Краматорскіде Ресейдің әуе шабуылынан үш адам қаза тапқан

Украинаның Краматорск қаласындағы соғыс салдарынан бүлінген мектеп ғимараты. 12 қазан, 2025 жыл.

Украинаның бас прокуратурасы жексенбі, 29 наурыз күні Донецк облысы Краматорск қаласында Ресей күштерінің әуе шабуылы салдарынан үш адам (біреуі – 13 жасар бала) қаза тапты деп хабарлады.

Шабуыл салдарынан 19 бен 84 жас аралығындағы алты бейбіт тұрғын жараланған.

Жексенбі күні Ресей күштері Краматорскімен көршілес Славянск қаласының орталығындағы қонақ үйге де әуеден шабуыл жасаған. Өрт шығып, бір адам зардап шеккен.

Николаев облысында сенбі күні ресейліктердің шабуылынан жараланған 13 жасар қыз ауруханада көз жұмды. Ол шабуылдан 10 адам жараланған.

Жексенбі күні Запорожье облысында Ресей күштерінің шабуылынан бір тұрғын қаза тауып, тағы бірнеше адам жараланғаны туралы хабар тарады.

Ресей әскері майдан шебіне жақын орналасқан Краматорск қаласын үнемі атқылайды. Қалада мыңдаған адам тұрып жатыр.