AzattyqLIVE: Атыраудағы шеру себептері

Your browser doesn’t support HTML5

ВИДЕО: «Жер сатуға қарсылық» жиыны. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

AzattyqLIVE сәуірдің 24-і күні Атырау қаласының орталық алаңында болған митинг жайын талқылады. Хабар сарапшысы қоғамдық белсенді, журналист Жанболат Мамай болды.

Сәуірдің 24-і күні Атырау қаласының орталық алаңында бірнеше мың адам қатысқан, рұқсат етілмеген митингіде жер сату мен шетелдіктерге жалға беруге наразылар жиналды. Оларға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев екі рет келіп, митингіні күшпен басуға бұйрық бермейтінін, жиынды ұйымдастырушылар жазаланбайтынын, жиналғандар талабын жоғарғы билікке жеткізетінін айтты. Наразылар төрт сағатқа жуық уақыт бойы қаланың орталық алаңында бейбіт жиын өткізді.

Оқи отырыңыз: Атырауда алаңға жиналғандар "жер сатуға" қарсылық білдірді

Қазақстан үкіметі өткен айда жер туралы заңға былтыр күзде енгізілген өзгерістерге сай биыл шілдеден бастап ауыл шаруашылық жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату, сонымен бірге шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 25 жылға дейін мерзімге жалға беру тәртібі күшіне енеді деп хабарлаған.

Жер сату мен шетелдіктерге жерді жалға беру жөніндегі үкімет бастамасына қарсы бұған дейін зиялылардың талап-хаты жарияланып, Астана мен Оралда белсенді азаматтардың жалғыз адамдық пикеттері мен Алматыда шағын жиын өткен еді. Ал Атыраудағы бірнеше мың адам жиналған митинг ненің белгісі? Оның арнайы ұйымдастырушылары бар ма? Облыс басшыларының наразылармен диалогы қалай болды? Берілген уәделерге сенуге бола ма?

AzattyqLIVE хабарында журналист әрі қоғамдық белсенді Жанболат Мамай осы сауалдарға жауап берді.

Your browser doesn’t support HTML5

Жанболат Мамай: Атырау билікке наразылықты айқын көрсетті