Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Конго Демократиялық Республикасындағы (КДР) және Угандадағы Эбола індетінің өршуін халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялады.
Дегенмен ДДҰ қазіргі жағдай пандемия деңгейіне жетпегенін айтып отыр.
Ұйым дерегінше, 16 мамырдағы жағдай бойынша, Конгоның шығысындағы Итури провинциясында зертханада тексеру қорытындысында расталған сегіз Эбола жағдайы, 246 күдікті науқас және 80 күдікті кісі өлімі тіркелген.
Угандада Конгодан барған екі расталған науқас анықталған, біреуі қайтыс болған.
Сондай-ақ, Конгода төрт медицина қызметкері "вирустық геморрагиялық қызба белгілерімен клиникалық жағдайда" қайтыс болғаны тіркелген. ДДҰ бұл дерек инфекция ауруханада таралуы мүмкін екенін және оны санитарлық бақылауда ұстауда проблема барын көрсетеді деп қауіптенеді.
Ұйым індеттің нақты ауқымы ресми көрсеткіштерден айтарлықтай көп болуы мүмкін екенін және аймақта одан әрі таралу қаупі жоғары болып қала беретінін ескертеді.
Қазіргі уақытта Эбола індетінің Bundibugyo штаммы таралып жатыр, оның Эбола-Заир штаммынан айырмашылығы сол, әзірге бұл штаммға қарсы бекітілген вакциналар немесе емдеу әдістері жоқ.
Бұл індет Конго Демократиялық Республикасында 1976 жылы Эбола вирусы алғаш рет анықталғаннан бері осымен 17-рет тіркеліп отыр.
"Шекарасыз дәрігерлер" гуманитарлық ұйымы "өте алаңдатарлық" жағдай қалыптасқанын айтып, оған қарсы кең ауқымды шараларға дайындық жариялады.
Африкалық ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры доктор Жан Касея "Ислам мемлекеті" террористік тобы қолдайтын жиһадшылар белсенді әрекет ететін Итуридегі тұрақсыз жағдай аса қауіпті індетті бақылау мен жедел іс-қимыл шараларына кедергі болып отырғанын мәлімдеді.
2021 жылдан бері Итури провинциясы әскери адамдардың басқаруында. Конго Демократиялық Республикасының билігі көп жыл бойы осы аймақта әрекет етіп келе жатқан ондаған қарулы топты осылайша ауыздықтап ұстауға тырысады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда Эбола вирусын жұқтыру немесе оның таралу оқиғасы тіркелген жоқ.