Байбек-Мамай соты, ҚДТ мен ЛГБТ көрген қысым, ақылы жол және Қытай вакцинасы. Аптаға шолу

Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі кезінде. Алматы, 9 мамыр 2016.

Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы аптаның үздік хикаяларын назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.

"Ақы сұрамас бұрын жолды жөндесін". Жүк көлігі жүргізушілері мен министрдің тәжікесі

2 маусым күні таңертеңгі сағат 11-ге қарай Шымкенттің шетінде, Ташкентке шығатын күре жолдың бойына жүк көліктері жинала бастады. Біраз уақыттан кейін, куәгерлердің айтуынша, күре жолдың екі қапталына жиналған жүк көліктері бір шақырымдай жерге созылып тұрған. Қазақстанда жүк таситын көлік жүргізушілерінің елдегі кейбір жолды ақылы жасауға қарсылық білдіріп жатқанына осымен төртінші күн. Олар сапасы нашар жолға үкімет тым қымбат ақы сұрайды деп санайды.

– Жол сапасы сын көтермейді, ал үкімет белгілеген ақыны енгізген күннің өзінде оған кеткен шығын жүк бағасына қосылатын болады. Сөйтіп сайып келгенде бұдан тұтынушы ұтылады, – деді Нұркен есімді жүргізуші Азаттыққа.

Толығырақ...

Your browser doesn’t support HTML5

"Мәселе шешілмейінше жолға шықпаймыз". Жүк көлігі жүргізушілері ақылы жолға наразы

Қазақстан Каспий теңізін қазып, канал салмақ. Бұл теңіздің экожүйесіне қалай әсер етеді?

Қазақстан билігі Қашаған операторы – "Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В." (NCOC) компаниясының Каспий теңізінің түбін қазып, канал салу туралы жобасын мақұлдады. Бұл канал мұнайшыларға Қашаған кен орнына жүк тасымалдау үшін керек. Қоғам өкілдері канал салу жобасы Каспийдің экожүйесіне кері әсер етеді деп қауіптенеді. Ғылыми бағалау бойынша, теңіз суы жыл өткен сайын тартылып барады. Ал тендер ұтып алған мердігер ұйым жұмыс бастауға техникасын сайлап отыр.

Мақала сәл ұзақ, сізге ыңғайлы болу үшін бірнеше бөлімге бөлдік. Қызықтырған бөлімді оқу үшін тақырыпшаларға шертіңіз.

  1. Судағы тіршілік иелерін сақтап қалу мүмкіндігі – нөл пайыз
  2. Қоғамдық тыңдау қалай өтті?
  3. Жоба қалай мақұлданған?
  4. "Басыңды жоғалтқанда шашыңды ойламайсың"
  5. Депутаттар қоғам өкілдерін қолдады
  6. Жоба итбалықтарға қалай әсер етеді?
  7. "Ағалардың" тендерге таласы және құрлықтағы Қашаған
  8. Күкірт сутегінің қоламса иісі
  9. NCOC жобаға кететін қаржы көлемін көрсетпей отыр

Толығырақ...

Каспий теңізі Қашаған кен орнындағы жасанды аралдар.

Құлыбаевтың Англиядағы вилласының "құрылысы аяқталды". Ханзадамен келісім құпиясы әлі ашылған жоқ

Англияның Беркшир графтығында Назарбаевтың күйеубаласы, миллионер Тимур Құлыбаевтың зәулім вилласы салынып біткені хабарланды. Құрылыс бес жылға созылды. Британия патшайымының баласы Эндрю ханзададан оффшорлық компания арқылы сатып алынған мүлік бойынша келісімнің күмәнді тұстары бар.

Your browser doesn’t support HTML5

Құлыбаевтың Англиядағы вилласының "құрылысы аяқталды". Ханзадамен келісім құпиясы әлі ашылған жоқ

"Алға, Қазақстан" деген үшін экстремист атандық". Әблязовті қолдаған бес адам сотталды

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, Қазақстан соты сырттай өмір бойына соттаған Мұхтар Әблязовтің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен ол ашық қолдаған "Көше партиясы" қозғалыстарына байланысты тағы бірнеше адамға үкім шықты. Екі қозғалыс та Қазақстан соты шешімімен "экстремистік ұйым" қатарына қосылған. Құқық қорғаушылар мұны "саяси іс" деп есептейді.

Your browser doesn’t support HTML5

"Алға, Қазақстан" деген үшін экстремист атандық". Әблязовті қолдаған бес адам сотталды

Бішкекте ҚТЛ президентін үшінші күн іздеп жатыр. Жақындары Түркиядан көреді

Қырғызстанда "Сапат" мектептерінің президенті Орхан Инандының жоғалғанына үш күн болды. Бішкекте күн сайын ұйым басшысын табуды талап еткен митингтер өтіп жатыр. Іске ел президенті Жапаровтың өзі де араласты. Ұлты түрік қырғыз азаматының жоғалуы халықты неге шулатты? Түркияның бұған қатысы бар ма?

Толығырақ...

Орхан Инандыны талап еткен митинг. Бішкек, 3 маусым 2021 жыл.

"Бізді тоқтата алмайсыңдар". Таяқ жеген ЛГБТ белсенділеріне қысым күшейді

29 мамырда Шымкентте жыныстық азшылықтағы әйелдер құқығы жайлы жиын өткізбек болған екі белсендіні белгісіз топ ұрып-соқты. Кейін оларды полиция әкетіп, күні бойы тергеді. Жанар Секербаева оқиғадан бері телефонына әлдекімдерден қорқытқан хаттар келіп жатқанын айтады. Бірақ олар белсенділігін тоқтатпақ емес.

Your browser doesn’t support HTML5

"Бізді тоқтата алмайсыңдар". Таяқ жеген ЛГБТ белсенділеріне қысым күшейді

ДДСҰ Қазақстанға күні кеше келген Қытай екпесін мақұлдады. CoronaVac жайлы не білеміз?

2 маусымда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдың Sinovac компаниясы өндірген екпені төтенше қолдану үшін мақұлдады. Бір күн бұрын Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі бұл екпенің 500 мың дозасын алдыртқанын хабарлаған.

ДДСҰ-ның мәлімдеуінше, CoronaVac деп аталатын осы қытайлық екпені салдырғандардың 51 пайызында Covid-19 белгілері байқалмаған. Вакцина сондай-ақ ауруханаға түсуден 100 пайыз қорғаған.

Қытай вакцинасының елге әкелінгенін Денсаулық сақтау министрлігі сейсенбі, 1 маусым күні мәлімдеді. Министрліктің хабарлауынша, екі дозадан тұратын жаңа екпе 18 жастан асқандарға салынады. Доза аралығы – 14-28 күн.

Толығырақ...

Жұмысшы Sinovac вакцинасы құйылған құтыларды тексеріп тұр. Пекин, Қытай. 24 қыркүйек 2020 жыл.

"Екі үлкен кісіні сынама деген тапсырманы орындамадым". Билікті сынап, айтыстан шеттетілген ақын

Қытайдан 2008 жылы Қазақстанға көшіп келген айтыс ақыны Саягүл Бірлесбек қазір сахнадан шеттеп қалған. Сөзінше, екі жыл бұрын Атыраудағы айтыста "қос президент Назарбаев пен Тоқаевты сынамаңдар" дейтін тапсырманы "орындамай" ұйымдастырушылардың қырына іліккен. "Шындық айтылмайтын додаға қатысудың мәні жоқ" деген айтыскер өз пікірін YouTube пен Instagram парақтарында жариялап жүр.

Your browser doesn’t support HTML5

Билікті сынап, айтыстан шеттетілген ақын

"Балалар үйі өмірге бейімдемейді". Тастанды тағдыры немесе қиындыққа мойымаған жанның хикаясы

Ең жақыны өзін тастап кеткенін біліп өмір сүру, көп жылдан соң олармен кездесіп, қылығын кешіру қаншалық қиын? Тағдырдың ауырлығына мойымай, өзгелерге жәрдемдесу мақсатына жету үшін не істеу керек? Азаттық балалар үйі түлектерінің қауымдастығы жетекшісі Рафаэль Гасановпен әңгімелесті.

Жарық дүниеге әкелген анасы жаңа туған перзентінен бірден бас тартқан. 1996 жыл еді. СССР тарағаннан кейін басталған тоқырау, экономикалық дағдарыс кезі. Анасы перзентханаға қалдырып кеткен сәбилердің бәрінің барар жері біреу: оларды туған үйдің орнын баса алмайтын мемлекеттік мекемеге жібереді. Осылайша жас нәресте әуелі бөбектер үйінде, кейін жетімдер үйінде тәрбиеленеді, ары қарай жолы болса, жатақханасы бар училищеге оқуға түсіп, кәсіби мамандық алып шығады.

Бірақ Рафаэль Гасановтың тағдыры өзгеше болды. Ол өзін жолы болған жанмын деп санайды. 1997 жылы Алматыда Қазақстандағы алғашқы SOS балалар ауылы ашылған. Рафаэль соған тап болған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Австрияда пайда болған мұндай мекемелердің принципі бойынша, жетімдер "анасымен" тұрады. Әр отбасының жеке үйі, басқа жанұяларға ұқсайтын кәдімгі тұрмысы болады. Мұндағы тіршілік күнде таңертең бір тәрбиеші оятып, түстен кейін басқа қызметкер келіп, кешкісін үшінші адам ұйықтататын жетімдер үйіндегі тәртіпке мүлде ұқсамайды.

– Бізді былай тәрбиеледі: өзіміз үй жинап, дүкенге баратынбыз. Осындай ұсақ-түйектен дербес өмір сүруді, бір-бірімізге қамқор болуды үйрендік. Бұл – отбасылық тәрбие түрі, – дейді Рафаэль.

Толығырақ...

Балалар үйі түлектерінің қауымдастығы жетекшісі Рафаэль Гасанов. Алматы, 31 мамыр 2021 жыл.

"Бізде шаң басып, мүлде ашылмаған құжат көп". Репрессия құрбандарын ақтау қалай жүріп жатыр?

Тарихшылардың дерегінше, 1937-38 жылдары совет билігі жүргізген саяси репрессия кезінде Қазақстанда 120 мыңнан аса адам қуғынға ұшырап, 25 мыңы атылған. 1928 жылғы кәмпескелеу соңы 1932-34 жылдардағы ашаршылыққа ұласып, түрлі деректер бойынша, Қазақстанда 1,3-1,5 млн адам қаза болған.

Былтыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрған советтік репрессия құрбандарын ақтау комиссияның мүшесі, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Тарих факультетінің профессоры Арайлым Мұсағалиева "жұмыс топтары ауыл-аудандардағы бұрын ашылмаған құжаттарды" зерттейтінін айтады.

Азаттық: Репрессияға ұшырағандарды ақтау несімен маңызды?

Арайлым Мұсағалиева: Олардың бәрі бірдей ақталды дей алмаймыз. Жоқтаушысы жоқ адамдар бар. Жақында Қарағанды облысы Теміртау қаласының мемлекеттік архивінен бір құжат таптым. Жер аударылған байлар мен кулактардың тізімі екен. Барлығы 83 қазақ, оншақты неміс, оншақты орыс бар.

Азаттық: Осыған дейін зерттелмеген құжат па?

Арайлым Мұсағалиева: Бұрын қаралмаған. Бетімде маска, қолымда қолғап. Ашып қалғанда шаң бұрқ ете қалды. Ашқан кезде қап-қара болдым, неше жылдың шаңы жиналған. 1930-жылдардан бері ашылмаған ғой.

Толығырақ...

Арайлым Мұсағалиева, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы. 6 мамыр 2021 жыл.

Еңбек мигранттары Ресейден Қазақстанға ойысып жатыр

Өзбекстанның шығысындағы Қоқанд тұрғыны Дилшодбек он жылдай Ресейде жұмыс істеп келген.

Биыл ол көрші Қазақстанға келіп нәпақа таппақ.

"Қазақстанда ақша анағұрлым аз төлейді, бірақ есептеп қарасам, соңында көп айырмашылық болмайтын сияқты. Мамырда Ресейге кеткен інім ұшақ билетіне 600 доллар, жұмысқа рұқсат алу құжатын рәсімдеуге 300 доллар жұмсады. Сол ақшаның аз бөлігін ғана шығындап, Қазақстанға келе аласың" дейді 42 жастағы Дилшодбек.

Коронавирус пандемиясы басталғалы ұшақ билетінің бағасы аспандап, Ресейде жұмысқа рұқсат алудың да төлемі өскен соң Дилшодбек сияқты Орталық Азия мигранттары аймақтағы ең ауқатты ел – Қазақстаннан жұмыс іздей бастады.

Толығырақ...