Кипрге жақын маңда теңізде 267 адам мінген кеме аударылды, қаза тапқандар бар

Кирения портындағы құтқарушылар, Солтүстік Кипр. 30 тамыз, 2026 жыл.

Жексенбі, 30 тамыз күні Солтүстік Кипр жағалауына жақын маңда теңізде жолаушы кемесі аударылып қалды. Кемеде 259 жолаушы және сегіз экипаж мүшесі болған. Кемінде жеті адам қаза тапқан, жарақат алғандар да бар деген ақпарат тарады.

Халықаралық қауымдастық мойындамаған Солтүстік Кипрдің премьер-министрі Оңал Өстелдің айтуынша, Filo Jet паромы жергілікті уақытпен түс мезгілінде Кирения портынан шыққан. Ол келесі күні Түркияға аттануға тиіс еді, бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты сапарға шығатын уақыты кейінге қалған. Порттан төрт теңіз миліндей қашыққа ұзаған кезде күшті толқыннан кеме аударылып қалған.

"Жағалау күзеті ғана емес, біздің адамдарымыздың бәрі көмектесуге ұмтылды, – деді Өстел. – Қайығы бардың бәрі көмектесіп жатыр".

Кирения мэрі Мұрат Сенқұл кемеден 159 адам эвакуацияланғанын хабарлап, жағдайды "өте ауыр" деп сипаттады. Зардап шеккендер ауруханаларға жеткізілген.