Bloomberg: Өтемұратов мемлекеттік банктерді сатып алмақ

Қазақстан президентінің бұрынғы жеке іс басқарушысы Болат Өтемұратов. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.

«Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратов «Альянс банк» пен «Темірбанкті» сатып алуы мүмкін» деп жазды Bloomberg ақпараттық агенттігі 9 ақпан күні.
«Іске қатысы бар екі адамның айтуынша, Қазақстан үкіметі бұл банктерді сату туралы шешім қабылдаған соң Өтемұратовқа қарайтын «Верный Инвестмент Холдинг» оны сатып алуды ұйғарған» дейді мақала авторы Нариман Гизитдинов.

Аталған тұлғалар істің мән-жайы туралы толық ақпарат бермеген және аты-жөндерін жарияламауды сұраған. Ал «Верный Инвестмент Холдинг» басшылығы пікір білдіруден бас тартқан. Банктердің иесі, мемлекеттік «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры «құпиялық шартына сай инвесторларды жарияламайтынын» айтты.

«ЕКІ БАНКТІҢ ҚҰНЫ БІР МИЛЛИАРД ДОЛЛАРҒА ДЕЙІН БАРАДЫ»

«Әлемдік мұнай кенінің үш пайызына ие болып, уран өндіру жөнінен алдыңғы қатарға шығып отырған бұл ел 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан соң банктерді дефолттан құтқару үшін ауқатты қорларға беруге мәжбүр болды» деп жазады Bloomberg.

Мәскеулік «Альфа-банктің» сарапшысы Джейсон Гурвицтің болжамынша, «Қазақстандық банктердің шетелдік инвесторларға қоятын талабын ескерсек, бәсеке жергілікті инвесторлар арасында жүреді деуге болар. Бұл банктердің баланстық құнына жеңілдік жасамай сату қиын».

Автор Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «БТА банк», «Альянс банк» және «Темірбанкті» мемлекеттік қаржыландырудан шығару туралы тапсырма бергенін еске салады. «Альянс банк» пен «Темірбанктің» қоса алғандағы құны 500 миллионнан 1 миллиард АҚШ долларына дейін барады» деді «Альянс банк» басқарма төрағасы Мақсат Қабашев 3 сәуір күні журналистерге берген сұхбатында.

«БТА», «Альянс» және «Темірбанк» 2009 жылғы дефолттан соң 20 миллиард АҚШ доллары шамасында қарызданып, құрылымын өзгертті» деп жазады Bloomberg.

«Самұрық-Қазына» қорының атқарушы директоры Елена Бахмутова 7 ақпан күні «Екі банкті сатып алуға кез-келген үміткердің мүмкіндігі бар, оған жергілікті инвесторлар да кіреді» деген еді. «Альфа-банк» сарапшысы Джейсон «банкирлік тәжірибесі бар Өтемұратов бұл мүмкіндікті жібермеуге тырысар» дейді.

«2,2 МИЛЛИАРД ДОЛЛАРДЫҢ ИЕСІ»

Автордың пайымдауынша, «2007 жылы «АТФБанкті» Италиялық UniCredit SpA қаржылық ұйымына 2 миллиард АҚШ долларына сатып жіберген Өтемұратов үшін бұл үлкен қадам болмақ».

«UniCredit «АТФБанкті» қазақстандық KazNitrogenGaz-ға өз капиталы шамалас бағаға сатады» деп мәлімдеді «АТФ» өкілі. 1 қаңтардағы дерек бойынша, оның капиталы 71,2 миллиард теңгені (427 миллион доллар) құраған.

АТФ банк ғимаратының сыртқы көрінісі. Алматы, 6 ақпан, 2013 жыл. (Көрнекі сурет)


55 жастағы Болат Өтемұратов жалпы актив құны 80 миллиард теңгеге жеткен Forte Bank пен Kassa Nova Bank-ті басқарады. Оған тиесілі «Верный Инвестмент» холдингі 4 миллиард доллар активке ие.

Ол Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Австрияда мұнай мен газдан бастап телекоммуникацияға дейінгі салаларда бизнес жасайды. Осы жылдың ақпанында холдинг төрағасы Тимур Исатаев «Компания «Альянс» пен «Темірбанкті» біріктіру туралы жоспардың анық-қанығын білгісі келеді. Маңызды қадам жасамас бұрын бұл банктер үшін бәсекеге қолайлы басымдықтардың сақталғанына көз жеткізуге тиіспіз» деген еді.

Болат Өтемұратов – Forbes журналының 2012 жылы жариялаған «Әлемдегі ең бай адамдар» тізіміне кірген қазақстандық. Журнал «Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы болған, бұл тізімде 670-орында тұрған Өтемұратовтың байлығы 2 миллиард 200 миллион АҚШ доллары» деп жазған.

Forbes-тің бұл тізіміне 2012 жылы Қазақстаннан Болат Өтемұратовтан басқа төрт адам енген. Олар – «Қазақмыс» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Ким (641-орын – 2 миллиард 300 миллион АҚШ доллары), ENRC корпорациясының акционері Алиджан Ибрагимов (704-орын – 2 миллиард 100 миллион АҚШ доллары), Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев (1107-орын – 1 миллиард 300 миллион АҚШ доллары) және қызы Динара Құлыбаева (1107-орын – 1 миллиард 300 миллион АҚШ доллары).