Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына шабуылдан кейін Қазақстан желтоқсанның басында мұнай мен газ конденсатын өндіруді қараша айындағы орташа көрсеткіштен 6%-ға яғни, тәулігіне 1,9 миллион баррельге дейін азайтты. Бұл жөнінде жағдайдан хабары бар дереккөздің мәліметіне сүйеніп есептеген Reuters осылай деп жазды.
Қазақстанның энергетика министрлігінің баспасөз қызметі Reuters-тің желтоқсан айындағы мұнай өндірісі көлемі мен шикізатты әртараптандыру жоспарына қатысты сұрақтарына жауап бермеген.
Бұған дейін Қазақстан энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров Қазақстан мұнайы КҚК арқылы "шектеусіз" экспортталып жатқанын айтқан. Ал Қазақстан ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин Каспий құбыр консорциумының екінші айлақ құрылғысының (ВПУ-2) істемей қалуынан бюджетке айтарлықтай зиян келмейді деген.
Өткен аптада украиналық экипажсыз катерлер Новороссийскідегі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалына соққы жасағаннан кейін екінші айлақ құрылғысы істен шыққан. Осы құбыр арқылы мұнайының басым бөлігін халықаралық нарыққа шығаратын Қазақстан ізінше "мұнай тасымалдаудың балама бағыттарын" қарастырады деген.
Reuters дереккөзінің айтуынша, консорциум қараша ортасында бастаған үшінші айлақ қондырғысын жөндеуді аяқтап, экспорт көлемін тезірек қалпына келтіруге тырысып жатыр.
Қазақстан желтоқсан айында мұнайды түрлі балама бағыттар бойынша тасымалдамақ, алайда дереккөздердің айтуынша, теңізге шыға алмайтын Қазақстанның шикізатты тасымалдау мүмкіндігі шектеулі, себебі Ресейдің құбыр желісіне дрондардың соққысынан кейін салмақ түскен.
Қазақстан желтоқсан айында Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры арқылы 60 мың тоннаға артық мұнай айдамақ. Алайда бұл бағыт бойынша жеткізу көлемі Ақтау портындағы жүкті ауыстырып тиеу мүмкіндігі мен мұнай сапасына қатысты қойылатын талаптарға орай шектеліп отыр.
Қазақстан Атасу-Алашанькоу арқылы Қытайға айына 85.000-86.000 тонна мұнай тасымалдайды, бірақ Каспийдегі кеніштерден мұнай бұл бағыт бойынша тасымаланданбайды.
Қазақстан СІМ Новороссийскідегі КҚК инфрақұрылымына шабуылға байланысты өткен аптада Украинаға наразылық білдірді. Оған жауап берген Украина СІМ шабуыл Қазақстан немесе басқа үшінші елге бағытталмағанын, бар мақсаты басқыншының әрекетін тежеу екенін айтқан.
КҚК – Қазақстан мен Ресей және әлемдегі жетекші мұнай өндіруші компаниялар қатысатын аса ірі халықаралық жоба. Құбырдың ұзындығы 1,5 мың шақырым. КҚК негізінен Батыс Қазақстан мұнайы мен Ресей мұнайын тасымалдайды. Каспий құбыр консорциумының 24 пайызына — Ресей, 19 пайызына Қазақстан иелік етеді. Қалған ірілі-ұсақ акциялар Батыстың бірнеше ірі мұнай өндіруші компаниясына тиесілі.