Киевке жасалған соққыдан қаза болғандар 24 адамға жетті

Ресей соққысынан кейін қираған Киевтегі көп қабатты тұрғын үй. 14 мамыр 2026 жыл.

14 мамырға қараған түні Киевке жасалған Ресей соққысынан қаза болғандар 24 адамға жетті. Үшеуі – бала. Тағы 47 адам зардап шекті, 30 адамды құтқарушылар үйінді астынан алып шыққан.

Украина билігінің мәліметінше, Дарницк ауданындағы көп қабатты тұрғын үйге “әуе – құрлық” классындағы Х-101 қанатты ракетасы түскен.

15 мамыр елде қаралы күн деп жарияланған.

Украина қарулы күштерінің мәліметінше, бейсенбіге қараған түні Ресей әскері Украинаға 56 ракета және 675 дронмен шабуылдаған. Олардың мәліметінше, 652 дрон және 41 ракета атып түсірілген. Шабуылдың негізгі нысанасы Киев болған.

Украина төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік қызметінің хабарлауынша, шамамен 400 адамға психологиялық көмек берілген.

Украина президенті Владимир Зеленский шабуылдан зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін айтты.

"Ресейдің бұл әрекетін қалыпқа айналдыруға болмайды. Ресей мақсатты түрде адамдардың өмірін жалмап, жазасыз қалудан үміттеніп отыр. Қысым жасау керек. Украина Еуропа мен әлемді қорғап жатыр, мұндай соққы жайылмауы керек. Сондықтан адамдардың өмірін құтқарушыларды қорғау керек. Антибаллистика әрдайым керек. Үнсіз қалмай, осындай қатігездікті айыптағандарға алғыс айтамын" деді Владимир Зеленский.