Киевте Зеленский Трамптың арнайы өкілдерімен келіссөз өткізді

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) пен АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф (ортада) және Джаред Кушнер. Киев, 6 қыркүйек, 2026 жыл.

6 қыркүйекте Киевте Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткоффпен және Джаред Кушнермен келіссөз өткізді. Украинаға алғашқы сапарында Уиткофф пен Кушнер Польшадан пойызбен жеткен.

Кездесудің бірінші бөлігіне Украина жағынан президент Зеленскиймен бірге президент кеңсесінің жетекшісі Кирилл Буданов, Будановтың орынбасары Сергей Кислица мен Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров қатысқан.

Зеленский алдымен екі сағаттан астам уақыт Уиткоффпен және Кушнермен келіссөздер жүргізгеннен кейін кездесудің екінші бөлігі еуропалық өкілдердің қатысуымен кеңейтілген құрамда өткен. Киевке Ұлыбритания, Франция және Германияның ұлттық қауіпсіздік кеңесшілері де Зеленскиймен кездесуге барған.

Екі бөлімнен тұрған кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында Кушнер украин тарапына қонақжайлығы үшін алғыс айтып, АҚШ президенті Дональд Трамптың соғысты тоқтатуға ғана емес, сонымен қатар Украинада ұзақ мерзімді бейбітшілік орнауына жағдай жасауға мүдделі екенін айтты. Ол болашақ келісімдер жаңа соғыс болуына жол бермеуі тиіс деп мәлімдеді.

"Украиндардың соғыстың соңғы кезеңінен өтіп, үлкен мемлекет құру жолында батылдық, тапқырлық пен күш-жігер танытып жатқаны Украинаның толық мүмкіндігі барын көрсетіп отыр – президент Трамптың қалауы да сол", – деді Кушнер.

Уиткофф Украина тарапымен өте мазмұнды да маңызды талқылау өткізгендерін айтып, команда қанша қажет болса, сонша жұмыс істеуге дайын деп мәлімдеді. "Біз бұдан шабыт алдық және осы күннің қалған бөлігін асыға күтеміз", – деген Уиткоффтің сөзін келтірген Unian.

Зеленский АҚШ-тың арағайындығын қолдап сөйледі. "Бәріміз бір жақтамыз – біз соғыс атаулы, қайғы-қасірет, адам өлімі болмағанын өте қалаймыз. Біз бұл соғыстың әділ аяқталғанын – бәріміз үшін әділ бейбітшілік орнағанын қалаймыз", – деді Украина президенті.

Зеленский Украина армиясының майдандағы табысы елдің келіссөздерде өзін сенімді сезінуіне мүмкіндік беретінін, алайда Ресейдің баллистикалық зымырандарына қарсы тұру – Украина қарулы күштерінің әлсіз тұсы болып отырғанын айтты . Ол осы мәселе бойынша Канадада және Норвегияда келіссөздер өткізетінін және баллистикалық зымырандарға қарсы қару өндірісін ұлғайтуды көздеп отырған АҚШ-тың көмегіне үміт артатынын мәлімдеді.

Украина президенті соғыстың алдағы қысқа дейін аяқтала қоюы екіталай екенін мойындады және бүгінгі кездесуде қыс мезгілінде тұрғындар мен инфрақұрылымды қорғау мәселесі де талқыланғанын хабарлады.

Зеленский Украинаның реактивті дрондарға қарсы тұру мүмкіндіктері жайлы да айтты. Оның бағалауы бойынша, Украинада бұл салада 67 компания жұмыс істеп жатыр және олардың кейбірінің нәтижесі қазірдің өзінде көрініп отыр. Ол кейінгі кезде Ресей Украинаға соққыларын күрт үдеткенін және "көкте небір сұмдық болып жатқанын" атап айтты. Оның пікірінше, Ресей президенті Владимир Путин мұның бәрін алдағы Мемлекеттік Дума сайлауы қарсаңында жасап жатыр. "Ол соққыны көбейтті. Бұл – жаңа стратегия. Біз де солай қарымта қайтарамыз", – деп уәде етті Зеленский.

Әйткенмен Украина президенті әскери қимыл-әрекеттер – "қорғаныс және В жоспары" екенін, ал "А жоспары" шиеленісті бәсеңдетудің дипломатиялық мүмкіндіктерін жеделдету болуы тиіс екенін атап айтты.

Джаред Кушнер Дональд Трамп өзінің арнайы өкілдеріне "бейбітшілік пакетін дайындауды" тапсырғанын мәлімдеді. "Алты ай бұрын біз байқап көрген үшжақты келіссөздер форматына оралған нәтижелі болар еді. Біз мұны екі тараппен де талқыладық және жақын арада оған ораламыз деп үміттенеміз. Стив екеуіміз үшжақты формат пайдалырақ деп санаймыз, себебі барлық тарап өзара байланыста болады", – деді Кушнер жексенбі күні Киевтегі баспасөз мәслихатында. Зеленский мұны құптап, ал жерге қатысты күрделі мәселелерді басшылар деңгейінде ғана шешу керек екенін айтты .

Зеленский Донбасс мәселесін негізгі мәселе ғана емес, "осынау бүкіл соғыстың мәселесі" деп атады .

Стив Уиткофф Украина, Ресей және АҚШ арасындағы үшжақты келіссөз өткізу жақын болашақта жария болады деп үміттенетінін айтты.

Уиткофф пен Кушнер Киевке барғанға дейін, 5 тамызда Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен үш сағаттан астам келіссөз жүргізген. Ақ үй өкілі Азаттық радиосына тараптар "алдағы апталарда жарияланатын келесі қадамдардың нақты жоспарларын" талқылағанын айтты.