Келлог: Ресей, Украина және АҚШ арасындағы келіссөз іс жүзінде тоқтады

АҚШ-тың Украина бойынша бұрынғы арнайы уәкілі Кит Келлогг (оң жақта) және Украина президенті Владимир Зеленский. Киев, 11 қыркүйек, 2025 жыл.

АҚШ-тың Украина бойынша бұрынғы арнайы уәкілі Кит Келлогг Киев, Вашингтон және Мәскеу арасындағы келіссөз процесі іс жүзінде тоқтатылғанын мәлімдеді. Келлоггтың айтуынша, Америка қазір Иранмен келіссөзге көбірек назар аударып отыр.

"Келіссөз процесі іс жүзінде тоқтады. Бұл жаман емес. Бұл шынымен жақсы" деді Келлог. Ол Украинаның Ресейге бір өзі төтеп беруге шамасы жететінін айтты.

Келлогтың айтуынша, АҚШ-тың Ресейге қарсы санкциялық қысымы әлі де күшінде, ал жаңа шектеулер пакеті бойынша жұмыс әлі аяқталған жоқ. Ол сонымен бірге Ресейдің қазіргі уақытта Украинадан тыс аумаққа, оның ішінде Балтық жағалауы елдері мен Польшаға әскери қимыл ауқымын кеңейтуге ресурсы жетпейді деп санайды.

Келлогтың сөзінше, АҚШ президенті Дональд Трамп әлі де қақтығысты бейбіт жолмен шешуді жақтайды. Бұрынғы уәкілдің өзі Украинаға 2026 жылдың тамызында баруды жоспарлап отыр.

"Украинская правда" басылымының жазуынша, Киев Ресейге қысымды үдету мақсатында жаңадан әскери-дипломатиялық кампания бастаған және келіссөзді күзде жалғастыратындай жағдай туғызуға күш салып отыр.

Басылымның мәліметінше, Киев Вашингтон араласқан келіссөз форматының қуаты сарқылды деп санайды және келіссөзге Еуропа елдерінің көбірек араласқанын қалайды. Украина күштері бір мезетте Ресейдің әскери, энергетикалық және көлік инфрақұрылымына соққы жасауды жалғастырмақ. Әсіресе, аннексияланған Қырымды Ресей аумағымен және Мәскеу бақылауындағы Украина жерімен байланыстыратын логистикалық бағыттарға басымдық бермек.

"Украинская правда" басылымы дереккөздерінің айтуынша, жаңа дипломатиялық процестерге оңтайлы кезең қазан-қараша айында туындауы мүмкін. Ал оған дейін Киев өз ұстанымын нығайтуға, Еуропадағы одақтастарымен ынтымақтастықты дамытуға және ықтимал келіссөздерге дайындалуға көңіл бөлмек.

Бұған дейін Мәскеу, Киев және Вашингтон арасындағы үшжақты келіссөздердің үзілгенін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков та айтқан еді. Келіссөз қашан жалғасатыны белгісіз.

Ресей билігі, оның ішінде президент Владимир Путин бұған дейін келісімге қол жеткізілмейінше атыс тоқтамайтынын, соғысты майдан сызығында тоқтатуға келіспейтінін, Украина жерінде Батыс елдерінің әскерін орналастыруға қарсы екенін білдірген. Бұған қоса, бұғатталған активтерді қайтаруды талап еткен.