«Экстремист» ретінде тіркеуді жаңсақ бағыттама деп түсіндіреді

Жол полициясы инспекторы көшені жауып тұр. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Астаналық Мұратбек Арғынбетов өзінің «эстремист» емес екенін дәлелдеп, көлігін тіркеуден шығару үшін екі күн жүрген. Полицейлер бұл оқиғаны «оның көлігіне қатысты бағыттама қателігі» деп атайды.

Астана тұрғыны Мұратбек Арғынбетов үшін Chevrolet Lacetti автокөлігін сату Астана қаласы ішкі істер департаментіне қарасты экстремизм және терроризммен күрес басқармасына баруға ұласқан. Ол жуықта халыққа қызмет көрсету орталығына барып, автомобилін тіркеуден шығарған кезде өзінің «2016 жылғы мамырдың 19-ынан бері экстремизм және терроризмммен күрес басқармасы тіркеуінде» тұрғанын білген. Оның сөзінше, Сарыарқа аудандық полиция бөлімшесі өкілдері оған «сізді әлгі тізімге қазір зейнет демалысына шығып кеткен ішкі істер департаменті қызметкері енгізіп қойыпты» деген.

– Бұған ашуым келді, өйткені сол күннен (2016 жылғы мамырдың 19-ынан) кейін көлікпен жүрдім ғой. Менітоқтатып, құжаттарымды неге тексермеген? Мұны мен неге тіркеуден шығар кезде ғана білдім. Олар мені «экстремист» және «терроршы» ретінде өзіме хабарламастан тіркеп қойған. Негекіргізгеніне қайранмын. Тымболмаса менімен сөйлесіп немесе шақыртуы тиіс еді ғой, – дейді Мұратбек Арғынбетов.

Бұған қоса ол заңға қалтқысыз бағынатын азамат әрі отағасы болғанын айтады.

Бұған қоса бірнеше жыл бұрын Мұратбек Арғынбетовтің наразылық акциясына шығып, Қазақстандағы саяси оқиғаларға қатысты өз позициясын білдіргені де белгілі болды. 2014 жылғы сәуірде полиция қызметкерлері оны Ресей елшілігі жанында Қазақстанның Еуразия экономикалық одағына кіруіне қарсы акция өткізгені үшін ұстап әкеткен. Бірақ ол кезде оны әкімшілік немесе өзге жауапкершілікке тартпаған.

Ол кезде мені тіпті 15 тәулікке де жапқан жоқ. Ал сосын «экстремистке» айналып шыға келдім.

– Ол кезде мені тіпті 15 тәулікке де жапқан жоқ. Ал сосын «экстремистке» айналып шыға келдім. Наразылық акциясына шын жүректен, жаным ауырғаннан шықтым, – дейді Мұратбек Арғынбетов.

Астана қаласы ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова Мұратбек Арғынбетов экстремизм бойынша полиция тіркеуінде жоқ екенін айтып, оған қатысты жайттарды «жаңсақтық» деді.

– Әуелі оның көлігіне ұқсайтын әлдебір көлікке қатысты бағыттама (ориентировка) болған. Ол кісіден кешірім сұрадық, бәрі дұрыс. Бүгін ол қайта ресімдеп, көлігін тіркеуден шығарды, – дейді Софья Қылышбекова.

Бірақ Мұратбек Арғынбетов «полицейлердің мұндай түсініктемесі жеткіліксіз, олар маған мұндай жағдай неліктен болғанын және жазықсыз екенімді дәлелдеп, не үшін уақытымды кетіргенімді ресми түрде түсіндірсін» дейді. Ол Астана қаласы ішкі істер департаменті бастығының атына шағым жазған, енді полицейлерден жауап күтеді. Арғынбетов көлігін Астана ішкі істер департаментіне барып кейін ғана тіркеуден шығарып алған.

Былтыр Қазақстанда «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» заңның 12-бабына сәйкес «терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар» ұйымдар мен тұлғалар тізімі түзілген. Сот экстремистік және террористік сипаттағы қылмыс жасады деп таныған адамға қатысты заңды күшіне енген сот үкімі – азаматтарды сол тізімге енгізуге негіз. Әлгі тізімге қылмыстық кодекстің кейінгі кезде Қазақстанда жиі қолданылатын «араздықты қоздыру» деген 174-бабы бойынша сотталған астаналық Болатбек Біләлов және алматылық Ермек Нарымбаев (кейін Украинаға қашып кеткен) сияқты азаматтық белсенділер де енген.