Курск облысын минадан тазартқан саперлар Солтүстік Кореяға оралды. Оларды Ким Чен Ын қарсы алды

12 желтоқсан, 2025 жыл. Ким Чен Ын Курск облысынан оралған солтүстіккореялық сарбаздарды құшақтап тұр.

Ресейдің Курск облысын минадан тазартқан саперлар 12 желтоқсанда Солтүстік Кореяға оралды деп жазды Кореяның орталық телеграф агенттігі.

Пхеньянда әскерилерді салтанатты түрде Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын қарсы алды. Ол өз сөзінде саперлар Ресейдің Курск облысында әскери тапсырма орындағанын айтты.

"Командирден бастап, жауынгерге дейін күн сайын-дерлік рухани және физикалық жүктемелерге төтеп беріп, жаппай ерлік көрсетті. Сайып келгенде, орындалмайтын нәрсе орындалды: ең қысқа мерзімде — үш айдан аз уақыт ішінде — тіпті бірнеше жылда зарарсыздандырудың өзі қиын болған қауіпті аймақ қауіпсіз аймаққа айналды" деді Ким.

Солтүстік Корея басшысы "партияның әскери бұйрығын" орындау кезінде Корея ұлттық әскерінің 528-саперлік полкының 9 сарбазы қаза болғанын айтты. Ол "туған елі" полкті "Еркіндік және тәуелсіздік" орденімен марапаттайтынын жеткізді.

Солтүстік Корея Ресейге әскер жібергенін алғаш рет биыл сәуір айында растаған. Оңтүстік Корея барлау қызметінің мәліметінше, 2024 жылы тамызда Украина әскері Ресейдің Курск облысына басып кіргеннен кейін Пхеньян Ресейге шамамен 16 мың әскери қызметкерін жіберген. Украина әскері Курскіден кеткеннен кейін мыңы сол аумақты минадан тазартумен айналысқан. Reuters-тің жазуынша, Солтүстік Корея шайқаста 6 мың әскерінен айырылған.