Ғарыш агенттігі "Қазсат-2" мен "Қазсат-3-ті" де Ресейде жасатуға мәжбүр

Жоғалып кеткен "Қазсат-1" спутнигін ұшырардың алдында православие шіркеуінің қызметкері дұға оқып, діни рәсім жасап тұр. Байқоңыр ғарыш айлағы, 17 маусым 2006 жыл

Қазақстанның екінші жер серігін ұшыру шілде айына жоспарланып отыр. Мамандар «Қазсат-2» сыр бермейді деп сенеді. Кейбір сарапшылар «егер екінші жер серік те істен шықса» елдегі ғарыш бағдарламасын тұтастай қайта қарау қажет деп санайды.

Қазақстанның Ұлттық ғарыш агенттігінің хабарлауынша, шілденің 16-сы күні ұшырылатын «Қазсат-2» жер серігі елді сапалы да арзан телекоммуникациялық байланыс жүйесімен қамтамасыз етуге жәрдем етпек.

Агенттіктің дерегінше, мәселен қазіргі таңда шетелдік спутник операторларының қызметін қолданып отырған Қазақстан өзінің жер серігін іске қосса, жылына 2,5 миллиард теңгеден артық қаржы үнемдейді.

Қазақстанның «Республикалық ғарыштық байланыстар орталығы» мен Ресейдің Хруничев орталығы арасында 2006 жылы жасалған келісім бойынша құрылған «Қазсат-2» алғашында 2009 жылы ұшырылуы тиіс болатын. Дегенмен «Қазсат-1»-дің құрдымға кетуі жоспарды өзгертіп жіберген.

Ғарыштық аппараттың бөлшектерін өзгерту үшін Ресей жағы Қазақстаннан қосымша уақыт сұраса, Қазақстан болашақ жер серігіне байланысты орталыққа қосымша талаптар қойған. Осыған байланысты ұшырылу екі жылға шегерілді.

«САПАСЫ БАҒАСЫНА САЙ»

Қазақстан ғарышкерлерінің бірі Айдын Айымбетовтың айтуынша, екі жылдан бері Ресей тарабы ғарыштық аппараттың командалық құралдар бөлігін батыстық компаниялардың құрылғысымен алмастырған.

- Сол себепті ол біріншіге қарағанда қымбатырақ. Мұнымен қатар батыстық аналогтардың ресейлік құрылғыға сәйкестілігі бойынша сараптама жүрді. Қосымша сынақтар жасалды, - деді Айдын Айымбетов маусымның 23-і күні Азаттық тілшісіне.
Айдын Айымбетов, Қазақстан ғарыш агенттігінің қызметкері. Астана, 11 сәуір 2011 жыл

Оның пікірінше, «Қазсат-2» алғашқысына қарағанда мықтырақ шыққан.
Айдын Айымбетовтың айтуынша, «Қазсат-2» спутнигін ұшырып, оны қолданысқа енгізудің өзіне шамамен бірнеше ай кетеді.

«Қазақстан тарабы жер серігінің жұмыс істейтініне әбден көзі жеткеннен кейін ғана басқару тізгінін қолына алады» дейді ол.

Ұлттық ғарыш агенттігінің мәліметінше, «Қазсат-2»-ні сақтандыру жағына «Республикалық ғарыштық байланыстар орталығы» АҚ жауапты.

«Қазсат-2» жер серігінің құны – 115 миллион АҚШ доллары. Оның салмағы – 1330 кг, орбитада белсенді түрде жұмыс істеу мерзімі – 12 жыл.

ХРУНИЧЕВТЕН ҚОЛ ҮЗУ

Маусым айының ортасында Қазақстан «Қазсат-3» жер серігін дайындау үшін Ресейдің басқа орталығымен жаңа келісім-шартқа қол қойды. Бұл – Красноярск қаласында орналасқан Решетнев атындағы «Ақпараттық спутниктік жүйелер» орталығы.

Бұл турасында Ұлттық ғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков агенттіктің сайтында былай деген: «Ресеймен «Қазсат-3» үшін де келісімге қол қойып қойдық. Бұған қоса, Франциямен екі ірі жобаны жүзеге асырып жатырмыз».

«Қазсат-1» құрдымға кеткеннен кейін Қазақстан үшінші спутникті еуропалық компанияларға жасатуға ниеттенген еді. Дегенмен агенттіктің айтуына қарағанда, франциялық «EADS Astrium» ұсынған жасанды жер серігі тым қымбат, әрі Қазақстан территориясынан кеңірек аумақты қамтитын аса қуатты болып шыққан. Сондықтан әзірге, «Қазсат-3»-ті де ресейлік компания жасайтын болып отыр.

«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҒАРЫШ БАҒДАРЛАМАСЫН ӨЗГЕРТУ КЕРЕК БОЛАДЫ»

Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың пікірінше, Байқоңыр сияқты ғарыш айлағы бар Қазақстан үшін жасанды жер серігі ауадай қажет. «Бұл елде байланыс жүйесін жақсартумен қатар ғарыш саласының өзге ойыншыларының алдында өзін біршама сенімдірек ұстауға көмектеседі».

Дегенмен саясаттанушының пікірінше, «егер «Қазсат-1» жағдай тағы да қайталанса, Қазақстанның тұтастай ғарыштық бағдарламасына ірі өзгеріс енгізу керек».
Ол жерде демек, яки кәсіби деңгейі төмен мамандар отыр, яки онда белгілі бір жемқорлық жүйесі жұмыс істейді деген сөз.

- Ол жерде демек, яки кәсіби деңгейі төмен мамандар отыр, яки онда белгілі бір жемқорлық жүйесі жұмыс істейді деген сөз. Бұл жобаларға көп ақша жұмсалып жатыр. Өкінішке қарай, Қазақстан ғарыш саласына жұмсалып жатқан қаржының жемісін көріп отырған жоқ, - дейді Досым Сәтпаев.

«ҚАЗСАТ-1» СПУТНИГІНІҢ ҚҰНЫ ӨНДІРІЛДІ МЕ?

Осыған дейін Қазақстанның ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев Қазақстанның бұдан үш жыл бұрын істен шыққан алғашқы спутнигіне жұмсалған қаржының кемінде 70 пайызын сақтандыру компанияларынан қайтарып алу жұмыстары жүріп жатқанын хабарлаған еді.

«Қазір сақтандыру компаниялары спутниктің құнын өндіріп берді ме?» деген сұрағымызға маусым айында Ұлттық ғарыш агенттік өкілдері мұның «келіссөздер» барысына әсер ететінін айтып, нақты жауап бермеген еді. Дегенмен олардың сөзінен мәселенің әлі шешілмегенін ұқтық.
Талғат Мұсабаев (сол жақта), Қазақстан ғарыш агенттігінің төрағасы. Байқоңыр, 27 сәуір 2001 жыл

Құны 65 миллион АҚШ долларына тең «Қазсат-1» 2008 жылдың жаз айында басқару жүйесінің жұмысында ақау пайда болып, істен шыққан еді. Сол жылдың желтоқсан айында мамандар жер серігін мүлдем жоғалтып алған.

Оның істен шығуына қатысты Ұлтық ғарыш агенттігі мынадай себеп айтып келеді: «ҚазСат-1» спутнигін жасау мәселесімен кезінде Қазақстан тарапынан білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ұлттық инновациялық қор» яғни, ғарыш саласына еш қатысы жоқ мамандар айналысқан. Ғылыми аппаратты жасаған Ресейдің Хруничев орталығының да спутник жасауда тәжірибесі болмай шыққан.

Ұлттық ғарыш агенттігі кезінде ойластырылмаған шешімнің әлі күнге дейін кері әсер етіп отырғанын, соның кесірінен «Қазсат-2» де сол орталықта жасалғанын айтады.