Керчтегі мұнай базасы соққыланды, Кавказ портына да шабуыл жасалды

21 маусымға қараған түні украин әскері аннексияланған Қырымның шығысындағы Керчь қаласына дрондармен соққы жасады. Ол жақта мұнай базасы өртенді. Бақылау арналары көптеген сурет пен видео жариялады.

Керчь бұғазының Ресей жағалауындағы Кавказ порты да өртенді.

ASTRA талдауына қарағанда, Керчте Таман көшесіндегі Керчь сауда портының мұнай қоймасы өртенген. Ол Қырым көпірінен шамамен 1 шақырым жерде орналасқан. Керчте көп қабатты үй де бүлінген.

Аннексияланған Қырымның Ресей тағайындаған жетекшісі Сергей Аксенов төрт адам қаза болғанын, 28 адам зардап шеккенін айтты.

Кавказ портындағы өрт NASA Firms спутниктік сервисінің көмегімен тіркелген. Порт паром арқылы Қырымға өту бойынша қызмет көрсетеді.

Ресейдің Краснодар өлкесінің жедел штабының хабарлауынша, Керчь бұғазы өткелінде "Панагия" паромына дрондар шабуыл жасаған. Алдын ала мәлімет бойынша, бір адам қаза болып, тағы бір адам жарақат алған. Чушка ауылындағы мұнай терминалында да өрт шыққан.

Украина ресми түрде оқиғаға түсініктеме бермеді. Кейінгі кезде Қырымға жиі шабуыл жасалып жатыр. Ондағы энергетика нысандары, көлік инфрақұрылымы жиі нысанаға айналып жүр. Түбекте жанармай тапшылығы қатты сезіле бастады. Севастопольде жексенбі күні жанармай сатылмай жатқаны белгілі болды.