Киевтегі жоғарғы коррупция соты президент кеңсесінің бұрынғы басшысы Андрей Ермакты қамауға алу туралы шешім шығарды. Сот Ермакқа 140 млн гривен (3,2 млн доллар) ақшаны кепілге қойып босап шығуға мүмкіндік берді.
Президент Владимир Зеленскийдің кеңсесін басқарған Ермак Киевтегі "Династия" элиталы кешені құрылысынан 460 млн гривен (10 млн доллар) жымқырды деген күдікке ілінген. Ол өзіне тағылған айыпты жоққа шығарған.
Осы аптаның басында Украинаның Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бюросы (НАБУ) мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мамандандырылған прокуратурасы (САП) Андрей Ермактың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша оған ресми түрде күдікті мәртебесі берілгенін хабарлаған.
НАБУ мәліметінше, "Мидас" атты операция аясында Киевтегі элиталық тұрғын үй құрылысы кезінде 460 миллион гривнаны заңсыз заңдастырған қылмыстық топ әшкереленген. Тергеу нұсқасына сәйкес, Ермак осы топқа қатысқандардың бірі ретінде күдікке ілінген.
11 мамыр күні украиналық кейбір басылымдар НАБУ қызметкерлері Андрей Ермакпен байланысты нысандарда тінту жүргізілгенін хабарлаған.
Журналистер сауалына жауап берген Ермак тағылған күдікке қатысты түсініктеме беруден бас тартып, өзінің жалғыз пәтері мен бір автокөлігі барын айтумен шектелген.
Андрей Ермак 2020 жылдан 2025 жылға дейін Украина президенті кеңсесін басқарды. 2022 жылғы ақпанда Ресей Украинаға қарсы кең көлемді басқыншылық соғыс ашқан соң Ермак президент кеңсесінің басшысы ретінде елдегі ең ықпалды адамдардың біріне айналған. Кейін ол соғысты аяқтау бойынша келіссөзде Украина делегациясын басқарған.
Президент Зеленскийдің жақын серіктесі саналатын Ермак 2025 жылғы қараша айының аяғында "Энергоатом" төңірегіндегі жемқорлық дауынан кейін қызметтен кетуге мәжбүр болды.
Тергеушілер кең ауқымды жемқорлық ісі бойынша жасырын тыңдалған әңгімелер материалдарын зерттеу барысында алынған "Миндич таспаларында" құқық қорғау органдарына нұсқау беріп отырған "Әли-Баба" деген лақап атқа ие адам барын айтады. Тергеушілер ол адам Андрей Ермак болуы мүмкін екенін жоққа шығармаған.