Комиссия: 77 бапқа түзету енгізілді, бұл – Конституция мәтінінің 84%-ы

Конституциялық реформа аясында ұсынылып жатқан түзетулер Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтиды. Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмаханов сәрсенбі күні конституциялық комиссияның отырысында осылай деп мәлімдеді.

“Ұсынылып отырған жаңартылған Конституция жобасында преамбула, 11 бөлім мен 104 бап бар. Екі жаңа бөлім қосылды –“Халық кеңесі” және “Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу”.Тағы төрт бөлімнің аты өзгертілді. Тұтастай алғанда өзгертулер мен толықтырулар Ата заңымыздың барлық бөлімін қамтыды, 77 бапқа түзету енгізіледі, бұл Конституцияның 84 пайызы” деді ол.

Оның сөзінше, құжатта “азаматтар мен саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылардың ұсыныстары” ескерілген.

Нұрмахановтың сөзінше, түзетулер Конституцияның тұтас "бет-бейнесін" өзгертіп, инстутиционалды және құрылымдық реформаларды одан әрі дамыту бойынша үлкен әлеуетке ие". Атап айтқанда, адамның Конституцияда жазған құқығы мен еркіндігін жүзеге асыру мен қорғау кепілдігі нығая түспек.

Бұған дейінгі конституциялық комиссияның отырысында бейбіт жиналыстар өткізу тәртібі, неке институты, адам құқықтарын қорғау, саяси партиялар мен кәсіподақтар қызметі, сондай-ақ президент өкілеттіктеріне қатысты бірқатар ұсыныс қаралған еді.

Ұсынылып отырған өзгертулер Конституцияны қазіргі заман талаптарына бейімдеуді, адам құқықтарын қорғауды күшейтуді және мемлекеттік басқару жүйесінің айқындығын арттыруды көздейді деп түсіндіреді комиссия мүшелері.

20 қаңтарда Қызылордадағы Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше саяси өзгерісті жариялаған. Елде бір палаталы парламентте 145 депутат болатынын, парламент партия тізімімен жасақталатынын мәлімдеген. Бұған қоса, елде вице-президент лауазымы пайда болатынын да айтқан. Ал Ұлттық құрылтай мен Қазақстан халқы ассамблеясы тарап, оның орнына 126 адамнан тұратын Халық кеңесі құрылады деген. Кейбір саясаттанушылар Халық кеңесі саяси күшке ие болатын органға айналады десе, кейбірі "саяси жүйеде үлкен өзгеріс болмайды" деп санайды.