Апта бейнелері: 21 - 26 қазан

Осы апта Сирияға барған қазақстандық жиһадшылар видеосынан Аманжол Жансеңгіров пен Мақсат Аймахановты және екі баланы туыстары таныды.

21 қазан күні Астана соты «Благодать» пресвитериан шіркеуінің пасторы Бақытжан Қашқымбаевты абақтыда қалдырды. Оның адвокат 67 жастағы пасторды денсаулық жағдайына байланысты үйқамаққа шығаруға өтініш берген еді. Қылмыстық айыппен қамалған Бақытжан Қашқымбаев 8 қазанда тергеу изоляторынан үйқамаққа шыға бере қайта тұтқындаған еді.Оған "экстремизмді насихаттады" деген жаңа айып тағылған. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Қазақстанды пасторды босатып, оған тағылған "саяси астары бар" айыптарды алып тастауға шақырды.

22 қазанда Өзбекстанда президент Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова бақылайтын бірнеше телеарна хабар таратуды тоқтатты. Азаттықтың Ташкенттегі тілшілерінің хабарлауынша, TV-Markaz, NTT және SOFTS телеарналары дүйсенбі, 21 қазанда күндіз хабар таратуды дереу тоқтатқан. Кейбір хабарларға қарағанда, Каримова бақылауда ұстайтын тағы бір телеарна - Forum TV де 21 қазаннан бері елдің кейбір аймақтарында хабар таратпай тұр.


23 қазанда Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы Бөрілі аудандық соты "салық төлеуден жалтарды" деп айыпталған кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевке қатысты шешім шығарды. Судья KSS Building кәсіпорынының басшысы Барлық Меңдіғазиевке 500 айлық есептік көрсеткіш (бір айлық есептік көрсеткіш - 1731 теңге) көлемінде айыппұл салып, бір жыл кәсіпкерлікпен айналысу құқығынан айырған. Барлық Меңдіғазиев өзінің тексеріске түсуіне "облыс әкімімен арада туған жанжал және экология туралы мәлімдемелері әсер еткенін" айтқан. Кәсіпкер шілденің 12-сі күні Алматыда баспасөз жиынын өткізіп, "өзіне қарсы қозғалып жатқан қылмыстық істің тасасында Батыс Қазақстан облысы әкімі Нұрлан Ноғаев тұр" деп мәлімдеген еді. Бірақ әкімдік оның бұл сөздерін жоққа шығарады.

23 қазанда Қырғызстан парламенті үкіметтің "Құмтөр" алтын кенішін игеріп жатқан канадалық Centerra Gold компаниясымен жаңа келісім-шарт жасасу туралы жобасын қабылдамай тастады. Депутаттар "үкімет 23 желтоқсанға дейін Centerra Gold компаниясымен Қырғызстанға кеніш акциясының үштен екісі тиетіндей жаңа келісім жасасуы тиіс" деген тұжырым жасады. Азаттыққа берген сұхбатында Centerra Gold басшысы Ян Аткинсон компания 50 пайыздан кем үлес үшін келісім жасаспайтынын айтқан. Қазір Қырғызстан иелігінде кеніш акциясының 33 пайызы бар. Парламент келісімнің жаңа жобасы қарап жатқанда тұрғындар наразылық танытты.

24 қазанда Минскіде, Еуразиялық экономикалық кеңес жиынында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің интеграциялық процестерді саясиландырып отырғанын сынады. Назарбаев "Еуразиялық экономикалық комиссияның (Кеден Одағының атқарушы органы - ред.) алқасына мүше Ресей өкілдері Ресей үкіметінен нұсқау алып отырады" мәлімдеді. Саясаттанушылар Назарбаевтың Кеден Одағы мен Ресейді бірінші рет сынағанын айтты.

24 қазанда Алматыда азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың көлігі өртенді. Белсенді көлігін қарапайым бұзақылар өртеді дегенге сенбейді. Нарымбаев кейінгі уақытта банктен "жоғары процентпен" несие алған азаматтардың құқықтарын қорғаумен шұғылданып жүр.

24 қазанда Ресей билігі Арктикада мұнай өндіруге наразылық танытқан Greenpeace халықаралық экологиялық ұйымының мүшелеріне тағылған "қарақшылық жасады" деген айыпты алып тастады. Ресей ақпарат құралдарының хабарлауынша, тергеу комитетінің баспасөз хатшысы Владимир Маркин ұйым белсенділеріне енді тек "бұзақылық жасады" деген айып тағылғанын мәлімдеген. Greenpeace-тің Ресейдегі филиалының жетекшісі Иван Блоков "ұйым мүшелеріне тағылған барлық айып алынып тасталуы тиіс" дейді. Ұйымның 18 мемлекеттен шыққан 28 белсендісі мен екі журналист Ресейде 18 қыркүйектен бері қамауда отыр. Нидерландының Arctic Sunrise кемесімен Арктикадағы "Газпромның" мұнай платформасына бара жатқанда оларды Ресейдің жағалау күзеті тұтқындаған еді.

25 қазанда британиялық Guardian басылымының мақаласында "АҚШ 35 елдің басшыларының телефон әңгімелерін тыңдаған" деген мәлімет жарияланды. Басылым бұл ақпаратты АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден жариялаған 2006 жылғы құжатқа сүйене отырып таратқан. Онда тиісті мекемеге Ақ үй мен АҚШ үкіметі 200-ге жуық телефон нөмірлерін тыңдауға тапсырыс бергені айтылады. Олардың ішінде Германия канцлері Ангела Меркель де бар.


Суретте: Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен Германия канцлері Ангела Меркель.

26 қазанда Алматыда бокстан әуесқойлар арасындағы әлем чемпионаты аяқталып, Қазақстан құрамасы төрт алтын, екі күміс, екі қоламен бірінші орын алды. Біржан Жақып (49 килограмм), Мерей Ақшалов (64 килограмм), Данияр Елеусінов (69 килограмм), Жәнібек Әлімханұлы (75 килограмм) - алтын, Әділбек Ниязымбетов (81 килограмм), Иван Дычко (91 килограмнан жоғары) - күміс, Қайрат Ералиев (56 килограмм), Берік Әбдірахманов (60 килограмм) қола жүлде иеленді.

Суретте: Жәнібек Әлімханұлы (сол жақта) мен Солтан Мигитинов (Әзербайжан). Алматы, 18 қазан 2013 жыл.