Комитет: БАӘ-де қазақстандықтарға 217 жылжымайтын мүлік тиесілі

Ирандық дронның соққысынан кейін бүлінген Fairmont The Palm ғимараттарының бірі. 1 наурыз 2026 жыл.

Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстан азаматтарына тиесілі 217 жылжымайтын мүлік бар. Қазақстан қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кіріс комитеті Bes.media сайтының сұрағына жазбаша осылай деп жауап берген.

Қазақстандықтардың шетелдегі активтері туралы ақпаратты салық органдары декларациялар мен шетел ведомстволарымен дерек алмасу арқылы алған. Мәселе декларацияның екі түрі: 250 салық есеп формасы (кіріс пен мүлік туралы декларация) және 270 салық есеп формасы (активтер мен міндеттемелер туралы декларация) жөнінде болып отыр.

"2025 жылға арналған активтер мен міндеттемелер декларациясында (СЕФ 250.00) декларанттар БАӘ-де орналасқан 168 мүлкін жариялады. 2024 жылдың табыс пен мүлік декларациясында (СЕФ 270.00) декларанттар БАӘ-де орналасқан 49 мүлікті жариялаған. Осылайша, 2024 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша БАӘ-де 217 мүлік жарияланды" деп жазылған жауапта.

Бұған дейін Дубайдағы Fairmont The Palm қонақүйі маңы дронмен атқыланғаннан кейін ондағы кешенде қазақстандықтардың пәтерлері туралы ақпарат шыққан.

Азаттық радиосының "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуіне негіз болған C4ADS ұйымының 2022 жылғы дерегінше, онда қазақстандықтарға тиесілі 97 пәтер бар. Арасында бұрынғы сенат төрағасы Қайрат Мәмидің ұлы, Алматы облысының бұрынғы әкімінің әйелі Бағдат Баталова және өзге де тұлғалардың жылжымайтын мүліктері бар.

Мемлекеттік кіріс комитеті басылымға берген жауабында ол нысандарға жеке тексеріс жүргізілмегенін хабарлаған.

"Комитеттің Fairmont The Palm тұрғын үй кешеніндегі 97 пәтер Қазақстан азаматтарына тиесілі екендігі туралы ақпараты жоқ. Сондықтан, көрсетілген тұлғалардың тізімі жоқ және бұл ақпарат бойынша аудит жүргізілген жоқ" деді комитет өкілдері.

Қаржы мониторинг агенттігі де басылымға кейінгі үш жылда қазақстандықтардың БАӘ-дегі жылжымайтын мүлкі туралы тексеріс жүргізілмегенін айтқан.

Заң бойынша, қазақстандықтар шетелдегі жылжымайтын мүліктерін 270 салық есеп формасы арқылы көрсетіп отыруға міндетті. 270 формасын мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік мекеме және квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, бизнес иелері мен олардың жұбайлары толтырады.

250.00 форманы мемлекеттік қызметке үміткерлер мен олардың жұбайлары, қаржы нарығының ірі қатысушылары, шетелде активтері немесе компаниялардағы үлесі бар қазақстандықтар тапсырады.

Бұған дейін Қазақстан Бас прокуратурасының активтерді қайтару қызметі "қазақстандықтардың Дубайдағы 97 пәтері туралы" ақпаратты тексеруге негіз жоқ деп айтқан.

2024 жылы күзде Азаттық қазіргі және бұрынғы депутаттардың, құқық қорғау органдарының қазіргі және бұрынғы шенділерінің Дубайдағы мүлкі жайлы сериалы зерттеу жариялаған. Сол жылы бас прокуратура журналистердің "Дубайдағы Қазақстан" зерттеуі бойынша кімдер тексерілді?" деген сұрағына нақты жауап бере алмаған еді.

2022 жылы кемі 238 адам қаза тапқан Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев "Қазақстан байлығының жартысынан астамы 162 адамның қолында, ал Қазақстан халқының жартысының ай сайынғы кірісі 50 мың теңгеден аспайды" деп мәлімдеп, жағдайды дереу өзгерту қажеттігін айтқан еді.

Билік шетелге заңсыз шығып кеткен қаражатты елге қайтаруға уәде етіп, үкімет жанынан арнаулы комиссия жасақталған. Бас прокуратура жанынан Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитет құрылған.

2023 жылы жазда қабылданған "Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңға сәйкес, дүние-мүлікті заңсыз иеленген жеке немесе заңды тұлға өз активін ерікті түрде қайтарса, жауапқа тартылмайды. Олардың аты-жөні қоғамға ашық айтылмайды.

Содан бері өткен кезеңде билік өкілдері экс-президенттің отбасы мүшелері шетелге заңсыз шығарған активтер мемлекетке қайтарылып жатқанын анда-санда мәлімдеп келді.

Алайда сыншылар заңсыз жолмен алынған дүние-мүлікті мемлекетке қайтару науқаны ашық жүргізіліп жатқан жоқ деп санайды. Қабылданған заңға қоғамда күмәнмен қарайтындар да аз емес. Кей сарапшы заңның кем-кетігі көп, "ақша ұрлауға мүмкіндік қалдырады" деп сынға алған.