Лайк баспағаны үшін "ескерту": Шымкентте жастар орталығынан дау шықты

Шымкент қалалық әкімдігі. Көрнекі сурет.

Шымкенттегі “Жастар ресурстық орталығының” бірнеше қызметкері интернетте белсенділік танытпаған – атап айтқанда, орталықтың желідегі парақшасына лайк баспаған қызметкерлерге басшылық қысым жасап, жазбаша және ауызша ескерту жасалып жатқанын хабарлады. Бұл жөнінде ақпаратты журналист Азат Дидарбек жазды.

“Жастар орталығы қаламыздың жастар мәселесін шешеді дегенге сеніңкіремейтін едік, енді лайк басқан-баспаған қызметкерлерін тізіп, тексеріп, өздері хатта жазғандай тырнақша ішіндегі “ескерту” жасап, жұмыс жасауына кедергі келтіріп жүрсе, оңбайды.. Бүгін (16 сәуір – ред.) осындай қысым көре берген орталық қызметкерінің мазасы қашып, құлап қалып, жедел-жәрдем шақырып, алғашқы медициналық көмекке жүгінуіне тура келді!” деп жазып, жергілікті әкімдіктерді белгілеп, осы мәселеге назар аударуды сұраған.

Азаттық 17 сәуірде аталған орталыққа хабарласқан кезде бір қызметкер телефон көтергенмен сол сәтте байланыс үзілді. Кейін тілші тағы бірнеше рет хабарласып көргенмен ешкім тұтқаны көтерген жоқ.

Qaz365.kz сайты Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істер жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлованың сөзінен түсініктеме келтірді.

“Мен жағдайдың алғашқы жариялануынан бастап хабардармын. Өзіме жұмыс жоспарын белгіледім. Жағдай бойынша шешім әділетті және обьективті түрде қабылданады” деді ол басылымға.

Ресми ақпаратқа қарағанда, жастар ресурстық орталығы – "жастар ұйымдарының қызметіне қолдау көрсететін ұйым". Бүкіл ел аумағында осындай 231 орталық бар деп айтылады.