Теміртаудағы мектеп дауына орай алғашқы сот шешімі шықты

№9 мектеп-лицейдегі наразылық. Теміртау, 31 мамыр 2011 жыл.

Тамыздың 18-і күні №9 мектеп-лицейдің 146 оқушысының шағымын қараған қалалық соттың судьясы Владимир Корнев оларды қанағаттандырмау туралы шешім шығарды.

– Бірақ [шешім] әлі заңды күшіне енген жоқ. 15 күнен кейін енуі мүмкі, – деді Азаттық тілшісіне түсініктеме берген қалалық сотттың баспасөз қызметінің өкілі Айнұр Қалмағамбетова.

«ҚЫСЫМ»

Бұған қатысты шағым беруші оқушыларға хабарласқанымызда, олар сот шешімінен бейхабар екендігін айтты. Өйткені адвокаттары ауырып қалғандықтан судьядан сот отырысын кейінге шегеруді сұраған екен.

– Мен сізден естіп тұрмын! Бұл – олардың (судьялардың) биліктен қорыққандығының көрінісі. Бізде қандай қысым жасалынып жатқандығын
№9 мектеп-лицейдің ұстаздары, оқушылары мен олардың ата-аналары сотта отыр. Теміртау, 2 тамыз 2011 жыл.

білсеңіз ғой! Тіпті біздің құқығымызды қорғауға бірде-бір адвокат келісім бермей қойды. Осының өзі олардың бәрінің биліктен сескенетіндігінің айғағы, – дейді шағымданушылардың бірі, №9 мектеп-лицейдің оқушысы Екатерина Гибадуллина.

Алайда ол «бар мүмкіндігімізді пайдаланбай, басқа мектепке ауысу туралы ойым да жоқ» дегенді айтады.

Ал шағымданушылардың адвокаты Нұрхан Жұмабеков «аппеляциялық, керек болса кассациялық шағым түсіретіндігін» айтып отыр.

БҰЙРЫҚ

Жаңа оқу жылы басталуына оншақты күн қалса да, Теміртаудағы №9 мектеп-лицей төңірегіндегі дау әлі басылар емес. Сотқа шағымданған бірқатар ұстаздар қалалық білім бері басқармасының шешімімен жұмыстан шығып қалған екен.

– Мені жұмыстан шығару туралы бұйрық тамыздың 17-сі күні шығыпты. Мен оны бүгін көрдім. Онда «жұмыстан шығаруға Теміртау қалалық
№9 мектеп-лицей мұғалімі Светлана Орищенко. Теміртау, 28 шілде 2011 жыл.

сотына түскен шағым негіз болғандығы» айтылған, – дейді Азаттық тілшісіне №9 мектеп-лицей мұғалімі Светлана Орищенко.

22 жылдан бері орыс тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ беріп келген ұстаздың пікірінше, «өздерін өзгелерге сабақ болсын» деген ниетпен жұмыстан шығарып отыр.

– Менің жұмыстан шығып қалғанымды естіген бірқатар әріптестерім амалсыздан «өз еріктерімен» басқа мектептерге көшу туралы арыз жазып жатыр, – дейді Светлана Орищенко.

«КҮТЕТІН УАҚЫТ ЖОҚ»

Мұғалімдердің жұмыстан шығып жатқандығын қалалық білім беру басқармасы да растады. Бірақ «бұл заңды процесс» дейді басқарма бастығының орынбасары Татьяна Зорина.

– Екі мұғалімді жұмыстан шығардық. Заңды түрде. Білім басқармасының 30 мамыр күнгі бұйрығына сәйкес, мұғалімдерге 1 маусымнан 10 тамызға дейін уақыт берілген болатын. Осы аралықта олар басқа мектептерге көшіп, өзіне тиесілі сағаттарын бөліп алулары керек еді. Уақыт өтті, ешкім бұл бұйрыққа бағынғысы келмеді. Сондықтан осындай қатаң шараға баруға мәжбүр болдық, – дейді басқарма өкілі.

Татьяна Зорина басқарма «қаладағы барлық мектеп директорларына өздеріндегі бос орындарды №9 мектеп-лицейінің мұғалімдері үшін ұстап
№9 мектеп-лицей. Теміртау, 28 маусым 2011 жыл.

отыруды тапсырғандығын» айтады.

– Тамыздың 15-інен бастап барлық мектеп педогогикалық ұжымын жинақтауы керек. Сондықтан күтетін уақыт жоқ. Біз барлық ұстаздарға тамыздың 18-і күнгі кешкі сағат алтыға дейін уақыт бердік – келгендері жұмыспен қамтылады, ал қалғандары өздері біледі, – деді Азаттыққа түсініктеме берген Татьяна Зорина.

Оның сөзінше, №9 мектеп-лицейінде жұмыс істеген 53 ұстаздың екеуі жұмыстан шығарылған. Ал қалғандарының басым көпшілігі өзге мектептерге ауысу туралы арыздарын алып келген. «Өз мектебімізден кетпейміз» деген оншақты мұғалімнің арызы сотта қаралып жатыр. Сот оларға қатысты шешімді тамыздың 25-і күні шығаруы мүмкін.

БИЛІКТІҢ ДӘЛЕЛІ, АТА-АНАЛАРДЫҢ УӘЖІ

Естеріңізде болса, Теміртау қаласының әкімшілігі қаладағы орыс тілді екі мектепті биылғы оқу жылынан бастап қазақ тілді етіп ауыстырмақ болған. Жергілікті әкімшілік қазақ тілді балалар оқитын мектептер толып кеткендіктен осындай әрекетке барып отырғанын, ал орыс тілді мектептерде оқушылар саны аз екенін айтады.

Өткен оқу жылының соңындағы мәлімет бойынша, Теміртауда 29 мектеп, ал қалаға жақын Ақтау ауылында 3 мектеп (лицейлер мен гимназияларды қоса есептегенде) бар.

Қарағанды облысы әкімдігінің
№9 мектеп-лицей оқушыларының ата-аналары сотта отыр. Теміртау, 26 маусым 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

баспасөз хабарындағы мәлімет бойынша, бұл 32 мектептің ішінде: 4 мектеп – қазақ тілінде (жалпы саны 2 145 оқушы бар), 16 мектеп – орыс тілінде (13 156 оқушы), 12 мектеп – «аралас» (қазақ және орыс тілдерінде).

Жалпы, Теміртаудағы 32 мектепте 18 200 оқушы бар.

Қарағанды облысы әкімшілігінің баспасөз хатындағы дерек бойынша, Теміртаудағы үш қазақ мектебінде әр сыныптағы оқушы 30-35-тен асады. «Нормаға сәйкес, жоғары сыныпта оқушы саны 25 адам, ал төменгі сыныпта 20 адамнан аспау керек» делінген баспасөз хатында.

«Салыстыру үшін айтайық: орыс тілінде оқытатын мектептердің жартысы – 50 пайыз ғана, қалған жартысы – 70-80 пайыз ғана толған. Орысша мектептердің көбі бір кезекте ғана оқиды» дейді бұл баспасөз хаты.

Соңғы бес жылда Теміртауда қазақ тілінде білім алатын оқушы саны 984-ке артқан. Ал қазақ мектептері қаланың барлық жерінде бірдей орналаспаған. «Бұл оқушылар мен ата-аналарға елеулі қиындықтар туғызады» делінген баспасөз хатында.

Қала әкімшілігінің екі орыс мектебін қазақ тіліне ауыстыру туралы шешімімен № 16 мектеп ұжымы мен оқушылары келіскенімен, № 9 мектеп-лицейдің мұғалімдері мен ата-аналары қарсылық танытып, сот процесі бір айға жуық жүріп жатыр.

Арызданушылардың пікірінше, бұл істе «бірнеше түйткілді мәселе» бар. № 9 мектеп-лицейдің мұғалімдері мен ата-аналары: 1) бұл әрекетті «тілдік негізде кемсітушілік» деп таниды; 2) лицей дәрежелі ұжымның жай мектепке ауысқанын құп көрмейді; 3) әкімдік ұсынған № 14 мектептің қазірдің өзінде оқушыға толы екеніндігін айтады.