Конгода Эбола жұқтырған адам саны бес мыңға таяп қалды

Конгоның шығысындағы Буния қаласындағы Эбола індетінен қайтыс болғандарды жерлейтін орын. 18 маусым, 2026 жыл. REUTERS/Gradel Muyisa Mumbere.

Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын жұқтырғандар мен ауру салдарынан қайтыс болған адам саны бұрын-соңды болмаған қарқын алып бара жатыр. Кейінгі бір күнде 101 адамнан ауру белгісі анықталған. Инфекция жұқтырғандардың жалпы саны 4945 адамға жетті деп Reuters.

Мамандарды аурудың өлім-жітім деңгейінің күрт өсуі де алаңдатып отыр. Конго Қоғамдық денсаулық сақтау институтының мәліметінше, індет басталғалы бері елде 2325 адам көз жұмған. Бұл 2018-2020 жылдардағы көрсеткіштен көп, ол кезде Эбола індетінен 2299 адам қайтыс болған еді.

Үкімет деректеріне сәйкес, маусым айының басында ауру жұқтырғаны расталған науқастар арасындағы өлім көрсеткіші шамамен 20 пайыз болса, қазір ол 46 пайызға жеткен. Яғни ауру жұқтырған әрбір екі адамның бірі дерлік қайтыс болып жатыр.

Әйткенмен сарапшылар өлім-жітім көрсеткішінің өсуі вирус бұрынғыдан да қауіпті бола түсті дегенді білдірмейтінін айтады. Олардың пікірінше, негізгі мәселе – эпидемиологиялық бақылаудың әлсіздігінде, науқастарды дер кезінде анықтау мен медициналық көмекке қол жеткізудің қиындығында болып отыр.

Конгода "Шекарасыз дәрігерлер" ұйымынан барып жұмыс істеп жатқан қоғамдық денсаулық сақтау жөніндегі маманның айтуынша, көптеген науқастың ауру жұқтырғаны "тым кеш" болмаса қайтыс болғаннан кейін ғана анықталады.

Эбола – вирус арқылы тарайтын өте қауіпті жұқпалы ауру. Науқастың ыстығы көтеріліп, бойын әлсіздік басып, бұлшықеті ауырады, құсады, іші өтеді. Ауру асқынған кезде іші-сыртына қан кетеді. Індетпен күресте науқасты ерте анықтау, оқшаулау және дер кезінде медициналық көмек көрсету маңызды деп ескертеді дәрігерлер.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Конго мен Угандада Эбола дертіне байланысты төтенше жағдай қалыптасты