Кишиневте "Орыс үйі" жабылды

Кишиневтегі "Орыс үйі".

Молдова астанасында 4 шілдеден бастап “Орыс үйі” жұмысын тоқтатты. “Россотрудничество” ұйымының жетекшісі Игорь Чайканың тиісті мәлімдемесі ведомствоның ресми порталында жарияланды. Онда “Россотрудничество” өкілі енді Ресейдің Молдовадағы елшілігінің құрамында істейтіні жазылған.

“Молдова азаматтарының орыс тілі мен мәдениетіне, білімі мен ғылымына құмарлығы сөнбейді деп сенеміз” деп жазылған мәлімдемеде.

2025 жылы қарашада Молдова парламенті Ресеймен 1998 жылы қол қойған мәдени орталықтар туралы үкіметаралық келісімнің күшін жойған. 1998 жылғы келісімнің негізінде Кишиневте 2009 жылы “Орыс үйі” ашылған еді.

Былтыр Молдовада парламент сайлауы өткен кезде Молдова билігі оған Ресей араласқанын айтып, Мәскеуді Приднестровьеде жағдайды тұрақсыздандыруға тырысты деп те айыптаған.

Молдованың қазіргі билігі "Орыс үйін" мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтірді деп айыптаған. Парламенттің пленарлық отырысында "Орыс үйін" тарату туралы ұсыныс жасаған кезде мәдениет министрі Кристиан Жардан Ресей орталығы "орыс мәдениетін емес, Ресей пропагандасын тарату құралы ретінде" пайдаланылатынын айтқан.