаңға халықтың мұң-мұқтажын айта барып шейіт болды. Оның орны жұмақта болар деп үміттенемін. Күн сайын бес рет маңдайымды сәждеге қойып, "ұлымды атып өлтіргендердің жазасын өзің бер" деп Аллаға жалбарынамын. Ешкімді мен сияқты баласынан айырмасын, өйткені бұл күні-түні жаныңды жегідей жейтін, адам төзгісіз ауыр қайғы. Қазақтың "Атам-ай дегізсең де, ботам-ай дегізбе" деген сөзінің мәнісін енді түсіндім, – дейді дүниеге бір ұл, бір қыз әкеліп, жеткізген Пернегүл Бәшқұлова.

ЕКІ ОҚТЫҢ ІЗІ

35 жастағы Бауыржан Сейдомаров отбасын – зейнеткер анасы, келіншегі мен кәмелетке толмаған үш баласын пәтер жөндеп асырапты. "Ол өзі сантехник, өзі электрик, қолынан бәрі келетін" деп сипаттайды марқұмды жақындары.

Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп қаза тапқан Бауыржанды туыстары бес күннен соң, 11 қаңтарда Тараздағы мәйітханадан тапқан. Үй-ішінің айтуынша, ол 6 қаңтар кешкі сегіз жарым шамасында өзі жөндеп жатқан пәтерден шығып, Тараз қаласы әкімдігі алдындағы алаңға барған. Анасы ұлының алаңға кеткенін ертесіне оны іздеп жұмыс орнына барғанында бірге істейтін адамдардан естігенін айтады.

– Қаңтардың жетісінен бастап баламды іздемеген жерім жоқ. Сол күндері Таразда біз сияқты көше кезіп, зар илеп, әрлі-берлі сабылып жүргендер көп болды. Бауыржанның қалтасында не құжат, не телефоны болмаған. Құжаттары үйде қалған, ал телефонын алаңда түсіріп алса керек. Сол себепті мәйітхана қызметкерлері оны "25-30 жас шамасындағы беймәлім азиат" деп рәсімдепті. Кейін қызым мен күйеу балам Бауыржанды сол жерден тапты. Мәйітханада ұзақ жатып қалғандықтан, үйге әкелген күні, 11 қаңтарда жерледік, – дейді шешесі.

Бауыржан Сейдомаров (сол жақта) пен әйелі Индира Алпысбаева. Отбасы архивіндегі сурет.

Бауыржан Сейдомаровтың қазасының себебін анықтаған сот-медицина сараптамасы қорытындысында "кеудесінің сол жақ тұсынан енген оқ өкпесінің оң жақ бөлігін зақымдап, салдарынан ішіне және сыртына көп қан кетіп, қатты қансырағаны" жазылған. Ал Сейдомаровтың денесі мен киімін зерттеген сот-баллистика сараптамасы "құрамында мыс бар екі оқ алыстан атыс қаруынан атылған" деген тұжырым жасаған.

Алаңда ес-түссіз жатқан Бауыржан Сейдомаровты өзге демонстранттар "Газель" автокөлігіне салып, 6 қаңтарда сағат 22:15 шамасында Тараз қаласындағы көпбейінді аурухананың травматология бөліміне жеткізген. Бұл туралы қылмыстық іс материалында жазылған. Бауыржанның нақты қай уақытта жан тәсілім еткенін туыстары білмейді.

"АЛКОГОЛЬ ІШІП, ЕСІРТКІГЕ ЕЛІТІП АЛЫП БАРҒАН"

2022 жылғы 18 ақпанда тергеу органдары Бауыржан Сейдомаровтың үстінен Қылмыстық кодекстің 255-бабының 4-бөлігі ("терроризм"), 272-баптың 2-бөлігі ("жаппай тәртіпсіздікке қатысу") бойынша қылмыстық іс қозғаған. Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова Азаттыққа Сейдомаровтың ісімен Бас прокуратура құрған жедел тергеу тобы айналысқанын айтты.

Тергеу материалдарында 1986 жылы туған Бауыржан Сейдомаровтың 2022 жылғы 6 қаңтарда Тараз қаласы Сүлейменов көшесінде орналасқан қала әкімдігі ғимараты маңында ішіне оқ тиіп қаза болғаны жазылған. Атыс қаруын "шабуылға тойтарыс беру мақсатында" "Оңтүстік" әскери қолбасшылығ сарбаздары қолданған деп көрсетілген.

– Тергеу кезінде "балаңыздың киімін танып алыңыз" деген соң полицияға бардым. Үлкенірек бір бөлмеде киімдер үйіліп жатыр екен. "Мынау бесі күні, мынау алтысы күні өлген адамдардың киімі" деп бөліп қойыпты. Менің есебімше, сол бөлмеде кемінде 20-30 адамның киімі болды. Мен сияқты қаншама ана ботадай боздап қалды десейші. Баласынан топырақ бұйырмаған қиын екен, – деп жылайды Пернегүл Бәшқұлова.

Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда қаза болған адамдардың жақындары марқұмдарға тағылған айыпты жойып, оларды ақтауды талап етіп Бас прокуратураға келіп тұр. Астана, 22 желтоқсан 2022 жыл

Марқұмның жесірі Индира Алпысбаева Азаттыққа көрсеткен құжатта "2022 жылғы 6 қаңтарда шамамен сағат 15:30-да Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұйрығымен бүкіл республика бойынша терроризмге қарсы операция (ары қарай – ТҚО) жүргізілетіні жарияланды және сонымен бір мезгілде терроризм қауіпінің шекті "қызыл" деңгейі белгіленді. ТҚО жариялау және төтенше жағдай енгізу туралы ақпарат жұртқа БАҚ арқылы таратылды, сондай-ақ ұялы байланыс пайдаланатын барлық абонент нөмірлеріне SMS жіберіліп, халыққа жеткізілді. Жоғарыда аталған шектеулерді ескермей, 6 қаңтарда сағат 20:00 шамасында М.К.Бекбау, А.В.Абрамов, И.Ш.Донбаев, Е.Р.Байжанов, Т.У.Серкебаев, Н.Н.Қуатбаев, Р.Е.Рысбеков, Б.С.Сейдомаров, Т.М.Ошақбай, сонымен қатар кәмелетке толмаған Б.А.Катенов, А.А.Опушиев, Т.Д.Қадыров алкоголь мен есірткі тұтынған масаң күйде, кейін тергеу барысында анықталмаған 200-250 адаммен бірге Тараз қаласының орталық алаңына барған" деп жазылған.

Сейдомаровтың отбасы қаулыдағы "алкоголь мен есірткі тұтынған" деген сөзге күмән келтіреді.

– Балам [алкоголь] ішпейтін еді деп өтірік айта алмаймын. Бірақ тап сол күні алаңға ішіп барған дегенге күмәнім бар. Ол сегіз жарымда жұмыстан шығып, бас-аяғы бір сағатта оққа ұшқан. Тергеушілер "қайтыс болғандардың бәрі мас болған, есірткі шеккен" дейді. Олар бұрын-соңды бір-бірін көрмеген, мүлдем бейтаныс адамдар. Бір отырыстан шығып, бәрі бірге алаңға барса бір жөн. Түгелдей масаң күйде болған дегені ақылға сыймайды ғой. "Жаптым жала, жақтым күйе" дегеннің кері, – дейді Пернегүл Бәшқұлова.

Оның айтуынша, отбасының жеке адвокат жалдауға ақшасы болмаған. "Мемлекет тағайындаған адвокатты сегіз ай тергеу кезінде тек екі-ақ рет көрдім, ол мен жоқ кезде де тергеуге келіп, қол қойып кетіп жүрді" дейді Бәшқұлова.

Істі жауып тастайық, әйтпесе, барлық сараптама мен мемлекет берген тегін адвокаттың ақшасы мойныңа қояды деп қорқытты

– Қатты күйзеліп, есім кіресілі-шығасылы боп жүрген кезім. Тергеуге қайта-қайта шақырады. Бәрі тұс-тұстан "істі жауып тастайық, әйтпесе, барлық сараптама мен мемлекет берген тегін адвокаттың ақшасы мойныңа қояды" деп қорқытты. Көнбей қойдым. Шілденің ортасында "айтқаныңызды ескеріп, балаңызға тағылған терроризм айыбын алып тастадық, енді қол қойыңыз" деп алдарқатты. "Мені аяп отырған жоқсыңдар. Балама "террорист" деп жала жауып, соған дәлел таппағаннан кейін ол айыпты алып тастадыңдар" деп, айтқанына көнбедім. Ақыр соңында алты ай жалғасқан психологиялық қысымға шыдамай, тергеушілердің қолыма ұстатқан қағазына қол қойып бердім, – дейді Пернегүл Бәшқұлова.

2022 жылғы 14 шілдеде күдікті Бауыржан Сейдомаровтың іс-әрекеті Қылмыстық кодекстің 272-баптың 2-ші, 3-ші бөлігімен ("жаппай тәртіпсіздікке қатысу") қайта сараланған. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған ведомоствоаралық жедел тергеу тобының жетекшісі, Қазақстан бас прокурорының көмекшісі К.Б.Абылақанов 20 шілдеде күдіктіні қылмыстық қудалауды тоқтату туралы қаулы қабылдаған.

– Сейдомаровтың үстінен "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" бабымен іс қозғалып, қайтыс болуына байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Бұл іс бойынша осыдан басқа ештеңе айта алмаймын, – деді мемлекет тағайындаған адвокат Гаухар Бақдәулетова Азаттыққа.

Бауыржан Сейдомаровтың үстінен қозғалған істі тергеу орындары күдікті қаза тапқандықтан тоқтатқанымен, оған тағылған айып алынбады, оны ақтамады деп наразы отбасы. Үй іші Бауыржан еш жазықсыз құрбан болды деп есептейді.

– Қанша боздақ бостан босқа өліп қалды. Білуімше, қаңтардың 6-сы алаңға барған жұртқа оқ ататындай себеп болмаған. Өйткені қаңтардың бесінде жанатын нәрсе жанып болған. Ал бұлар бейбіт митингіге шыққан адамдарды бостан босқа атып тастап отыр. Көшеде бос жүрген иттің өзін мойнында қарғыбауы болса, сұрауы бар деп атпайды емес пе, бұларды сонда ит құрлы көрмегені ғой?! – дейді Пернегүл Бәшқұлова көзі жасқа толып.

Алпыстан енді асқан әйел бір жылда күрт қартайып кеткенін айтады. Баласы туралы айта бастаса, өксікке булығып сөйлей алмай қалады. Артынша жасын тыйып, немерелерінің амандығын тілейді. Енді бір сәт өз-өзімен сөйлесіп отырғандай "Ақ сүтімді кештім, құлыным, кештім" деп күбірлейді.

Азаттықтың деректі фильмі: Қаңтардағы Тараз. Жоқтау мен іздеу

Your browser doesn’t support HTML5

Қаңтардағы Тараз. Жоқтау мен іздеу

Ресми дерек бойынша, Таразда Қаңтар оқиғасында 15 адам қаза тапқан. Қазір Тараз сотында "Терроризм", "Жаппай тәртіпсіздікке қатысу" баптары бойынша айып тағылған тоғыз адамның соты өтіп жатыр. Олардың үшеуі тергеу абақтысында қамауда отыр.

Қаңтардың басында Жаңаөзенде жұрт сұйылтылған газдың қымбаттауына жаппай наразылыққа шыққан. Кейін елдің түпкір-түпкірінде халық Жаңаөзенді қолдап, алаңға барған. Олар елдегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге қауқарсыз билікті сынап, Қазақстанға саяси өзгерістер қажетін айтып, биліктің отставкаға кетуін, әділ сайлау өткізуді талап еткен. Кейін бірқатар қалада бейбіт митингінің аяғы тәртіпсіздікке ұласып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай жариялап, ескертусіз оқ атуға бұйрық берген. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы салдарынан елде 238 адам қаза тапқан. Оның 19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер.

22 желтоқсанда Қазақстан бас прокурорының бірінші орынбасары Тимур Тәшімбаев Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша қазірге дейін 1249 адам сотталғанын, олардың 160-ы бостандығынан айрылғанын хабарлады. "Қаза тапқандардың өлімінің жай-жапсары бізге 95 пайыз белгілі, ол жайлы бұрын да айтқанбыз" деді ол Астанада өткен брифингте.

Құқық қорғаушылар мен Қаңтар оқиғасына байланысты айып тағылған кейбір адамдардың туыстары тергеу мен сот әділ өткен жоқ деп санайды. Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы 20 желтоқсандағы мәлімдемесінде Астананы Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп сынады. Қазақстан бас прокуратурасы бұл сөзбен келіспейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Арқадан тиген оқ кеудесінен шыққан". Қаңтарда қаза тапқан жасөспірімді сотқа тартты"Оқ атуды бұйырған басшы кінәлі". Қаңтарда қаза тапқан студенттің анасы ұлын ақтауды талап етеді"Сенің балаң – 200 пайыз террорист". Қаңтарда үш оқ тиіп өлген Тоқтар