Кремльде Путин АҚШ президентінің уәкілімен кездесті

Стив Уиткофф және Джаред Кушнер.

Кремльде бейсенбі күні кешке Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнермен кездесті.

Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың сөзінше, тараптар Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің қатысуымен Абу Дабиде жұмыс тобының кездесуін өткізуге келіскен. Кездесу 23 қаңтарда өтуі керек. Ресей делегациясына адмирал Игорь Костюков жетекшілік етеді. Делегация құрамында тіке инвестиция қорының жетекшісі Кирилл Дмитриев де болады. Reuters-тің жазуынша, Ушаков жер мәселесі шешілмей тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес деп айтқан.

22 қаңтарда Швейцарияның Давос қаласындағы форум аясында “украиналық таңғы ас” шарасы кезінде Стив Уиткофф тараптар соғысты аяқтау туралы келісімге қол қоюға жақын қалғанын айтты. Трамптың арнайы уәкілінің сөзіне қарағанда, тек жер мәселесі шешілмегенге ұқсайды.

Владимир Путин бұған дейін Уиткофф және Кушнермен АҚШ-та бұғатталған ресейлік активтерді пайдалану мүмкіндігін, оның ішінде Украинадағы қақтығыстан зардап шеккен аумақты қалпына келтіруге жұмсау мәселесін талқылағысы келетінін айтқан.

Bloomberg өткен аптада Уиткофф пен Кушнер Путинмен кездесу кезінде АҚШ-тың Украина бойынша бейбітшілік жоспарын таныстыруға ынталы болып отырғанын жазған. Келіссөздің күн тәртібінде – АҚШ пен Еуропаның Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруі, сонымен бірге соғыстан кейін елді қалпына келтіру мәселесі тұр деп жазды ақпарат агенттігі.

Стив Уиткофф соңғы рет Мәскеуде 2 желтоқсанда болған, ол кезде Владимир Путинмен келіссөз бес сағатқа созылды. Уиткофф былтырдан бері Мәскеуге осымен жетінші рет келіп отыр.