Қазақстанда украиналық топ-менеджерлер сұранысқа ие

Астананың әкімшілік орталығының көрінісі.

Украина президенті Петр Порошенко Қазақстанға сауда қатынасын орнатуға келді. Ал қарапайым украиналықтар бұл елге ІТ технология, жарнама мен басқару салаларындағы жетекші қызметтерге келеді.

Бұған Киевті Астанаға айырбастап, мансап жолында табысқа қол жеткізген адамдардың тағдыры дәлел. Қазақстанда оларға мүмкіндіктер кең: жалақы көлемі жоғары, еңбек келісім-шарты «доллармен» жасалады. Есесіне, нарығы Украинаның даму деңгейінен төмен болғандықтан бұл елде мамандар өз іскерлік қабілетін таныту оңайырақ.

Украиналықтарды шетелде тек еден жуушы немесе бала тәрбиелеуші болуға ғана жұмысқа алады деген сөздің Қазақстанға қатысы жоқ. Бұл елде халық саны Украинадан екі-үш есе аз болса, жалпы ішкі өнім көлемі – төрт есеге жуық артық. Ал тікелей шетелдік инвестиция көлемі Қазақстанда екі есе көп.

Ұзаққа созылған экономикалық тұрақтылық кезеңінен соң биыл тамыз айының соңында Қазақстан ұлттық валютасы – теңге айтарлықтай құнсызданды. Бірақ, соған қарамастан, мемлекет украиналық мамандарға тиімді жағдай жасап отыр: заманауи салаларда доллармен жақсы жалақы төлейді. Теңге құлдыраған соң Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 600 доллар шамасында болса, Украинада ол 200 долларға тең.

ЖАРНАМА САЛАСЫ

Қазақстанға келіп, табысты мансапқа қол жеткізгенге дейін Владимир Галика 10 жылдай Украинада интернет-жарнамамен айналысқан. Ол ірі жарнама агенттіктерінде диджитал-стратег болды, яғни, клиенттермен жұмыс істеу стратегиясына жауап берді. «Украинада жұмысым қызықты, клиенттерім беделді тұлғалар болды» дейді ол, әйткенмен Қазақстан одан да тиімді жағдайлар ұсынған. Владимир Галика қаржы жағынан артықшылық барын айтады: Қазақстанда украиналық мамандарды жоғары бағалайды, ал ел нарығы барынша жоғары өтемақы алуға мүмкіндік береді.

Интернет жарнама жөніндегі маман Владимир Галика.

– Егер долларға шағып салыстырар болсақ, кейбір мамандар Украинаға қарағанда 3-4 есе көп жалақы алады. Украинада жоғары санатты мамандар девальвациядан соң көп дегенде 1,5 - 2 мың долларға жететін жалақы алды. Топ-менеджерлер үш мыңға дейін алған шығар, гривенмен есептегенде бұл өте көп ақша. Ал бұл жақтағы жалақысы ол сомадан үш-төрт есе көп, - дейді Галика.

Ол жалақының қызмет саласына, позициясы мен компанияның деңгейіне байланысты екенін ескертеді, бірақ шартты түрде алғанда, украиналық жалақыны бірнеше рет көбейткенде қазақстандық мөлшері шығады дейді. Владимирдің айтуынша, Қазақстанда қызмет етудің артықшылығы жалақыға ғана байланысты емес, мемлекет жарнамалық нарықты жалпы қаржыландыру жағынан да ұтады.

– Қазақстанда тұрғындар саны Украинаға қарағанда айтарлықтай аз, ал диджитал жарнамаға салынатын инвестиция мөлшері сол елдегімен шамалас. Ақшамен есептегенде дәл сондай шамада, кейде көбірек, - дейді ол.

Тәжірибелік тұрғыда алғанда бұл Қазақстанда сапалы тауарды жасап, клиенттерге сату жеңіл екенін байқатады, ал Украинада ол ұзақ уақыт «сөреде жатып қалуы» мүмкін. Ақшасы көп нарық шығыны көп идеяларды жүзеге асыра алады дейді Владимир Галика.

СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДЫҚТАР

Владимир Галика Қазақстанда Украина мамандарына сұраныс жоғары екенін, әсіресе, бизнесті дамыта алатын жетекші қызметтер, технология мен процестерді түсінуге мықты сараптаманы қажет ететін салалар бойынша сұраныс көп екенін айтады.

Оның сөзінше, жарнама, ІТ саласы, жетекші қаржыгер мамандығын меңгерген украиналықтар үшін Қазақстаннан жалақысы жоғары қызмет табу қиынға соқпайды. Қоғамдық тамақтандыру саласында да мүмкіндіктер мол: аспаз, рестораторлар жерде қалмайды. Ол мейрамханалар қызметін ұйымдастырушылар арасында украиналықтар көп екенін айтады.

– Іс жүзінде барлық ірі жарнамалық холдингтерде украиналық мамандар бар, оларды жоғары бағалайды. Олар ешқашан жұмыссыз отырмайды, көп жағдайда, компаниялар қызметкер көшкенден қосымша шығынын да өз мойнына алады, - дейді Владимир Галика.

Оның айтуынша, мұның себептерінің бірі, елде бәсекелестіктің төмен, ал тұрғындардың төлем қабілетінің жоғары екендігімен байланысты.

ТЕҢГЕ ДЕВАЛЬВАЦИЯСЫНАН СОҢ

Қазақстанда ұлттық валюта айтарлықтай арзандап, дағдарыс байқалған соң украиналық мамандарды шақыру да азайған. Себебі, әдетте шетелдіктермен келісімшарт доллармен жасалады, бұл компанияға қосымша салмақ түсіреді. Галиканың сөзінше, тіпті кейбіреулерін Украинаға қайтаруы мүмкін.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Украина президенті Петр Порошенко. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

– Бірақ, жалпы алғанда сұраныс өте жоғары: мамандарды бағалайды, бұл елде жұмыс істеу өте жайлы әрі қызықты, - дейді ол.

Владимир Галика Қазақстанды тыныш әрі бейбітшілік сүйгіш, шетелдіктерге ешкім қырын қарамайтын ел ретінде сипаттайды. Сонымен бірге, украиналық шетелде тек қызмет көрсету саласында ғана жұмыс істейді деген таптаурын көзқарас та жоқ.

Украиналық Андрей Чеботарев Алматыдағы ІТ компанияда «стартаппен» айналысатын пиар-менеджер болып жұмыс істейді.

Андрей Қазақстанда жұмыс істеудің болашағы бар деп санайды. Мемлекет экономикалық тұрғыда жеткілікті дамығанымен ІТ технология саласы мен коммуникация, пиар нарығы жағынан Украинадан көш кейін қалып қойған.

ҚАЙ ЕЛДЕ ТҰРУ ҚЫМБАТ?

Андрей Чеботаревтің пікірінше, Қазақстанда жалақы жоғары екенін айтқан кезде бағалары да Украинадан қымбат екенін ескерген жөн. Бірақ, Украина әзірге жалдамалы қызметкерлерге мұндағыдай өмір сүру деңгейін ұсына алмайды дейді украиналық маман..

Оның сөзінше, пиар агенттіктің 1-2 мың доллар жалақы алатын қатардағы қызметкері, егер бойдақ болса, айына 500 долларын Астанада бір бөлмелі пәтерді жалдауға төлейді, супермаркеттен тамақ алуға 20 доллар жұмсайды, көлікке бір рет отыру құны – 30 центке түседі.

– Девальвациядан соң нарықтың дамуы баяулады. Бірақ жалақысын доллармен алатын адамдар қазір өздерін сенімді сезінеді, - дейді Чеботарев.

Ол Қазақстанда компаниялар шетелдіктерді жұмысқа алғанда квота сақтауы тиіс екенін айтады: заң бойынша, жергілікті 9 жұмысшыға тек 1 резидент емес маманнан келуі шарт.

(Яна Полянсканың мақаласын орысшадан аударған – Динара Әлімжан.)