Президент сайлауы үміткерлері: 1991-2011

Нұрсұлтан Назарбаев (1940 жылы туған) – 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен алғашқы президенттік сайлаудағы жалғыз үміткер. Ресми дерек бойынша, ол 1991 жылы сайлаушылардың 98,7 пайыз қолдауына ие болған.

1995 жылғы референдум бойынша Назарбаевтың өкілеті 2000 жылға дейін ұзарған. Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша, Назарбаев 1999 жылғы мерзімінен бұрын өткен президенттік сайлауда сайлаушылардың шамамен 80 пайыз дауысын, 2005 жылғы сайлауда – 91 пайыздан астам, 2011 жылғы кезектен тыс сайлауда – 95,5 пайыз дауысын алған.

Қазақстан оппозициясы «елде авторитарлық билік режимін орнатып алған президент Назарбаев әкімшілік ресурстың көмегімен әр сайлау сайын жоғары көрсеткішке қол жеткізеді» дейді. Халықаралық демократиялық ұйымдар Қазақстанда бұған дейінгі президент сайлауларын еркін емес және әділетсіз өткен деп сынаған. Ресми Астана ондай сынмен келіспейді.

Серікболсын Әбділдин (1937 жылы туған) – 1999 жылғы президент сайлауына қатысып, сайлаушылардың шамамен 13 пайыз дауысына ие болған кандидат.

Ол ауыл шаруашылығы саласының маманы, 1990 жылдарға дейін әртүрлі лауазымды қызметтер атқарған. 1993 жылы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш конституциясын қабылдаған бірінші парламенті - Жоғарғы Кеңестің (1991-1993) төрағасы болды. 1994 жылы оппозицияға кетті. Қазіргі кезде жабылып жатқан Қазақстан коммунистік партиясын ұзақ жылдар басқарды. Қазақстан компартиясының 2010 жылғы сәуірдегі пленумында Серікболсын Әбділдин партияның бірінші хатшысы қызметін Ғазиз Алдамжаровқа тапсырды.

Энгельс Ғаббасов (1937-2014) – 1999 жылы президенттік сайлауға қатысып, 0,76 пайыз дауыс жинаған кандидат.

Орыс тілі және әдебиеті саласының маманы, жазушы. 1996 жылы сенат депутаты боп сайланған. 

Ғани Қасымов (1950 жылы туған) – 1999 жылы және 2011 жылы өткен президент сайлауларына қатысып, алғашқы жолы 4,6 пайыз, кейін 1,94 пайыз дауыс жинаған кандидат.
Халықаралық қатынастар саласының маманы. Совет Одағы кезінде Қазақ ССР сыртқы істер министрлігінде әртүрлі қызметтер атқарған. 1990-92 жылдары  президент кеңесшісі болды. Мәжіліс және сенат депутаты болды. Қазір билікке жақын Қазақстан патриоттар партиясына жетекшілік етеді.

Ғани Қасымов осы аптада елде мерзімінен бұрын президент сайлауы өткен жағдайда оған үміткер ретінде қатыспайтынын айтып, "Қазақстан-2050" жалпыұлттық демократиялық күштері коалициясы" атынан қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевты ортақ кандидат ретінде ұсыну жайлы бастама көтерді.

Жармахан Тұяқбай (1947 жылы туған) – 2005 жылғы президент сайлауына Қазақстанның оппозициялық күштері атынан қатысып, 6,64 пайыз дауыс жинаған үміткер.

Қазақстанның бас прокуроры, мемлекеттік тергеу комитетінің төрағасы, екінші шақырылымдағы парламент мәжілісінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ол 2004 жылы күзде мәжіліс депутаты мандатынан бас тартып, президенттік «Отан» (қазіргі «Нұр Отан») партиясының қатарынан шығып, оппозиция қатарына қосылған. Қазір Қазақстанның жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясына жетекшілік етеді. 

Әлихан Бәйменов (1959 жылы туған) – 2005 жылы өткен президент сайлауына «Ақ жол» партиясы атынан қатысып, 1,61 пайыз дауыс жинаған кандидат.

Техника саласының маманы. Ол 1998-99 жылдары президент әкімшілігінің жетекшісі, 2000-2001 жылдары еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болды. 2001 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдау» ұйымына мүше болып кірді. 2002 жылдың наурызынан бастап «Ақ жол» партиясының тең төрағасы, 2005 жылдан бастап төрағасы болды. Президенттік сайлаудан соң билікке оралған Әлихан Бәйменов 2014 жылдың қыркүйек айынан бастап мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хаб комитеті төрағасы болып тағайындалды. 

Мэлс Елеусізов (1950 жылы туған) – 2005 және 2011 жылы өткен президент сайлауына қатысып, біріншісінде 0,28 пайыз, екіншісінде 1,15 пайыз дауыс жинаған.

Ол 2011 жылғы сайлауда «даусымды Назарбаевқа бердім» деп мәлімдеген. 1989 жылдан бері «Табиғат» экологиялық ұйымының төрағасы.

Жамбыл Ахметбеков (1961 жылы туған) – 2011 жылы Қазақстанның коммунистік партиясының атынан президенттік сайлауға қатысып, 1,36 пайыз дауыс алған кандидат.

Ауыл шаруашылығы саласының маманы. 2005-2011 жылдары Қазақстанның халықтық коммунистік партиясы орталық комитетінің хатшысы, жетекшісі болды. 2012 жылдан бері мәжіліс депутаты. 

Ерасыл Әбілқасымов (1948 жылы туған) – 2005 жылғы президент сайлауына қатысып, сайлаушылардың 0,34 пайызының дауысын алған кандидат.

Медицина мамандығының иесі. 2001-2004 жылдары парламент депутаты болды.